Бақпасаң мал кетер...
Қазақтың «Бақпасаң мал кетер...» деген сөзі бүгінде өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, мәні енді арта түскендей.
Дәл соның бір мысалы – жуырда ғана Солтүстік Қазақстан облысында үш үйір жылқы суға кетті.
Оқиға Айыртау ауданына қарасты Әлжан ауылының маңында болған. Айдын күннің аманында 107 жылқы мұз астына кеткен. Ауыл тұрғындарының айтуынша мал 27 қараша күні тебінде жүрген жерінен жоғалған. Жан-жаққа сұрау салып, іздеуге шыққандар тек бірнеше тәуліктен кейін ғана Барши көлінен тапты. Адамдар жеткенде жылқының көбі өліп қалған еді, тірілерін алып шығу мүмкін болмады. Мұз жұқа болғасын техника өте алмады. Амалсыздан, дұрыстап қатқанын күтіп отыр. Енді, «арам өлген адал малдың» өлексесін алып шықпақ.
Барлық жылқы Әлжан ауылының 45 тұрғынына тиесілі. Әзірге шығын көлемі есептелген жоқ. Алдын ала болжам бойынша жылқышы малды қараусыз қалдырған, соның кесірінен шөлдеген жануарлар көлдің үстіне шығып кеткен. Орта тұсы қатып үлгермегендіктен, малдың салмағын көтере алмай опырылып кеткен.
Малына қарамай опық жегендері бір басқа да, өзгенің малының кесірінен апатқа ұшырағандар да аз емес. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында орман-тоғайлар көп болғандықтан, жолда қауіп көп. Өйткені кез келген уақытта жабайы аң атып шығып, апатқа ұшыратуы мүмкін. Ондай оқиғаның да биыл талайы болды. Адам өлмегенімен, талай көлік қирады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін, қауіпті деген жерлерге жылқының макеті қойылады. Бұл жүргізушілерді ескертудің тиімді амалы дейді полицейлер. Ал жауапсыз мал иелері мен бақташыларды да тәртіпке салудың амалы табылды. Облыста малға арналған «айып тұрақтары» жұмыс істейді. Яғни қараусыз жүрген мал көрсе, полицейлер арнайы қоршауға қамап тастайды да, иесі келіп, айыппұл төлегесін бір-ақ босатады.
Онсыз тағы болмайды дейді тәртіп сақшылары. Жуырда дәл осы Айыртау ауданында бір мезгілде екі бірдей көлікті жолда мал соғып кеткен. Кешке таман Лавровка ауылына бұрылыста Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның 32 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан Lada Vesta және 56 жастағы қостанайлық жүргізіп келе жатқан Fiat Ducato автокөліктерінің алдынан бірнеше жылқы атып шыққан. Бір-біріне қарсы бағытта келе жатқан екі көлік те тоқтап үлгермеген, абырой болғанда бір-біріне соғылмаған. Әйтеуір бірнеше жылқыны жанай соғып, аман қалған екен. Көліктерге механикалық зақым келді, ал жылқылар шапқан күйі тоқтамай, ашық далаға кетіп қалған.
— Учаскелік полиция инспекторларымен Ақмола облысының бақташысы анықталды. Ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бұдан бөлек, онымен профилактикалық сипатта әңгіме жүргізілді. 11 айда ауданда малдарының қаңғып жүргені үшін 481 адам жауапкершілік арқалады. Естеріңізге сала кетейін, қаңғыбас жануарлар мал ұрыларын қызықтырып қана қоймай, салдары ауыр болатын жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін. Еркін жайылымға жол бермеу бойынша жұмыстар ұдайы негізде жүргізіліп тұрады», – дейді Айыртау аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Тұрлыбек Жамалиденов.
Жалпы жыл басынан бері солтүстік Қазақстан облысында малын қараусыз қалдырған 4120 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.