Бапи, Шораев, Зайытов не сіңіп кетеді, не сынып кетеді
Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Аманаттың» атынан мәжіліске баруға бағын сынап отырған Ринат Зайытов туралы жазғанбыз.
Арада апта өтпей жатып ақын әлеуметтік желіде сұхбат беріпті. Әңгіменің ұзын-ырғасы «Жас Алашта» жазылған сынға қайтарылған жауапқа ұқсайды. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды». Зайытов халықтың сынына шыдас беруі керек. Онсыз саясаткер бола ма? Өзін саясаткер санаған адамның артынан сыпсың сөз ереді, содан кейін жүрген-тұрғанын есепке алып отырады халық. Бұл қалыпты жағдай.
Бір жағынан жұрттың Ринатқа айтқан сыны – жанашырлықтан туған орынды пікір. Ертең сынып кетпеу үшін айтыскер ақын ауыр сындарды бүгін естіп, еті үйренуі керек. Екіншіден, Ринаттың өзі сынап-мінеп, өлеңіне қосып жүрген партияға өтіп кеткені үшін жазғырды жұрт. Ал қара басына бұл қазақтың құрметі бөлек! Үшіншіден, бұл сынның бәрі ақынды ширату. Жұмсақ креслоға барудың алдында азаматты қайрап, намысын жану деп түсіну керек.
Жасыратыны жоқ, партиялардың атынан түсіп жатқандар болсын, жеке шапқалы отырған жүйріктер болсын – Мәжіліске баратын 98 депутаттың ішінде Ринаттың бәсі де, мысы да басым. Ол біріншіден, халықтың ішінен шыққан қарапайым азамат. Екіншіден, айтыскер ақын. Бұра тартса, ақын деген атына сын. Оның бәрін іштей сезінетін шығар. Бұл оған берілген әрі саяси, әрі карьералық сынақ.
Сынақ демекші, Зайытов әлеуметтік желідегі сұхбатында «Айтқыш болсаң, кел. Мәжілісті ішінен өзгерт!» деді. Бұл маған берілген сынақ» дегендей ой айтады. Онысы да дұрыс! Біз көп жағдайда сыртта отырып алып билікті сынауға мықтымыз. Ал биліктің ішіне кіріп, әділетсіздікпен бетпе-бет күресу екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Не сол жақтағы мінезсіз, жағымпаз көп шуылдақтың ішінде жүріп сіңіп кетеді, не тіл табыса алмай сынып кетеді. Ринатта осы екі жолдың бірі ғана бар. Ақынды саяси додаға шақырған ағайлар оның «әуселесін» көрейік деген болу керек! Ендігісі азаматтың өзіне байланысты.
Үміткерлердің арасында Зайытовтан басқа салмағы басым Ермұрат Бапи мен Арман Шораев бар. 1998 жылдан бері билікпен бітіспей, өзінің саяси ұстанымын өзгертпей келе жатқан Ермұраттың – қай үміткерден де тұлғасы биік, ұстыны жоғары. 25 жылдан бері ДАТ-пен Назарбаев құрған жүйеге дат айтып келе жатқан саясаткердің дер шағы қазір. Ендігі қайраткерлігін мәжілістің мінберінде көрсетуі керек. Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан екені анық болса, Бапиға заң шығарушы орыннан бір мандат ұсынып, Ермұраттың да «әуселесін» бағып көрген артық етпейді. «Сыртта отырып сынағанша, ішінен өзгерт!» дегенді билік Бапиға да қаратып айтқан болуы мүмкін. Егер саясаткердің өзгеріс жасауға шамасы келмесе, биліктің «онда өкпең жоқ, мүмкіндік бердік» деп ақталғандарына да уәж керек қой.
Арман Шораев та – халыққа ұнамды азаматтың бірі. Билік Шораевтан қорықпауы керек. Неге? Өйткені Арман Ақорда үшін соншалық бітіспес дұшпан емес. Арман бар болғаны антиресейшіл азамат. Қазақстан билігіне сондай бір саясаткер керек. Қашанғы Мәскеудің қоқан-лоққысына шыдап, бас шұлғи бермекпіз. Қазақстанның Ресейге қатысты пікірін Шораев сияқты орыс әлемін тілімен ғана емес, ділімен түсінетін саясаткерлер қажет! Осы қисындарға сүйенсек, Шораевтың да мәжілістен орын алуы бек мүмкін.
Әгәрәки, біз атаған Ермұрат Бапи, Арман Шораев, Ринат Зайытовтар мәжіліске өтіп жатса, онда заң шығарушы биліктің келесі құрылымынан көп үміт күтуге болады. Шерағаңдар қайта тіріліп келмесе де, дені дұрыс мәжіліс құрылатыны анық. Билікке сатылды деп айыптасақ та, Зайытов шыққан тегін ұмытуға хақы жоқ. Ал Бапи депутаттың бірер миллион теңге айлығына алданатын саясаткердің санатынан емес. Шораев болса, екібастан қалталы кәсіпкер. Оған мәжілістің айлығы да, биліктің сөлкебайларының да құны көк тиын. Қысқасы, ошақтың үш бұтындай осы азаматтардың мәжіліске барғанынан ұтпасақ, ұтылмаймыз!