Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:36, 19 Қараша 2021

Бақтұғ (Мөде) қаған: оны мақтаймыз ба, жоқ әлде даттаймыз ба?

None
None

Мөде (Бақтұғ). Кейбір деректерде оны Оғыз қаған деп те атайды. Хуннулар империясының аса қуатты билеушісі.

Қытай деректері бойынша Мөде – б.з.д. ІІІ ғасырдың соңындағы билеуші Шанюй Тоуманның (Түменнің) баласы және мұрагері. Әкесінің шешімімен Орталық Азиядағы юэчжи (нүкіс) тайпасының қолында аманатта тұтқында болды. Уақыт өткен соң, Мөде әкесінің еліне қайтып оралуы керек еді.

Тарихшы Ма Цяньнің мәлімдеуінше, оның ерлігін, батырлығын және жүректілігін әкесінің төңірегі мойындаған. Мөденің билікке келуі оның өз әкесін өлтіруі арқылы жүзеге асты. Өйткені әкесі Мөдені таққа мұрагер етіп қалдырғысы келген жоқ. Мөде билікке келген соң, б.з.б. 209 жылы дун-ху тайпасын талқандады. 203-202 жылдары Мөденің әскерлері Саян, Алтай қойнауларындағы және Ертістің жоғарғы жағын мекендейтін тайпаларды бағындырды.

Б.з.д. 200 жылы өзінің шекарасын нығайту үшін Қытай билеушісі Хань Лю Бань хуннуларға қарсы әскерін бастап шықты. Байдэн тауларында болған соғыста Мөденің атты әскерлері императорды қоршап алды. Қытай императоры амалсыздан келісім шарт жасап, Мөдеге өзінің қызын тұрмысқа ұзататын болды. Уәде орындалды. Қытай жағы хуннуларға өте көп сый-сыяпат жіберді. Мұның өзі жыл сайын қайталанып отырды. Сондықтан да қытай шекараларында 40 жылдай тыныштық орнады. Мөденің ең ұзақ соғыстары юэчжи тайпасымен б.з.д. 174-165 жылдары болып, ақырында Мөде жеңіске жетті. Міне, Мөденің қысқаша өмірбаяны осылай.

Осы айтылғандар қытай жылнамасының өзінде қалай баяндалғанына тоқталайық. Оларда айтылғандарға келсек, Бақтұғ (Мөде) әкесіне о бастан наразы болады. Өйткені тәңірқұт о бастан-ақ, өзінің тақ мұрагері ретінде Бақтұғты емес, кіші ұлын таққа отырғызбақ болды. Сөйтіп Бақтұғты Нүксүс (юэчжи) еліне аманатқа жібереді. Бақтұғ Нүкіске барғаннан кейін, Түмен (Тоуман) тәңірқұт яғни, әкесі нүкіске тұтқиылдан шабуыл жасады. Мұндай бәтуәсіздікке ызаланған нүкістер өлтірмек болған соң, Бақтұғ олардың бір жүйрік атын ептеп қолға түсіріп, еліне қашып келді. Ұлының жүректілігіне көзі жеткен         Түмен тәңірқұт оған енді түмен сарбазды басқартты.

Бақтұғ ысқырып ұшатын ғажайып оқ жасап, сарбаздарын соның сілтеуімен ат үстінен садақ тартуға машықтандырды. Бір күні ол өзінің: «Ысқырған оғы атылған жаққа бәрің де оқ атасыңдар, оқ атпағандардың басы кесіледі», – деп мәлімдеді. Біраздан соң ол ысқырма оқпен нысананы көздеп оқ атқанда өзіне ілесіп оқ атпай қойған бір сарбазын табанда өлтірді. Келесі жолы ол өзінің тұлпарына қарай ысқырма оқ атты. Тағы да қасындағылардан тұлпарды аяп оқ атпай қойғандардың басын алып, өлтірді. Енді бірде Бақтұғ өзінің ысқырма оғын жақсы көретін әйеліне қарай бағыттады. Қасындағы сарбаздардың кейбірі жүрексініп оқ атпады. Бақтұғ оларды да өлтірді. Сөйтіп жүріп бір күні саятта жүргенде ол әкесі тәңірқұттың тұлпарына қарата ысқырма оқ атты. Оның жанындағылар да оқтарын солай бағыттады. Осыдан кейін Бақтұғ сарбаздарының оны қолдайтынын білді. Келесі жолы ол ысқырма оқты әкесі Түменге қарата атты. Жанындағылары да қосыла оқ жаудырып, Түмен тәңірқұт қайтыс болды. Енді Бақтұғ өгей шешесін, інісін және өзіне бағынбаған уәзірлерді түгелдей өлтіріп, өзі тәңірқұттың тағына отырды.

Осы жағдайды естіген шығыс ғулары оны сынамақ болып Бақтұғқа елші жіберіп, оның жақсы көретін тұлпарын сұратты. Бақтұғ бұл туралы уәзірлерімен кеңескенде, олар тұлпарды жауға беруге қарсы болды. Бірақ Бақтұғя: «Бір қылқұйрықтың көзін қимасақ, олармен қайтып іргелес ел болмақпыз?!» – деді де, тұлпарды шығыс ғуларға беріп жіберді. Бақтұғты өздерінен қорқа бастады деп ойлаған шығыс ғулары енді оның бір тоқалын қолқалап сұратып, тағы да елші жіберді. Бақтұғ кеңес шақырғанда оның уәзірлерінің қаны қайнап: «Сіздің қатыныңызға ауыз салған екен, оларды барып талқандайық!» – десті. Бақтұғ: «Іргесі бір елге бір шөп желкені қимаймыз ба?» – деді де, өзінің бір сүйікті әйелін шығыс ғуларға беріп жіберді. Барған сайын есірген шығыс ғу ханы осыдан соң, батысқа қарай іргесін кеңейтпек болып енді жер сұрады. Бақтұғ тағы да уәзірлерімен кеңесті. Олардың бәз біреуі жерді жауға беру туралы ұсынысты қолдады. Мұны естіп қатты ашуланған Бақтұғ: «Жер – елдіктің негізі. Оны қалайша береміз?!» –деді де, шығыс ғуларына жерді берейік деген уәзірлерін өлтірді.

Енді Бақтұғ қаһарланып, кімде-кім жорықтан қалса, оның басы кесіледі деген жарлық таратты. Осыдан соң ол жер қайысқан қалың қолмен шығысқа бет алып, өзінен қайта-қайта аса қымбатты нәрселерді қасақана сұрап қоймаған, тойымсыз шығыс ғуларына күтпеген жерден шабуыл жасады. Ежелгі қытай жылнамасында «Хәннаманың 94 бумасының «Ғұн» деп аталатын» 64 баянында бұл былай жазылған: «… Алмауытына (арғымағына – Т.О.) мінген Бақтұғ: «Кімде-кім жорықтан қалса, басы кесіледі», – деп мұқым (барлық – Т.О.) елге жарлық түсірді. Содан күншығысқа шеру түзеп, шығыс ғуларды (еуропалық зерттеушілер оларды дунхулар деп атайды – Т.О.) қапыда басты. Бұған дейін ақтұғты алымсынбаған (менсінбеген – Т.О.) шығыс ғу ханы ешқандай әзірліксіз, бейғам еді. Қалың қолмен келген Бақтұғ бірден-ақ жайпап, шығыс ғу ханын өлтірді. Халқын тұтқын қылып, малдарын олжалады». (Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. – Алматы: «Өнер», 2006. 1-кітап. 111 б.).

Біздің заманымыздың VІІ ғасырларында-ақ бүкіл Манчжурия аймағының шығысын мекендеген дунхулар айтарлықтай үлкен, кең аймақты алып жатты. Олар көне манчжұр тілінде сөйлеген деп айтуға негіз бар. Сондықтан да көрші бола тұрса да олар түркітілдес ғұндарға өздерін үнемі қарсы қойып келді. Жаппай қырғынға ұшырап, мал-жаннан айырылған шығыс ғуларының (дунхулардың) қалдықтары оңтүстіктегі Ухуан тауларына қашып барып тығылды және бұдан былай осы таудың атымен ухуандар деп атала бастады. Бұл жорықтан оралған соң, Бақтұғ өзінің жеңіспен рухтанған және көшпелілерге қарсы соғыста жеткілікті әскери тәжірибе жинаған әскерін таратпай, батысқа шеру тартып, көршілері нүкістерді (юечжилерді – Т.О.) қуып салды. Нүкістер (юечжилер) қазіргі Балқаш көлінің шығысындағы кеңбайтақ даланы шамамен б.з.д. VІІ ғасырдан бері жайлап, қора-қора қой, үйір-үйір жылқы айдап жатқан ежелгі түркітілдес тайпалар бірлестігі еді. Олар Бақтұғтың жорықтарына бірден бас ие қойған жоқ. Сондықтан да екі елдің арасындағы бұл соғыс көптеген жылдарға созылып кетті.

Бақтұғтың ғұндар мемлекетінің жерін кеңейте түсуіне себеп болған бұл соғыстарға нүкістердің (юечжилердің – Т.О.) өздерінің оңтүстік батысындағы көршісі үйсіндерге жиі-жиі жорықтар жасап, ақырында олардың билеушісі Нәнді биді өлтіруі себеп болды. Ақырында ғұндар және үйсіндер қысымына шыдамаған нүкістер біртіндеп батысқа жылжып, аулақ кетті. Кейінірек қытай саяхатшысы Чжан Цянь батыс елдеріне барғанда, шамамен б.з.д. 135 жылы нүкістердің қазіргі Сырдария мен Әмудария арасын мекендеп отырғанын анықтаған. Иә, ғұндар күшейген заманда оларға көрші елдердің алдында үш жол тұрды. Оның алғашқысы – оларға бағынып, ғұн мемлекеті құрамына кіру; екіншісі – ғұндардан аулаққа көшіп кету. Бірақ бұлай жасайтын тайпа өзіне көрші басқалардың жерін жаулауы керек еді. Ал бұл айтуға ғана оңай.

Үшінші жол – туған жерден ешқайда көшпей, ғұндардың үздіксіз жорықтарына қарсы тұрып, соғыс жағдайында өмір сүру. Отырықшы қытай осы соңғы жолды таңдады. Сондықтан да олар ғұндардың негізгі соғысу аймағына айналды. Шамамен 205-204 жылдары Бақтұғ оңтүстіктегі Сарыөзен бойын жайлап жатқан екі хандықты бағындырып, өзеннің оңтүстігіндегі байырғы ғұндардың кезінде қытай басып алған иеліктерін қайтадан қайтарып алды. Енді оның ауыздығымен алысқан арғымақтар мінген және жалпы сандары 300 мыңнан асатын садақкер (садақ тартушы) құмырсқадай қалың қолы аталмыш өзеннің отүстігіндегі қытай бекіністерін айнала шауып, оларға ашықтан-ашық қыр көрсетті. Ғұндардан жалпы саны бірнеше есе көп қытай тайпаларына қарсы тұру үшін алғаш өзінің солтүстіктегі тылын нығайту қажет екенін Бақтұғ қаған жақсы түсініп, оларға қарсы жорыққа аттанды. Оның қол астына алғаш 24 ғұн рулары бірікті. Бұған дейін мыңдаған жылдық тарихында ғұндар мұндай күшті держава құра алған жоқ еді. Бұл шын мәнінде Кіндік қағанат атанған қытайдың ұлы империясына барабар мемлекет еді. 203-202 жылдары Бақтұғ солтүстікте ғұндарға туыстас ғұнро тайпасын, асқаралы Алтай тауының қарлы жоталарынан солтүстікке қарайғы Енесай мен Анғара өзендері аралығындағы шоқылы жазықтарды жайлап жатқан қыпшақтардың бабалары – кюеше-динлин тайпаларын, батыс Монғолия аймағын жайлап алған қырғыздардың бабалары – гэгундарды және т.б. тайпаларды өзіне қосып алды.       

Енді Бақтұғ мемлекетті нығайту үшін реформа жасады. Бұл бойынша ғұндарды билеуші, ең жоғарғы әмірші – тәңірқұт деп аталды. Бұл «аялы аспандағы тәңірдің ұлы» деген мағынаны білдіретін еді. Оған оң білге хан және сол білге хандар бағынды. Білге «кемеңгер» деген мағынаны білдірді. Оны ғұндар «дөкей» деп те атады. Оларға жанақ хандар, сардарлар, жасауылдар және т.б. мемлекеттік лауазым иелері бағынды. Әдетте тәңірқұттың мұрагері, яғни ханзада сол білге хан қызметінде болды. Мұрагер – сол білге хан мемлекеттің шығыс аймақтарын биледі. Тәңірқұттың руы болып табылатын луантек руынан барлық ғұн билеушілері сайланды. Бұл сондықтан да асылтектілер, яғни ақсүйектер руы болып саналды. Бұл ру өз ішінен қыз алыспай, басқа ғұн руларымен құдандалы жекжат болды. Мұның өзі халықтың тұқымының таза болуына үлкен ықпал жасады.

Ғұн державасын 24 ру құрады. Әскерді осылар құрағандықтан, 24 рубасы – ағамандар ғұн сарбаздарын басқарды және түменбасы аталды. Бұлар мыңбасылар (мыңерлер) болса, оларға жүзбасылар (жүзерлер) және онбасылар бағынды. Ғұндардың дәстүр-салты туралы қытай жылнамасында мынадай жолдар жазылған: «Ғұнның барлық ағаман-ақсақалдары жаңа жылдың басқы айында тәңірқұт ордасына жиналып шағын мәжіліс өткізіп, тасаттық береді. мамырда Ұлубалықта жиналып ата-баба әруағына, жер-көкке, ие-киелерге арнап шек береді. Күзге салым жылқы қоңданған кезде шоқтеректе бас қосады да мал мен жанның санағы алынып, соған қарай алынатын салық мөлшері есептеледі. Олардың әдет-заңында: біреуге семсер (не қылыш) жұмсап зақымдаған жері екі қарыстай болса, оған өлім жазасы бұйырылады; ұрлық қылғандардың мал-жаны мүсәдіраланады; жеңіл қылмысқа толарсағын шағу; ауыр қылмыстар үшін өлім жазасы қолданылады. Абақтыға қамау мерзімі 10 күннен аспайды. Бүкіл елде бірді-екілі адам ғана абақтыға түседі. Тәңірқұт әр таңда ордадан шығып көтеріліп келе жатқан күнге, түнде айға тәу етеді. отырғанда үлкендер сол жақтан бастап, солтүстікке бет түзеп отырады. Олар жұлдыздықтың 5-6 күндерін қайырлы күн есептейді. Өлген адамды қос қабат табытқа салып жерлейді. Мүрдемен бірге алтын-күміс, киім-кешек көмеді. Қабір басына сайғақ орнатпайды. Аза киімін кимейді. Тәңірқұт өлсе, төлеңгіттері мен тоқалдарынан ондаған немесе 100 шақты көржолдасы бірге көміледі. Жорықта аспан шырақтарына қарап әрекеттенеді, ай толғанда шабуылға өтіп, ай қорғаланғанда шегінеді. Ұрыста жаудың бір адамының басын кесіп әкелсе, бір тостаған шараппен сыйланады, әркімнің жаудан түсірген олжасы өзіне тән болады. Ұстап әкелген тұтқындарды өздері құл қылады. Сондықтан олар соғыс кезінде өз пайдалары үшін ұмтылады. Жауды шырғамен қоршауға түсіруге аса шебер келеді. Жауды көргенде пайда үшін андағайлап, құзғынша қаптайды. Сәтсіздікке ұшыраса бет-бетіне кетіп ғайып болады. Соғыста өз адамдарынан өлгендердің сүйегін алып келгенге өлушінің мүкаммалы беріледі». (Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. – Алматы: «Өнер», 2006. 1-кітап. 111-112 бб.).

Оларда барлық билеуші деңгейдегі ұлықтардың мансап-лауазымы атадан балаға мирас болып жалғасты. 202 жылы қытайда билікке таласқан әулеттер арасындағы азамат соғысы аяқталды. Енді қытайды хән әулеті билейтін болды. Оның өкілі Хән Гауди (Еуропа тарихшылары оны Хан Гаоцзу деп атайды) таққа отырды (Гумилев Л.Н. Хунну. Степная трилогия. Санкт-Петербург, 1993. – стр. 54). Жаңа әулетке өздерін мойындату үшін ғұндар Бақтұғтың бастауымен солтүстіктен басып кірді. Алғаш олар шекараға жақын бектіктің астанасы – Маи-и қамалын қоршады. Көмек келмегендіктен, қала билеушісі ғұндарға өз еркімен берілуге мәжбүр болды. Енді ғұндар жорықты жалғастырып, Гужу тауынан (Еуропа тарихшыларында – Гэучжу тауы) асып түсіп, 200 жылдың қақаған қыс айында солтүстіктегі астана – Жиняң қаласына (Еуропа тарихшыларында – Цзиньян) жақындап келді ( Гумилев Л.Н. Хунну. Степная трилогия. Санкт-Петербург, 1993. – стр. 54.).

Елге шынайы қауіп төнгендіктен, Қытай императоры қарап отыра алмай өзі аттанды. Қытай жылнамасында бұл былай баяндалады: «Ғұндарға қарсы қол бастап Хән Гаудидің өзі шықты. Жорықта қыстың сақылдаған аязы мен қарлы боранға тап болған Хән шеріктерінің оннан екі-үш бөлігінің саусағы үсінді. Бақтұғ жеңіліп қашқан болып, Хән шеруін шырғалап соңына түсірді. Хән шеруі Бақтұғты өкшелеп қуа берді… Хән әулетінің дені жаяу 320 мың адамдық қалың қолы солтүстікті бетке ала ғұндарға лап қойды. Гауди Пиңчыңға (қалаға – Т.О.) негізгі қосыннан бұрын жетті. Оның жаяу шеріктері келіп үлгергенше Бақтұғ 400 мың сайлауыт сарбазын қаптатып Гаудиді Бақдең тауында қоршап алды. Хән шеріктері жеті тәулік бойы көмек ала алмай азық-түліктен тарықты. Қиындықтан шығудың жолын қарастырған Гауди енді Бақтұғтың әйелін сатып алуды ойластырды. Осы мақсатпен ол оған көп тарту-таралғы жіберіп, өзінің жағына шығарды. Әйелі Бақтұғқа: «Екі ел иесі бірін-бірі қыспаққа алмас болар. Бүгін Хән әулетінің жерін алғаныңызбен, оны бәрібір мекен тұтып тұра алмайсыз. Оны былай қойғанда, Хән қағанының да жебеуші киесі бар. Тәңірқұт өзіңіз ойланғайсыз», – деген бұл сөзіне бұрын ғұндардың жағына шыққан қытай қолбасысының одақтас ретінде көмекке келемін деген уәдесін орындамағаны да қосымша болды. Бақтұғ бұрын ғұндарды қолдаған қытайлықтар қайтадан император Гаудидің жағына шығып кеткен болар деген ойда болды. Ал бұлай болғанда соғыс ұзаққа созылып кетер еді. Сондықтан да Бақтұғ әйелінің айтқанына көніп, қытайлықтарды қоршаған қоршаудың бір шетін ашты. Осы саңылау арқылы император Гаудидің сарбаздары садақтарын сыртқа, ғұндарға кезеніп, қоршаудан шығып, негізгі әскерге барып қосылды. Бақтұғ болса әскерін кейін шегіндіріп әкетті. қытайлықтар да осылай жасап, кейін шегінді. Енді қытайлықтар құдандалы-жекжаттық негізде бейбіт келісім жасау туралы ұсыныстар жасады. Бұл бойынша қытай жағы Бақтұғқа патша сарайының ханшаларының бірін ұзатып, жыл сайын оған қосымша сый-сияпат жөнелтіп тұратын болды. Алайда осындай келісімшартқа қарамастан ғұндардың жағына шығып кеткен қытайлық қолбасшылар Бақтұғтың қолдауына сүйеніп, қытай аймақтарын ойрандауларын тоқтатпады».

         Айтылғандарды қысқаша қорытар болсақ, қазіргі адамзаттың гуманистік көзқарасымен қарағанда Бақтұғтың (Мөденің) іс-әрекеті аса қайшылықты екендігін байқау қиын емес. Мысалы, оның өзінің туған әкесін, тіптен ол оған аса мейірімсіздікпен қиянат жасағанның өзінде де, күллі әскери жасақтың көз алдында өлтіруін қалай түсіндіруге болады? Алайда бұл қазіргі адами түсінікте адамгершілікке жатпайтын қатыгез әрекет болса да, сол заманда, адам тағдыры қаған тағымен тікелей байланысты болған уақытта ажалдан аман қалудың жалғыз жолы да еді. Әрине, Бақтұғтың әкесімен арадағы мұндай күрделі қатынасын біздің бұлай түсіндіруіміз оны тарих алдында бәрібір толық ақтай алмайды. Ол тарихта туған әкесін өлтірген қайраткер болып қала береді. Бақтұғқа баға бергенде тарихшылар осыны ұмытпаулары керек. Яғни мәселенің екі жағы бар.                                                                               

     Әрине, бүгінде, тәуелсіз Қазақстанда жер мәселесі алға шыққанда жоғарыда айтылған Бақтұғтың туған жерді жатжерліктерге бермеу, оны барлық құндылықтардан жоғары санау ұстанымы оқтын-оқтын үлгі ретінде айтылып жүр. Сондықтан да мұны біз, жастарымыз отаншыл болсын, туған жерді қорғауда ежелгі Бақтұғ қағаннан үлгі алсын деп мектептегі оқулыққа да енгіздік. Мұндайда, тәуелсіз Қазақстанда да оқтын-оқтын көтеріліп отырған жер мәселесі шынында да аса маңызды, мемлекеттік саясаттың негізі екенін ескердік. Міне, біз Бақтүғты (Мөдені) ата-баба мекенін қызғыштай қорғаушы тұлға ретінде осы тұрғыдан бағалай аламыз. Алайда оның мемлекеттік қызметін марапаттағанда оған бәрібір сын көзбен қарауды да ұмытпауымыз керек. Бақтұғты (Мөдені) біржақты көтермелемей, оны өзі өмір сүрген күрделі де қайшылықты заманның тұлғасы ретінде сол ортада қарастырып, шынайы баяндауымыз керек.

Тегтер: