Барлау қызметі: КХДР Курск облысына қосымша күш жіберген

Оңтүстік Корея барлауының мәліметі бойынша, КХДР сарбаздарын Курск облысына ақпан айында жіберген. Сарапшылар әскерге жіберілген сарбаздар санын бірнеше мың деп есептейді.
КХДР Курск облысына ақпан айының басынан қосымша күш жіберген, деп хабарлады оңтүстік кореялық ақпарат агенттіктері ұлттық барлау қызметіне сілтеме жасап. Оңтүстік Кореяның JoongAng басылымының хабарлауынша, КХДР 2025 жылдың қаңтары мен ақпаны аралығында Ресейге үш мыңға дейін әскери қызметкер жіберген.
Солтүстік Корея әскерлерін ақпан айында Курск майданына ресейлік жүк кемелер мен әскери ұшақтар жеткізген.
Курск облысына жіберілген солтүстіккореялық сарбаздардың саны нақтыланып жатыр. Мәскеу мен Пхеньян Курск облысына КХДР қосымша күштерінің тасымалдануы туралы ақпаратты әлі растаған жоқ.
Солтүстік Корея әскерлерінің шығыны
Ақпан айының басында Курск аймағында ресейлік армиямен бірге соғысып жатқан Солтүстік Корея әскерлері шығарылғаны белгілі болды. «Қаңтар айының ортасынан бастап Курск аймағында орналасқан Солтүстік Корея әскерлері бұдан былай жауынгерлік қимылдарға қатыспайтын көрінеді», - деп хабарлады Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметі (NIS). Оған ықтимал себеп ретінде Солтүстік Корея әскерлерінің көп шығыны аталды.
Бұған дейін Украина армиясы да Солтүстік Корея сарбаздарының майдан шебінен шығарылғанын хабарлаған болатын. 2024 жылдың күзінде Украина Курск облысына келген КХДР әскерлерінің бірінші тобының санын 11 мың сарбаз деп айтты. Оңтүстік Кореяның мәліметі бойынша, 2025 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша Солтүстік Кореяның 300 сарбазы қаза тауып, тағы 2700-і жараланған.
Ақпан айының басында Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын КХДР армиясы мен халқының Ресейді қолдауын жалғастыратынын мәлімдеді.