Бақұл бол, бауырым!

Кім ойлаған, мына тәжтажал сені ортамыздан суырып алып кетеді деп..
.
Кім ойлаған, енді бүгін сен туралы естелік жазып отырамын деп… Қайран Аман бауырым, сен кетті дегенге сене алар емеспін. Бір топырақтың азаматы едік. Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында Алматыда ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқып жүріп таныстық. Арамызды үш жас бөліп тұрса да, сен мені «аға» дедің, мен сені «бауырым» деп өзіме тарттым. Бір туған жақын адамдай араластық. Суырыпсалма жыраулығың өз алдына бір төбе, спортты ерек жақсы көрдің.
Әлі есімде, 90-жылы Италияда кезекті әлемдік футбол додасы өтті. Кешкілік біздің бөлмедегі теледидардың алдына жинала қалатынбыз. Шынын айтайын, біз футболдан мақұрым едік. Ал сен болсаң, алаңда доп қуалағандардың бәрінің атын атап, түсін түстеп, доп тепкенде мүлт кетсе күйіп-пісіп, гол салғандарға риза болып, дуылдап отырушы едің. Кейіннен сол үлкен футболды, ұмытпасам, 1998 жылғы әлемдік футбол чемпионатын комментатор болып өзің жүргіздің. Сенің тауып айтқан әрбір сөзің сол кезде футбол көрермендерінің, жанкүйерлерінің есінде сақталып қалды.
Жұрт Амангелді Сейітханды сол кезде кеңінен таныды. Ол да бір заман екен-ау. Әлі есімде, бірде «аға-жеңгемсіңдер ғой, төрелігін сендер айтыңдар, мынау – менің, бұйырса, болашақ жарым, алдымен сендерге таныстырғым келді» деп, үлбіреген бір қызды үйге алып келдің. Мәре-сәре болып қалдық. Артынан сол қызға үйлендің. Бала сүйдің. Ұрпақ өрбіттің. Одан бері қанша заман өтті. Сен Астанада, мен Алматыда жүрсек те, аға-бауыр болып араласқанымыз тоқтамады. Әйтеуір, ара-тұра телефон шалып, хабарласып тұрдық.
Былтыр мен «Жас Алашқа» жұмысқа тұрғанда арнайы өзіңе телефон шалып, «Спорт бетін жүргізші» деп едім, қарайған жұмысың болса да, келісім бердің. Содан күні кешеге дейін «Жас Алаштың» соңғы беті сенің қазақ спорты жөнінде жазған мақалаларыңның тұрақты мекеніне айналды. Сәуірдің ортасында Алматыға келген екенсің. Хабарластың. «Жас Алаштың» редакциясына іздеп келдің. Арқа-жарқа отырып әңгіме айттық. Бұл соңғы кездесуіміз екен...
Енді, міне, «өмірден озды» деген қаралы хабарды естіп, сен бұл өмірді тәрк етіп, пәниден бақиға озды дегенге сене алмай отырмын. «Мәңгілікке ұласатын ұлылық – жалған дүниені майша шылқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, тіпті ілініп-салынып, алжығанша жасауда емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей асығыс зулап өте шығу, яғни өз өміріңді оқыс әрі әдемі аяқтату», – деп жазбап па еді қазақтың маңдайына сыймай, ерте кеткен дарынды жазушысы Оралхан Бөкей.
Міне, сен де арғымаққа мінгендей өмірден зулап, асығыс өте шықтың. Артыңда қазақтың спорт журналистикасына, қазақ журналистикасына сіңірген үлкен еңбегің қалды. Бақұл бол, Амангелді бауырым...