БАҚ: заңға өзгеріс керек пе?
Мемлекет басшысы биылғы жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру керек екенін айтқан болатын.
«Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының елімізде, әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты өз көзқарасы болу керек. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты», деген еді.
Алайда, отандық БАҚ қаншалықты деңгейде тәуелсіз деген сұрақ бар. Бұл жөнінде «Дат» газетінің бас редакторы Ермұрат Бапи саясат түзелмей, әзірге, БАҚ-тың бостандық алуы қиын екенін айтады.
«Биліктің байлауындағы БАҚ үшін шынайы тәуелсіз болу жуық маңда мүмкін емес. Жылдар бойы қасаттанып сіңіп қалған жалтақойлық бір демде жойылмайды. Оның үсіне, биліктің тікелей өзіне қатысты тақырыптар біржақты мақтау тенденциясынан аспайды. «Ақысы төленген тапсырыстың қарымы қайтуы қажет», деген тендерлік тәртіптен билік те, биліктің ауласындағы БАҚ-та сытылып шыға алмайды. Әрине, жекелеген журналистер «жауын-жауынның арасынан» су болмай, өтудің амалымен тәуелсіз болудың амалын жасап жүргенін білеміз. Бірақ саясаттан саңылау іздеп, жазудың жандармен әрекетін толық мәндегі тәуелсіздік деп айтуға келмейді. Ең бастысы – саяси жүйенің өзінде либерализм болмайынша, баспасөздің өзі жеке дара тәуелсіз болып кете алмайды. Сөз бостандығы мен елдегі саяси жүйе – егіз ұғым. Саясатта жылымық орнамай, БАҚ-та бостандық болады деу – бос далбаса!» — дейді бас редактор.
«Сондай-ақ отандық медиа саласын дамыту не үшін қажет?» дегенге: «Медиа саласын дамыту үшін, оған айрықша қамқорлық жасау қажет емес! БАҚ мемлекеттік тапсырысқа тәуелді болмай, бәсекелес ортаға жіберілгенде, медиа өз-өзінен даму жолына түседі. Яғни, оқырман, тыңдарман және көрермен үшін күрес басталады. Міне, басты критерий – осы. Барлық медиа үшін осындай тең жағдай қалыптасқан кезде, БАҚ-тың бағы ашылады: Сұранысқа ие болғаны – жан бағып кетеді, тұтынушының талабына сай келмегені – жабылып тынады. Сұраныстағы медиа жарнаманың нарық теңізінде еркін жүзіп, сұраныстан тыс қалғаны – тұншығып өледі», дейді «Даттың» «бас оқырманы» Ермұрат Бапи.
Мемлекет басшысы Жолдауында БАҚ жұмысының аясын кеңейту үшін БАҚ туралы заңды қайта қарау керектігін де мәлімдеген еді. Осы орайда, француз жазушысы Оноре де Бальзак айтпақшы, «Төртінші билік» үшін қазіргі таңда заңға қандай өзгеріс қажет? деген сұрақ та ойлантады. Президент жолдауы біріншіден, ақпарат өкілдері үшін мүмкіндік те секілді. Себебі төртінші билік өкілдері баспанаға қатысты мемлекеттік бағдарламалардың барлығынан тыс қалған. Осы орайда, журналист, саясаткер Әміржан Қосанов журналист қауымының әлеуметтік жағынан қорғалуы туралы да ойлану керек екендігі жөнінде пікір білдіре отырып, журналистердің арасында қалталы да қуатты құрылтайшылары бар төрт құбыласы түгел, жалақысы да, қаламақысы да жаман емес, медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелген, үй де алуға мүмкіндігі мол әріптестердің бар екенін, бірақ та басқа, соның ішінде, мемлекеттік емес БАҚ-та жұмыс істейтін журналистер ондай өркениеттік игіліктерге қол жеткізе алмай отырғандығын айта келе, осының бәрін заңдық негізде шешіп алу да керек дейді.
Бірақ журналистердің арасында БАҚ-қа арнайы заң қажет емес дейтіндер де табылады. Осыған қатысты журналист Ермұрат Бапи: «Егер батыстық-демократиялық даму параметрімен қарайтын болсақ, БАҚ туралы заң түкке қажет емес. Медиа – Мемлекет – Тұтынушы үштігі арасындағы қарым-қатынасты Азаматтық Кодекс арқылы реттеуге әбден болады. Ал транзиттік даму жолындағы Қазақстан сияқты ел үшін мұндай заң ауадай қажет дейтін болсақ, ол заңның лейтмотиві тыйым салуға емес, қоғам-мемлекет-медиа тізбегіндегі тиісті қарым-қатынастардың юрисдикциясын реттеуге ғана арналуы тиіс», деген пікір білдірді. Ал саясаткер Әміржан Қосанов болса, БАҚ-қа арнайы заң қажеті жоқтығын, қажет болған жағдайда, билік өзі ұсынғалы отырған заңнамалық өзгерістерді журналистік қауыммен, бүкіл қоғаммен кеңесе отырып, қабылдауы керек екендігін айтады. Мәселен, оның пікірінше, «Сөз бостандығына тікелей қатысты конституциялық нормалар бар. Солар жеткілікті деп ойлаймын. Өйткені ел Тәуелсіздігі, жер тұтастығы, балалардың құқы секілді маңызды талаптар сонда айтылып қойған. Соны бұлжытпай орындау керек. Сондықтан артық қыламыз деп, тыртық қылып, саяси ахуалға байланысты БАҚ туралы заңнамаға өзгерістерді ретсіз тықпалай берудің керегі жоқ. Ағымдағы заңдарға өзгерістер енгіземіз деген билік тарапынан болып жатқан бұлдыр-бұлдыр бастамалар БАҚ жүйесін одан сайын реттеу сылтауымен, шын мәнінде, пікір алуандығын шектеуге әкелетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Және де, меніңше, бұл жолғы өзгерістер ресми және бейресми БАҚ жүйесінен гөрі, соңғы кезде ерекше танымал болып кеткен әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қарсы бағытталатын сияқты. Олар билікке, оның жүргізіп отырған саясатына ашық та ащы сын айтады. Ауыл-аймақ пен орталықтағы коррупция фактілері келтіріледі. Билік содан қорқып отыр. Түйткілді шешудің бір ғана жолы бар. Ол мынада: билік өзі ұсынғалы отырған заңнамалық өзгерістерді журналистік қауыммен, бүкіл қоғаммен кеңесіп отырып, қабылдауы керек. Әйтпесе, өз орталарында отырып алып, тиісті саяси шешім қабылдаса, арты қиын болуы мүмкін!
БАҚ, шын мәнінде, тәуелсіз болуы қиын мәселе. Өйткені құрылтайшыларының (ол билік болсын, жеке тұлғалар не кландар болсын) өз көзқарасы болады емес пе? Тіпті, редакцияның өзі құрылтайшы болғанның өзінде, редактордың өз жеке ұстанымы болады. Ол болса, кейде сөз бостандығына өз әсерін тигізуі мүмкін», – дейді ойын тұжырымдаған саясаткер, журналист.