Бақсы жақтастары ФСБ қысымынан соң "Кремльге жорығын" тоқтатқанын хабарлады

26.09.2019, 02:00

4

Саха бақсысы Александр Габышев ұсталғаннан кейін оның «Кремльге жорығын» жалғастырмақ болған жақтастары 25 қыркүйекте отрядты таратып, сапарды аяқтауға мәжбүр болғанын хабарлады. Бұл ақпаратты Сибирь.Реалии сайтына отряд мүшелерінің бірі Виктор Егоров айтты.

Оның айтуынша, 24 қыркүйекте кешке бақсы жақтастарының лагеріне штаттық киім киген бір топ адам келіп, бірнеше адамды полиция бөлімшесіне алып кеткен. Ол жақта «егер отряд таратылмаса, оларға терроризм бойынша айып тағылатынын» ескерткен. Бұған қоса, лагерьді штурммен басып алатынын жеткізген.

Ақырында бақсы жақтастары топты таратып, жорықты тоқтату туралы шешім қабылдаған. Алайда Егоровтың айтуынша, ресми орындар отрядты Габышевтің өзі таратты деп хабарлама таратқан.

Ақпарат бойынша, 24 қыркүйекте полиция «жол ережесін бұзды» деген айыппен отрядтың алты мүшесін ұстаған. Оның алдында полиция Иркутскіде «төбелеске байланысты» төрт отряд мүшесін бөлімшеге апарған.

Александр Габышев наурыз айында «Путинді аластау үшін» Мәскеуге жаяу-жалпылап жолға шыққан еді. Оны полиция Бурятия мен Иркутскі облысының шекарасы маңында 19 қыркүйекте ұстады.

20 қыркүйекте таңертең Якутск қаласына әкеліп, кейіннен психиатриялық сараптамаға жіберген. Оның үстінен «экстремизм» бойынша қылмыстық іс қозғап, елден кетпеу туралы қолхат алған. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған дейін Габышевтің ұсталуына «Кремльдің еш қатысы жоғын» айтқан.

Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы саха бақсысын «ар-ұждан тұтқыны» деп атап, оны босатуды талап етті. Ұйымның Мәскеудегі өкілдігі биліктің реакциясын «абсурд» деп атап, кез келген азамат сияқты Габышевтің де саяси көзқарасын айтып, діни рәсімдер жүргізуге құқығы бар екенін жеткізген.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Жарты мүшелі жан жұртқа жігер беріп отыр (видео)
    29.09.2020, 10:22
  • Ар сатылды, кен шашылды
    29.09.2020, 09:55
  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16