БАҚ – бұл мемлекеттік иделогиялық қаруы
Отандық БАҚ-ты дамытудың кезек күттірмейтін шаруа екенін Ресей мен Украина қақтығысынан анық аңғарып отырмыз.
Өйткені, бұл шайқасты, ең алдымен ақпараттық соғыс бастап кеткен болатын. Төрткүл дүние Ресей мен Украинадағы жағдайды сол елдердің таратқан ақпараттарына қарап біліп, бағалап отырды. Соғыс басталған тұста Украина баспасөзі өте белсенді жұмыс жасады. Мәселен, соғыстың бірінші күні-ақ Зелинский сағат сайын тікелей эфирге шығып, қақтығыстың қалай өрбіп жатқанын хабарлап отырды. Одан кейін қолға түскен тұтқындарды сөйлетіп, ата-анасына хабарласып, балаларының жағдайын әлемдік БАҚ-қа өз уақытында жедел таратты. Қазір қираған қалаларды, соғыс зардабын сағат сайын таратып жатыр. Бұл жағынан Украина жедел жұмыс жасауда. Ресейге соғыстың алғашқы күндері кибершабуылдар жасалып, орыс армиясы туралы ешқандай ақпарат болмай қалды. Соңғы екі-үш күннен бері олар да ақпараттық шайқасты қатар алып жүруде. Киев қолданған ақпараттық шайқасты Мәскеу де жасауда.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз?
ХХІ ғасыр ақпараттық соғыс ғасыры. Мейлі оны біреу жоққа шығарар, мейлі құптар, бірақ анығы сол. Ақпараттық майданда қай елдің баспасөзі мықты, сол ел жеңіске жетеді. Қазақстан үкіметі де отандық баспасөзді дамыту үшін соңғы бірнеше жылда өнімді жұмыс жасап келе жатыр. Мәселен, «Ақпаратты Қазақстан-2020», «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары соның дәлелі. Аталған бағдарламалар аясында үкімет біраз шаруаның басын қайтарды. Оның бәрі уақытында айтылып жазылды.
БАҚ – бұл мемлекеттік иделогиялық қаруы. Оған баспасөздің мүмкіндігі жеткілікті. Бұрын мемлекеттік идеялогияны газет-журнал мен бірді-екілі ғана радио мен телеарна жасайтын. Қазіргі отандық баспасөздің идеялогиялық мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда ауқымды. Мәселен, қазір сайттар мен әлеуметтік желілер телеарналардан кем қызмет етпейді. Кейбір сайттардың бірнеше миллионлық тұрақты оқырмандары бар. Әлеуметтік желі де солай. Тіпті, фейсбук пен инстаграм сияқты жалпы қоғамға арналған әлеуметтік желілердегі топтарда бірнеше жүз мыңнан бірнеше миллионға дейін оқырмандары бар. Әлеуметтік желінің бұрынғы дәстүрлі баспасөзден көп артықшылығы бар. Яғни жедел кері байланыс жасай беруге болады. Оқырмандар ақпаратты оқып отырып, өз пікірін жаза алады. Мемлекет өз идеялогиясын жүргізу үшін әлеуметтік желіні де пайдаланса, одан ешкім ұтылмас еді.
Отандық БАҚ-ты дамытуда ескеретін тағы бір жайт: шетелдік баспасөздің пропагандасына қарсы тұру. Мемлекет үшін де, қоғам үшін де бұл өте маңызды. Жасыратыны жоқ, осы күнге дейін Қазақстанға қаратылған Ресей пропагандасына қарсы тұрарлық иммунитет бізде болды ма? Бұл үлкен сауал. Әлі күнге дейін бұл сауал өзектілігін жойған жоқ. Ақпараттық саясат бір адамды ғана мадақтауға, бір адамның ғана еңбегін жарнамалауға арналмауы керек. Ақпараттық саясат мемлекеттің дамуы үшін қызмет етуі керек! Дамыған және дамушы елдердің көбінде солай.
Отандық баспасөзді қолдау деген мемлекет БАҚ-қа ақша берген соң, екі тізгін бір шылбырды қолға алу деген сөз емес. БАҚ-тың өзінің бостандығы, ақпарат тарату ауқымдылығы болуы керек. Сонда ғана баспасөз бен билік бірбүтін ұғым шеңберінде қызмет қылатын болады. Билік қазақ тілді медияға көңіл бөлетін, қазақ тілді контенттерге өріс ашатын уақыт жетті. Өйткені, қазақ тілді аудитория саны мен сапасы жағынан қазір қажеттілік тудырып отыр. Оны қоғам тамырын басып отырған әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар, идеологтардың бәрі мойындауы керек.
Жаңа Қазақстанды құрудың бір тармағы отандық БАҚ-ты шынайы қолдау. Отыз жыл бойы қазақ тілді баспасөздің тынысы тарылып келгенін ешкім жоққа шығармайды. Енді сол кемдіктің орны толатын, қазақ баспасөзіне мемлекет көңіл бөлетін, ал қазақ тілді БАҚ мемлекет дамуы үшін: экономиканың артып, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне өз үлесін қосатын кез келді.