Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:20

“Барлық проблема Трамп араласқаннан кейін басталды” - Калифорния губернаторы

Трамп
Фото: zhasalash.kz

Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюсом Лос-Анджелеске заңсыз түрде Ұлттық гвардия жауынгерлерін орналастыруға қарсы шықты. 

Ол АҚШ Қорғаныс министрлігіне қарасты өкіл Пит Хегсетке ресми хат жолдап, бұл шешімді жоюды талап етті. Ньюсомның мәлімдеуінше, федералды үкіметтің араласуы Калифорнияның егемендігіне нұқсан келтіру және жағдайды ушықтыру болып саналады. 

Мұндай мәлімдемеге себеп — штатта соңғы аптада өршіген наразылықтар мен көші-қон қызметінің рейдтері. АҚШ-тың Көші-қон және кеден қызметі (ICE) Калифорнияда, әсіресе Лос-Анджелес маңында рейдтер жүргізіп, миграциялық заңдарды бұзды деген күдікпен 118 адамды ұстаған. Бұл әрекеттер халықтың ашу-ызасын тудырып, жаппай наразылықтарға ұласқан. Наразылықтар кезінде Дональд Трамп 2000 Ұлттық гвардия сарбазын штатқа жіберуге бұйрық берді.

«Бұл – федералды үкіметтің өкілетін асыра пайдалану. Бізге ешқандай көмек керек болған жоқ. Қажет болса, мен өзім шешемін – бұл менің аймақ басшысы ретіндегі құқығым. Ал мұндай әрекеттер – тек жағдайды ушықтыру», – деді Ньюсом.

Губернатордың айтуынша, бұл араласу бейбіт шерулерді күшпен басуға бағытталған, әрі халықтың сөз бостандығы мен жиналу құқығына қайшы келеді. Сонымен қатар ол федералды биліктің бұл әрекеті нақты қажеттілікке емес, саяси мүддеге негізделгенін меңзеді.

Гэвин Ньюсомның бастамасын АҚШ-тың тағы 22 штатындағы демократ-губернаторлар қолдады. Олар бірлескен мәлімдеме жасап, Трампты «билікті асыра пайдаланып отыр», деп айыптады. Сондай-ақ, Пит Хегсеттың Калифорнияға теңіз жаяу әскерін жібереміз деген мәлімдемесіне алаңдаушылық білдіріп, мұны саяси қысым көрсету деп бағалады.

«Мұндай қадамдар демократиялық құндылықтарға қайшы келеді. Біз ел ішіндегі бейбіт наразылықты әскери күшпен басуға қарсымыз», – делінген губернаторлардың мәлімдемесінде.

Қазіргі таңда бұл мәселеге АҚШ Конгресіндегі кейбір демократтар да назар аударып, мәселені тыңғылықты тексеруді талап етіп жатыр.