Бақтияр АЙТАЛЫ. Серуен

19.11.2018, 22:26

5

СЕРУЕНәңгіме[caption id=«attachment_19819» align=«alignnone» width=«300»]Автор Б.АЙТАЛЫ[/caption]Қым-қуыт тіршіліктің мехнаты көп болса да, сыңарсыз солғын өмірге тісін тістеп көндіккен Жанардың жолдасы Асанды көрмегелі табаны күректей 12 жыл болды. Сонау бір жылы  шетелге іссапармен кетіп оралмады. Әкесін іздеп аңыраған жалғыз ұлдың аянышты даусы талайға дейін бейбақ ананың көкірегін қарс айырған.Артур алты жасында әкесімен бірге үй іргесіндегі саябақта жиі серуендеп жүретін. Осы бақтың орта тұсында тіреуішке ақ парақ іліп, тапжылмай отыратын қаба сақал суретші шалға протретін салғызып шаттанатын еді. Бала күнгі бақытты сәтінің ерекше есте қалған ізі осы. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған кезінде  әкесі оған  іссапардан қайтқанда қымбат сөмке сыйлыққа алып келуге уәде берген еді. Артур сол сыйлықты ұзақ күтті. Есейе келе сөмкеден күдер үзіп, сағынышқа айналған әкесімен қауышуды ғана көкседі. Әкенің асқақ бейнесі біртіндеп елеске айналды. Бала көңілінде ойсырап қалған әкесін іздеп, анасынан бір медет сұрағандай «Әкем қашан келедіні» қайталай берген баланың өксік үні Жанардың қайғысын еселей түскен. Абдыраған ана дәрменсіз. Баласын бауырға басып, қосылып жылап шер тарқататын еді. Құзырлы мекемелердың табалдырығын тоздырып, іздеу салдырып, еш хабар болмаған соң, не өліге, не тіріге балай алмай азаптанды. Көзі мөлтілдеген жалғыз ұлдың әкеге деген зарлы сағынышы –  көкірегіне қыжылдай түйіншектелген.                                                 ***      Тағдырдың мұндай ащы сыйына тап боламын деп ойламаған Жанар көп ұзамай-ақ базар жағалап, асхананың ыдысын жуып, еденін сүртіп  күнкөрістің қамына кірісуге мәжбүр болды. Бірер жылдан соң бұл тіршілікке де еті үйреніп кетті. Әуелгідей жолдасын уайымдап, түндерде мазасызданып дөңбекшуден сейілгендей болды.        Артур бесінші сыныпқа көшкен шағында өткен күннің ауыртпалығын біржола ұмытқандай жүруші еді. Кейде сыныптастарымен ойнап жүріп, арасында әкелері туралы мақтаныш сөздер айтылатын. Сол сәттерде Артур ортақ әңгімеден сытылып шығып, бойын алып қашады. Бір демалыс күні  үйдегі телефонға бейтаныс бір ер кісі  қоңырау шалды. Жанар үйде жоқ. Артур «Алло», деп бозбала дауысымен саңқ ете қалды. Тұтқаның арғы жағында Арман болған Асан әкесі. Асан сәл бөгеліп: «Артур, Балам, бұл сен ба?  Қалың қалай?  Мамаң қайда? Мен ғой әкең», — деп дауысы дірілдеп, мейірлене тіл қатты. Қабырғада ілініп тұрған Әке мен бала портретіне қадалып қараған Артур, сенімсіздеу үнмен: «Әке...» — деп айтты да біраз үнсіз тұрып, көзін қысқылап кемсеңдеп жылады. Бетінен сырғанаған ыстық жасын алақанымен қайтарып алды. Әңгіме ұзаққа созылмады. Соңында екеуі кешке Жанар келгенде тағы сөйлесеміз деп сөз басласты. Кешқұрым Жанар келгенде есікке  жүгіріп барған Артур  анасының  мойнына асыла түсіп, әкесімен сөйлескенін айтып, бірде күліп, бірде  жыламсырап баяндап жатыр. Жанар да оны естіп, отыра кетіп: «Иә, балам Әкең не айтты? Қашан келемін дейді? Аман ба өзі? Қайда жүр екен? Телефон номерін айтты ма?» — деп сұрақты жаудыртып жатыр. Аяқасты хабарласқан отағасының қоңырауы үй ішін толықтырғандай, ана мен баланың үзіліп бара жатқан үмітін қайта жалғап әкетті. Төрт жылдан кейінгі алғашқы қоңырауы осы болатын. Екеуі тағатсызданып қайтара соғылатын қоңырауды күтіп, телефонның қасынан бір адым кетер емес. Бірақ Асан хабарласпады. Талықсып, қалғып отырып көңілсіз кейіппен ұйқыға кеткен екеуін таң бозынан шырылдаған телефон үні сүйінші сұрап келген кісідей кіреберіске қарай жүгіртті. Хабарласқан әкесі. Әуелгіде ынтызарлықпен кемсеңдеп сөйлескен Жанар арасында жылап, сөйлеуге мұршасы келмей қалды. Асан да ерекше сағынышпен сөйлескендей-ақ. Бірақ қашан үйге келерін кесіп айтпады. Жиі хабарласып, көмектесіп тұратынын айта берді. Осы жылы бұлар бір-екі мәрте хабар алысты. Кейде Жанардың есеп-шотына ақша аударып та жүретін. Өзі туралы мардымды ештеңе айтпайды. Неге келмейтінін түсіндіруден именетін сияқты. Келе-келе арадағы байланыс та сиреп барып, үзілді. Одан кейінгі зуылдап өткен жеті жыл Асанды аңсауды тағы да ұмыттырған.                                                            ***     Таңға жуық жауған жаңбырдан кейінгі қаланың тынысы сергек. Тау жақтан ескен  болмашы ғана салқын жел ағаш діңін теңселтуге қауқарсыз, тек жапырақтарды ғана жалпылдатып барып, зәулім үйлердің қойнауына сіңіп жоғалады. Саябақтың қасындағы тоғыз қабатты бозғылт үйдің шатырына шығатын темір баспалдақ сырланғаннан кейін төбеге шығар  қақпағы бекітілмеген-ді. Артур біраз уақыттан бері таң атысымен осы қақпақты қайырып жіберіп, шатыр үстіне шығып төңіректі телефонымен суретке түсіруге әуестенген. Жан досы Рако шатырға шыға алмайды. Артур өрмелеп бара жатқанда қызыға қарап қалып, қайта түскенше сол орнында күтіп тұра беретін. Екі достың әр күні қайталанып отыратын тіршілігінің басы – анасы ерте тұрып, жұмысқа кетерде әзірлеп қойған таңғы асты бір шұқи сала тысқа шығу. Саябақтың күншығыс жағындағы үлкен өзенді бойлап серуенге  шығатын.         Аракідік қаланы басына көтеріп шұрқырай жөнелетін жедел жәрдемнің дабылы естілетіні  болмаса, қала тыныш. Бір қалыпты бәсең шуыл. Екеуі үйренген әдетінше сыртқа шығып, үй артындағы саябаққа кірер жолмен тауға қарай тартты. Бұл Артурдың қалауы. Рако байғұс серуенге құлқы болмаса да шығуға мәжбүр. Бүгін де қабағы түсіңкі. Шықпасына болмайтын Артурдың  қырсық мінезі бәрібір дедектетері анық. Осыны сезгендіктен ештеңе айтпастан ілесе кеткен.      Бақтың орта тұсына жеткенше жан-жағына жалтақтай қарап келе жатқан Раконың кібіртік жүрісіне қаны қарайған Артур «Е-еей, жүрші, әркімге жыбырламай», — деп зекіп жіберді. Рако селк ете қалып, Артурдың бетіне бажайланып қарады да, лезде мән бермеген сыңай танытты. Адам баласына күлімдеп қарамайтын Раконың мінезі тұйық. Бірақ өте аңғарымпаз. Көбіне іштен тынып қалғыш. Дәл осы жерде жазықсыз ұрыс естіп келе жатыр. Өткен-кеткенге сұқтанып қарау үйреншікті әдеті. Жан жолдасының титығына тиердей дәнеңе айтқан емес. Тек мүлгіп тыңдай береді. Әйтеуір осы Артурдың алдында өзін тым кінәмшіл сезіне ме, басын төмен салбырата береді. Балалық шағы Артурмен бірге өткендіктен болар, оның қасында пейілі кіші. Әйтпесе Раконың да бір кісіге жетерлік долы мінезі баршылық. Өзге біреу дәл осылай дауыс көтерсе, тіпті ала көзбен қарап қойса, арқырап шыға келетін. Үйден алыстап шықпағандықтан болар, бейтаныс кісі көрсе қаны қарайып шыға келеді. Егесіп, титығына тиген сәтте үлкен бе, кіші ме санаспайды. Тап беріп жармаса кететін шарт мінезді. Ал, Артур оны талай мәрте балағаттап жіберген кезі де болды, бірақ адал достықтың құдірет күші қарсы мінез көрсетуге дауалаған емес. Көнбіс.          Саябақтың ортасындағы асфальт құйылған  екі құлаш жол өзен жағалауына апарады. Одан әрі өзен жиегімен өрге қарай созылып жатқан өрнектас жол. Күн арқан  бойы көтерілісімен ақ осы бақтың ішіндегі орындықтың бәрі серуендеп жүрген адамнан босамайды. Бақ ішін күнде кешіп өтетін Артур мен Раконың қызыға қарайтын ештеңесі қалмаған сияқты. Алаңқай бақтың бұлбұлы атанған заманауи күйшісі де құтты орнына  ерте келіп жайғасқан екен. Артур жұрт сияқты кідіре қалып, әуенге тәнті болуды  ұнатпайды. Үлкен еменнің түбінде саксафоннан мың құбылтып саз төгілтіп тұрған, қоңқы мұрын сары жігіттің таңғажайып күйі бұларға ескіргендей жағымсыз. Әлде мезі болғандық па. Басына сары түсті шляпа киген, күйші жігіт алтын түстес саксофонның түймесін құшырлана басса да, екі достың назарын бөліп, аялдата алмады. Қасынан өткен екеуге жайдары жүзбен қарап, айтар сөзін ойнақы сазбен жеткізгендей, саксофонның батырмасын ықыластана басып, екі ұртын бүлкілдетіп, қасын керіп, күлімдеген көзқарасымен шығарып салды. Бұл жиі қайталанатын көрініс.  Әлгі өнерпаздың алдында жармаланып ашылған саксофонның қалбыры тұр. Ішінде ірілі-ұсақ ақшаның бірнешесі бар. Артур тағы да ойы бөлінген  досына  қарап: «Осы сен әдейі стейсің бе? Топас. Неғыласың оны, несі бар қызығатын?!» — деп Ракоға шүйлікті. Бұл  жолғысы досына емес, әлгі күйші жігітке қыр көрсеткен түрі. Араларында ешбір қарым-қатынас болмағанымен Музыкант пен Артур бір-бірінің мінезін ішкі арпалыспен болжап алған тәрізді. Неге екені белгісіз, бір-бірін жеккөру басым.      Саябақтан сусып шығып  қаланы қақ жарып аққан үлкен өзеннің жиегіндегі тар жолмен тауды бетке алды. Аз үнсіз жүрістен кейін Артур досына мойын бұрып: — Рако, сен айтшы, әлемдегі ең көрікті жерді білесің бе? – деп күлімдеді. Досы үнсіз. Тіл қатпады. Сөйлеуге құлқы жоқ. Аузын үлкен ашып есінеп, көзі жасауырап ұйқы қысқандай кейіпке енді. Артурдың сұрағын қаперіне ілместен жөнімен кетіп барады.Бәрібір тыңдап келесің ғой дегендей: — Еее, бірақ сен білмейсің ғой… Мен үшін әлемдегі ең ғажап жер – тау  бөктеріндегі сиқырлы «Рамота» сарқырамасы. Кім білсін, мына жалпақ әлемде мүмкін одан үлкен әрі жойқын сарқырама бар шығар. Ал, Рамотаның таңғажайып сұлулығын сөзбен жеткізе алмаймын. Тозаңданған су кемпірқосақ шығарып, тұманға айналып, көкте қалықтайды. Қалай айтсам екен, тіпті тілім жетпейді. Шын айтамын, былай қарағанда үлкен бір субұрқақ қой, бірақ оның сиқырлы кейпі сан-алуан. Мен оны интернеттен дәл қасында тұрғандай тамашалағанмын. Өзіне баурағаны соншалық аузым ашылып, аңырдым да қалдым. Әуеге ұшқан судың тозаңы түсіріп тұрған видеокамераның көзін жауып қалады. Керемет қой айтшы? — деп шаттанып жымиды. -Егер  екеуміз де Американың Орегон шататында өмір сүргенде ғой, шіркііііін,  Худ тауының бөктеріне күнде баратын едік. Ертегінің сұлу табиғаты сол. Мына біздің Алатау оның қасында боянбаған қыз сияқты, қыз деппін-ау, шал сиақты, қарашы  – деп иегімен тау жақты нұсқап күле сөйлеп келеді. Раконың басынан сипап, қарғыбаудан босатты. Оған да керегі сол. Әудем жерге бар епкінімен жүгіріп барып қайта келді де, жол жиегіндегі ағаш діңіне артқы аяғын көтеріп сарыды...    
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 18:56
Тығырыққа тірелген Тұғыл
11.08.2020, 21:58
«Мәдени астана» аясында 7 шара өтеді
11.08.2020, 21:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 21:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 21:50
«Шәмші аллеясы» жаңарып жатыр
11.08.2020, 21:47
Коронавирустан 3 мыңнан астам адам емдлеліп шықты

Аңдатпа


  • Ахметовтің кадр саясаты ақсай бастады
    21:08
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13