Бақұл бол, Бақытгүл...

«ДАТ» жобасымен шығатын «Общественная позиция» газетінің бас редакторы, тәуелсіз қазақ журналистикасының беломыртқасы, публицист-журналист, қазақтың қайраткер қызы Бақытгүл Мәкімбай 59 жасында өмірден өтті.
Былтырдан бері қазаға құлағымыз үйреніп кеткені соншалық – қаралы хабар естісек «иманды болсын» дейміз де, қоя салатын болдық. Бірақ қазақ айтатын қабырғаңды қақыратып кететін жаманатты естігенде, рухани жақын жандар өмірден озғанда өзегіңе бір ащы өксік тығылып қалады екен. Қасиетті жұма күні ет жақындарының ғана емес, күллі қазақ журналистикасының беломыртқасын опырып бұл жалған дүниеден Бақытгүл Мәкімбайдың өтуі бәрімізге сондай ауыр қаза болды. Айтуға ауыз бармайды.
Бақытгүл Мәкімбай қазақ журналистикасына, оның ішінде тәуелсіз қазақ журналистикасына аты алтын әріппен жазылған, принципінен ешқашан айнымаған, басқалар биліктің «сөлкебайына» сатылып жатқанда «біздің де күн туар» деп, бүгінгі жүйенің қоясын қотарып, өндіртіп жазып жүрген табанды журналист еді. Әйел де болса қазақ журналистикасына еркектен артық қызмет қылды. Тәуелсіз «ДАТ» жобасымен шыққан барлық басылымда еңбек етті. 1998 жылдан бері 23 жыл бойы бір басылымның отымен кіріп, күлімен шығу екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік. Тастай төзім, шыдамдылық керек оған. Оның үстіне қудалау, ұрып-соғу, қоқан-лоқының талайын көрді. Сонда да алған бетінен қайтқан жоқ. Ермұрат Бапидың оң қанаты, «ДАТ-тың» дауылпазы болды. Ол тәуелсіз қазақ журналистикасын қалыптастырған санаулы қыз-жігіттердің бірі еді.
Амал қанша, тәуелсіз қоғам құру жолында тасқайрақтай қазақтың қара қызы күллі дүниенің өкпесін қысқан ковидке қарсы тұра алмады. Бақұл болыңыз, батыр қыз...