"Бар мақсатымыз - алғашқы олимпиада чемпионын шығару"

13.11.2018, 22:33

4

Жыл басында дзюдо күресінен ерлер құрамасының бас бапкері ауысқан еді. Ермек Имамбековтің орнына дзюдодан Олимпиада ойындарының жүлдегері атанған тұңғыш қазақ балуаны Айдын Смағұлов тағайындалған. Астанада өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының алдында бас бапкермен кездесіп, аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз. – Айдын мырза, құрамаға бас бапкер болғаныңызға бір жылға жақындады. Осы уақыт аралығында атқарған жұмысыңызды бір қорытындылап өтсеңіз?– Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері деген қызметке келгеніме бір жылға жақындады. Негізі, бас бапкер деген лауазым біз үшін қағаз жүзінде ғана. Өйткені, жасы үлкен жаттықтырушы ағаларымызды сыйлаймыз, олардың айтқанына құлақ асамыз. Інілеріміз де өздерінің ізеттіліктерін көрсетіп тұрады. Осындай ауызбіршіліктің арқасында нәтиже болып жатыр. Бір жылдық жұмысымыздың нәтижесіне көңіліміз толады. Бірінші кезекте, еліміздің үкіметінің спортқа деген қамқорлығының арқасы деп ойлаймын. Қазіргі кезде құрамадағы жігіттерде материалдық тұрғыдан ешқандай таршылық жоқ. Жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына еш қиындықсыз бара алады. Тамақ, витаминдері де қарастырылған.Азия ойындары, әлем чемпионаттарынан құралақан емеспіз. Барлығынан жүлдемен оралдық. Одан бөлек, қаншама халықаралық додаларда оза шауып жүрген жігіттеріміз жетерлік. 2018 жылға өкпе жоқ деп айтуға болады.– Олимпиада ойындары да жақындап келеді. Токиодан қандай үміт күтесіз?– Көптеген жерлерде, «біздің балалар мына жарыста неге осыншама медаль  алмайды?» деп сұрап жататындар көп. Соларға түсіндіріп кетсем деп едім. Дзюдода рейтинг деген бар. Басқа олимпиадалық спорт түрлерінен ерекшелігі де осында. Сондықтан балуандар Олимпиададан Олимпиадаға дейінгі аралықта өмір сүреді. Ешқандай босаңдық танытатын уақыт жоқ. Мысалы, бір жылдың өзінде бірнеше гранд слэм, гран-при, одан бөлек құрлықтық жарыстар бар. Тіпті, дзюдо күресінде  әлем чемпионатының өзі жыл сайын өтеді. Солардың бәріне қатысуға тиіспіз. Егер бір-екеуін жіберіп алсақ, спортшыларымыз рейтингте төмендеп қалады. Сосын Олимпиадаға қатысу қиынадайды. Рио Олимпиадасының алдында бір балуанға 20, енді біреуіне 64 ұпай жетпей, 4 жылдықтың басты додасынан тыс қалды. Өкінішті жағдай. Осындай қателіктерге жол бермеу үшін жыл бойы жарыстарға қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп отыру керек. Бар мақсатымыз ­–   дзюдо күресінен алғашқы Олимпиада чемпионын шығару.– Дзюдо спортында физикалық дайындық өте маңызды. Сіз осы процесті қалай жүргізесіз?– Біз физикалық дайындыққа ерекше мән береміз. Бұл процесс өте жоғары өтіп жатыр десем болады. Барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жүктемені қиындататын кезде қиындатамыз. Жазда тауға барып дайындаламыз. Маусым айының соңы мен шілденің басында шымбұлақта жатып, шынығамыз. Ол жерде физикалық және функционалдық дайындыққа мән беріледі. Жақында дзюдо күресінен елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы Максим Раков карьерасын аяқтағанын мәлімдеді. Соңғы 10 жыл көлемінде Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған спортшының ізін басатын балуандар бар ма?– Кез келген спортшының орнын басатын адам табылады. «Незаменимых не бывает бывают неповторимые» деген сөз бар ғой. Жастардың арасында талантты жігіттер бар. Ерік-жігерлері мұқалмай, еңбектенсе, Максимнің жетістігін қайталайтын балуандар шығады. Қазіргі кезде оның салмағында Виктор Демьяненко, кеше Ташкентте күрескен Айбек Серікбаев, Әділхан Қозыбаев бар.Дзюдо – олимпиадалық спорт түрі. Сондықтан қазақ күресі мен самбоны серік еткендер кейіннен жапонның осы күресіне ауысып жатады. Өзіңізде кезінде осы жолдан өткенсіз. Самбошылар мен қазақ күресінің балуандарына дзюдошы болу қиындық тудырады ма?– Әр сала өзінің орнында болған дұрыс. Бірақ қазақ күресінен самбоға, одан дзюдоға ауысудан ешқандай проблема жоқ. Бұл жерде мынаны ескерген дұрыс, қазақ күресінде жүрген балуан бүгін дзюдоға ауысып, бірден Олимпиадаға барады деген қиындау. Өйткені, дзюдо күресінде рейтингтік ұпайлар 4 жылдықтың басында басталады. Бұрыннан жүргенді қуып жету қиын. Мысалы, гранд слэм турнирін ұтсаңыз, 1000 ұпай аласыз, ал қатысқаныңыз үшін 100 ұпай беріледі. Қазіргі кезде рейтингтің көшбасында жүргендер 3000 ұпайдан асып кетті. Оларды 100 ұпаймен қуып жету оңайға соқпайды. Бірақ биылғы жылы ауысып үлгерсе, әлі де кеш емес. Ал 2019 жылы ортасында ауысып, Олимпиадаға барамын десе, ол енді сәл қиындауға соғады.Рио Олимпиадасының алдында Ташкенттегі Азия чемпионатын жеңіп, құрлық чемпионы ретінде квотаға іліккендер болды. Алдағы Токио Олимпиадасында ондай жеңілдіктер бар ма?– Квота қазір тек бір жағдай беріледі: Егер сол мемлекетттің бірде-бір балуаны рейтингте қажетті ұпайды жинай алмай, Олимпиадаға бара алмаса ғана квотаға ілігеді. Мұндай жеңілдік әрбір елге біреуден ғана қарастырылған. Қазақстан ондай квотаға ілігетіндердің арасында жоқ. Себебі, біздің спортшылардың көрсеткіштері  жоғары.– Өзіңіз кезіңізде Сидней Олимпиадасында 60 келіде күрестіңіз. Сіздің салмақта біздің елде қазір Елдос Сметовтің көшбасшы екені жасырын емес. Қазір бұл жігіттің денсаулығы қалай? Осы салмақта Олимпиада ойындарына кім баруы мүмкін?– Жалпы, елімізде күрестің қай түрінен болмасын, бокс бар барлығында 60-тан 80 келіге дейін салмақтарда жігіттеріміз өте мықты. Бұл салмақтарда бәсекелестік жоғары болып келеді. Ал Елдос Сметовке келетін болсақ, жарақаттың түр түрі болады. Ол жігітте аса қатты алаңдайтын жарақат жоқ деп айта аламын. Токиоға 60 келіде барудан үмітті балуандар көп. Дәл қазір Елдос Сметов немесе Ғұсман Қырғызбаев, Жақсыбек Жеңісбек, Рустам Ибраев күреседі деп кесіп айта алмаймыз. Нақты шешім 2020 жылы Олимпиада ойындарының алдында ғана қабылданады.Сіз үшін Олимпиада ойындарына берілетін жолдаманың көптігі маңызды ма? Әлде жүлде алу ма?Қазақта «бақ шаба ма?, бап шаба ма» деген сөз бар ғой. Мысалы, 12 балуан барып жүлдесіз келгеннен, бір лицензиямен барып, алтын алғанның құны әлдейқайда артық. Біз үшін сапа маңызды.Алда қандай жоспарларыңыз бар?Қазақстан чемпионатынан кейін Жапонияға ұшамыз. Ол жерде жоғары деңгейде гранд слэм турнирі өтеді. Одан кейін бізді Қытайдағы әлемнің үздік балуандарының басын қосатын Мастерс турнирі күтіп тұр. Бұған тек IJF.рейтингіндегі ТОП 16 спортшының қатарына кіретіндер қатысады. Қазіргі кезде 7 баланың Қытайдағы додада бақ сынаудан үміті бар.–  Еліміздегі талантты дзюдошылардың бірі саналатын Ислам Бозбаев соңғы кездері жанкүйерлерін жеңісімен қуанта алмай жүр. Кейбір мамандар Ислам өзінің потенциалын толық ашқан жоқ дейді. Бұған не айтасыз?– Ислам берерін беріп болды деп, кесіп айту дұрыс емес. Ислам бүгінгі таңда өте жақсы дайындалып жатыр. Оның салмағы 90 келіде әлемде бәсекелестік жоғары. Ол өзі елімізде бұл салмақтың көшбасшысы. Егер Олимпиадаға барып жатса, жүлде әкеледі деп ойлаймын. Одан бөлек, осы салмақта Дәулетхан Жақыпов пен Сұңғат Закарияев күресіп жүр.Сондай-ақ 81 келідегі Әзиз Қалқаманұлы да  аталған салмаққа ауысып жатыр.– Әңгімеңізге рахмет!Сұхбаттасқан – Бек Төлеуов
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

13.05.2020, 11:46
Қайрат Тұрлыханов өмірден озды
11.05.2020, 18:13
Илья Ильин спорттық карьерасын аяқтады
26.04.2020, 14:43
Илья Илин қайырымдылық акциясына үлес қосты
25.04.2020, 14:01
Футболшылар маскамен ойнайды
24.04.2020, 13:11
Не қымбат: футбол ма, адам ба?
21.04.2020, 16:23
Жақсының жалғасы едіңіз аға

Аңдатпа


  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13
  • Мегаполистің білім саласы автоматтандырылды
    20.09.2020, 13:46
  • Интернетте балаларға қауіпті тағы бір ойын пайда болды
    20.09.2020, 13:34