«Барыстың» ақша үнемдеу үшін ақша шашу саясаты
«Жас Алаштың» №78 санында «Барыстың» жеңілуді ғана білетін легионер-миллионерлері» атты мақала шыққан. Онда астаналық «Барыс» хоккей клубы кейінгі 3 жыл бойы жеңілістен көз ашпай, чемпионатта жылда соңғы орында қалып жүргенін, соған қарамастан, кіл шетелдік хоккейшілерді жинап алып, оларға неше жүз миллиондап жалақы төлеп отырғанын жазған едік.
Сол кезде «Барыс» кейінгі 23 ресми матчта 3 рет қана жеңіске жеткенін айттық. Жеңілуді ғана білетін елордалық клуб одан бері де 4 кездесу өткізіп, оның үшеуінде тағы ұтылды. Биылғы ҚХЛ маусымында команда 17 матч өткізіп, 14-інде қарсыласқа есе жіберді. Небәрі 7 ұпай жинап, Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде соңғы орында тұр.
Бірақ «Барыста» өзгеріс жоқ емес. Өткен аптада клубты 20 жылға жуық басқарған Борис Иванищев қызметінен кетіп, оның орнына Нұрлан Оразбаев келді. Иванищев 2006-2018 жылдар аралығында «Барыста» вице-президент, 2018 жылдан бастап бас директор болған. Онымен бірге клубтың бас менеджері Олег Болякин де жылы орнын босатты.
Хоккей жанкүйерлерінің Борис Иванищевке өкпесі қара қазандай. Ол бас директор болғалы команда нәтижесі қатты төмендеп кетті. Бұрын «Барыс» ҚХЛ-дың плей-офф кезеңіне тұрақты түрде шығып тұратын. Кейінгі жылдары шешуші кезеңге шыққанды былай қойып, көш соңында жүргенін жоғарыда жаздық.
Иванищев пен Болякин тандемі тұсында мұз айдынындағы нәтиже ғана емес, клуб саясатында да тоқырау байқалды. Жасаған трансферлері сәтсіз болып, алыс шетелден аттай қалап алдырған ойыншылары оңды нәтиже көрсете алмады. Отандық хоккейшілерге «Барыстан» орын табылмай, бағын басқа жақтан іздеп жүргені тағы бар. Тіпті биылғы маусым басталғаннан бергі 1,5 айда 4 рет бас бапкер ауыстырды – 3 бас бапкер және 1 бас бапкердің міндетін атқарушы жұмыс істеді.
Жаңа басшы легионерлерді қуып жатыр
«Барыстың» бас директоры болған Оразбаев елордалық клубқа жат адам емес. Ол бұған дейін де екі рет клубта басшылық қызмет атқарған. Яғни ол «Барысқа» үшінші рет оралып отыр. Клуб ҚХЛ-ға алғаш қатыса бастаған тұста Оразбаев командаға ойыншы іріктеу саясатын басқарып, бірқатар сәтті трансфер жасады. «Барыста» Брэндон Боченски, Дастин Бойд, Найджел Доус, Кевин Даллмэн, Йозеф Штумпел, Лукаш Кашпар сияқты мықты шетелдік хоккейшілер өнер көрсетті. Бұл уақыт «Барыс» үшін ең тұрақты кезең болды.
2012 жылы Оразбаев «Барыс» сапынан кетті. Бірақ араға бір жыл салып қайта оралды. 2013/2014 жылғы маусымда «Барыс» үздік нәтиже көрсетіп, Шығыс конференциясында екінші орын алып, плей-оффта екінші айналымға өтті. Оразбаев 2015 жылы клубтың өзге басшыларымен сөзі жараспай, қызметінен кеткен. Содан бастап Қазақстан хоккейі бұл есімді ұмыта бастаған еді. Биыл ол сахнаға қайта шығып отыр.
Оразбаевтың тағайындалуына орай жанкүйерлер оптимист пікір айтып жатыр. Кем дегенде қызметте ұзақ отырып, клубты тоқырауға ұшыратқан экс-директордың орнына жаңа басшының келгені үміт отын жаққаны рас. Бірақ Оразбаевтың шетелдік ойыншыларды шетінен қуып жатқанын оңды шешім деп айту қиын.
Үнемшіл Оразбаев есептен жаңылды ма?
Өткен аптаның аяғында Нұрлан Оразбаев алғашқы баспасөз конференциясын өткізіп, клуб қаржы үнемдеуге күш салатынын айтты. Сол мақсатта бұған дейін екі штат болған бас директор мен бас менеджер қызметін біріктіріп, бір өзі атқармақшы. Сондай-ақ «Барыс» мұхит асып келген легионерлердің бәрімен қоштасады. Ал отандық жас спортшыларға бас-көз болып жүру үшін ресейлік легионерлер командада қалады. Оразбаев ресейлік хоккейшілердің тәжірибесі мол әрі командада орыс тілінде сөйлесу оңайырақ болады деп санайды екен.
«Легионер солтүстік америкалық ойыншылардың агенттеріне келісімшартты бұзу туралы хабарлама жібердік. Командада Маттссон, Бурдасов, Николишин, Жафяров, Сетдиков, Бочаров, Камалов, Антипин және Хохлов қалды. Қалған барлық ойыншы ұлттық құраманың кандидаттары, біздің жергілікті тәрбиеленушілеріміз болады», – дейді Оразбаев.
Көп кешікпей клубтың баспасөз қызметі бірнеше хоккейшімен келісімшартты бұзғанын хабарлады. Оразбаевтың айтуынша, легионерлермен қоштасу шығынды үнемдеуге көмектеседі. «Барыс» клубтан кеткен ойыншыларға келісімшартта көрсетілген толық соманы емес, 50 пайызын төлейді.
«Барыс» сапынан кеткен ойыншылар және олардың бір жылдық жалақысы:
Уилл Батчер (АҚШ) – 302 млн теңге (624 мың доллар)
Майкл Маклауд (Канада) – 302 млн теңге (624 мың доллар)
Натан Болье (Канада) – 176 млн теңге (364 мың доллар)
Чейз Де Лео (АҚШ) – 176 млн теңге (364 мың доллар)
Владислав Кодола (Беларусь) – 116 млн теңге (239 мың доллар)
Даниил Апальков (Ресей) – 55 млн теңге (114 мың доллар).
Үнемшіл Оразбаев осы жерде есептен жаңылып отыр. Ол осы ойыншыларға клубта небәрі 1,5 ай ойнағаны үшін жарты маусымның ақшасын төлеп берді. Ресейлік «СЭ» басылымының мәліметінше, жарты жолда қоштасса да, клуб Батчер мен Маклаудқа 186 млн теңгеден, ал Болье мен Де Леоға 110 млн теңгеден жалақы төлейді. Ал Кодола 70 млн, Апальков 35 млн теңгеге ие болады.
Клуб басшылары бұл жерде легионерлерге төлемеген 50 пайыз жалақыны ғана есептеп, командада небәрі 8-9 ойын өткізген шетелдіктерге жарты маусымның ақшасын санап бергенін ескермей отыр. Легионерлерден құтылғысы келсе, басқа жолдары бар еді. Мысалы, хоккейшіні өзге клубқа жалға беруге болады, яғни трансферге ақы алмай, ойыншыны тегін жібересіз. Жалақыны жаңа командасы төлейді. Мұнда екі тарап та ұтылмайды. Бір тарап тегін трансфер жасап, құрамын күшейтеді. Ал біз легионерге өтемақы да, жалақы да төлемей, оңай құтыламыз.
Бірақ клуб басшылары мұндайға мән бермеген сияқты. Шетелдіктерге мемлекет бюджетінен алынған мол қаржыны санап берді де, жылы қоштасып, шығарып салды. Оразбаев мырза бір сөзінде шетелдік хоккейшілер мен агенттері келісімшартты бұзғанға ренжімегенін айтыпты. Мынадай қомақты өтемақы алып отырса, олар не үшін ренжиді? Керісінше, аз жұмыс істеп, көп ақы алғанға қуана-қуана келіскен шығар. Олар «Барыстан» жарты жылдың ақшасын алдық деп бос жатпайды, еркін агент ретінде кез келген клубқа ауысып, жұмыстарын жалғастыра береді. Бұл жерде зиян шеккен біз ғана!
Экс-премьерге ешкімнің сөзі өтпей ме?
Қазақстанда кәсіпқой спортқа, соның ішінде хоккейге мемлекеттік бюджеттен өте көп қаржы бөлінеді. Бірақ сол қаржының қайда жұмсалғанын, қандай нәтиже көрсеткенін сұрайтын ешкім жоқ. Кәсіпқой клубтар шетелдік ойыншыны қаншаға сатып алғанын, қанша жалақы төлейтінін ашық айтпайды. Бұл көп жағдайда жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа жол ашатыны анық.
Жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық мәселесіне талдау жүргізді. Сонда кейінгі 6 жылда спорт саласына бюджеттен 1,4 трлн теңге бөлінгені, бірақ еліміздің спорт саласындағы жетістігі төмен екені айтылды. Оның негізгі себептерінің бірі – мемлекет қаражатын ұтымсыз жұмсауға және жымқыруға ықпал ететін жемқорлық тәуекелі деген тұжырым жасалды.
«Барыс» хоккей клубы 1999 жылы құрылған. Содан бері «Барыста» кім ойнамады? Ресейлік, канадалық, швециялық, финляндиялық хоккейшілердің қазақ даласына бірі келіп, бірі кетіп жатты. Шетелдік ойыншылардың қарасы «Барыста» ғана емес, ұлттық құрамада да аз болған жоқ. Көп ақша үшін көк паспорт алып алғандар Қазақстан атынан уақытша өнер көрсетіп, мансабын аяқтаған соң өз елдеріне тайып тұрды. Қаржыны ерінбей шашып, 20 жыл жанталассақ та, «Барыстан» бірде-бір әлемдік деңгейдегі қазақстандық хоккейші түлеп шыққан жоқ. Қазақ хоккейі де әлемдік деңгейге шыға алмады.
Соған қарамастан, бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин басқаратын хоккейге мемлекеттің ықыласы ерекше. Ұлттық және олимпиадалық спорт түрлеріне қимаған қаржыны Маминнің хоккейінен аямайды. Мысалы, биыл «Барыс» ойыншыларына 2 млрд 776 млн теңге жалақы төлейді. Кейінгі 6 жылда клубқа бюджеттен 48,9 млрд теңге бөлінді деген ақпарат бар. Демек, президенттің кәсіпқой спортқа қаржы бөлуді қысқарту тапсырмасы орындалмай отыр.
Қуаныш Қаппас