Бапи Бас прокурор мен ҚМДБ-ға «жалған діни авторитеттер» туралы жүгінді
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асылов пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына «жалған діни авторитеттер» мәселесі бойынша жүгінді.
Оның айтуынша, бұл мәселе жеке адамдардың ісі болып көрінгенімен, шын мәнінде қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіріп, ұлттық мәдени бірегейлік пен ақпараттық қауіпсіздікке зиян келтіреді.
«Діни сала сияқты нәзік тақырыпты пайдаланып, интернетте адамдардың санасын манипуляциялайтын псевдодіни тұлғалар көбейіп барады. Мұндай қарабайыр уағызшылар ұлттық негізімізді әлсіретіп, қоғам мен мемлекеттің іргесін шайқалтады», - деді депутат.
Ол соңғы аптада бірнеше резонансты жағдай болғанын еске салды. Соның бірі — өзін «имам» ретінде таныстырған адамның үш әйелі барын айтып, бірін шәкіртіне «сыйлағанын» мәлімдеуі.
«Бұл тек әдепсіз әрекет емес, неке туралы заңнаманы өрескел бұзу, дәстүрлі ислам құндылықтарын қорлау және саналы түрде қоғамды іріткіге салу. Адамды “сыйлау” - бұл адам саудасының белгісі және қылмыс ретінде қаралуы тиіс», - деді Бапи.
Ол мұндай әрекеттерге барған адамдар жауапкершілікке тартылуы керегін атап өтті.
Депутат сондай-ақ журналист Жанар Байсемізованың бұл жағдайды подкастта жариялауын сынға алып, оны «хайп қуалау» және журналистік этиканы бұзу деп бағалады.