Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 27 Сәуір 2024

Бәріміз – Ағыраптың тұрғынымыз (Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романын оқығанда)

1

«Ағыраптағы аты жоқ адам» – жазушы Қанат Әбілқайырдың жаңа романы. Әуелде бұл шығарманың бізге дақпырты жетті.

Алдымен «арнайы стипендия тағайындалып, үш роман жазылады екен» деген ақпарға жұрт елең етті. Одан соң бұл үш романды жазушы Мақсат Мәлік, Қанат Әбілқайыр және Әлібек Байбол жазатыны белгілі болды. Сөйтіп жазушыларға үш куратор тағайындалып, жұмыс басталып кетті. Шығарманың жазылып, аяқталатын межесі үш ай! Осы тұста жұрт арасында екі дүние қызу талқыланды. Біріншісі, жазушыларға тағайындалған кураторларға қатысты. Кейбіреулер бұған «әбден қалыптасқан, бірнеше кітаптары жарық көрген жазушыларға куратор не керек?» деп таңданды. Енді біреулер «роман күрделі жанр, оны небәрі үш-ақ айда аяқтау тым асығыстау емес пе, шикілі-пісілі дүние шықпаса игі еді» деп, бұған күдікпен қарады. Сөйтіп жүргенде аталмыш үш роман жарық көріп, тұсауы кесілді. Ендігі сөз Қ.Әбілқайырдың романы турасында.

Манағы романға қатысты айтылған аңысқа жалғас Қ.Әбілқайырдың шығармасы туралы да роман жарық көрмей тұрып, тіпті жазылып жатқан кезде-ақ пікір айтыла бастады. Әсіресе көпшілік «Ағырап деген не?» деген сұрақтың төңірегіне көп ат шалдырды. Бұл туралы автордың өзі де: «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты роман жазып жатқанымда көпшілік: «Ағырап деген не?» деп сұраумен болды. Мен оларға – Ағырап жұмақ пен тозақтың арасындағы мекен. Қиямет таразысында жақсылығы мен жамандығы тең тартқан құлдар жұмаққа бара алмайды. Тозаққа да түспей, сол Ағырапта қалады. Бұл туралы қасиетті Құран кәрімнің «Ағырап» сүресінде айтылған» деп жауап бердім» дейді. Шынымен де романның атауы бәрімізді елең еткізді. Бастапқыда «Ағырап деп қай жерді меңзеді екен, аты жоқ адамның Ағырапта қалатындай қандай күнәсі, нендей жақсылығы болды екен?» деген әдепкі, жадағай сұрақ көңілімізде тұрды. Бірақ романның соңына жеткенде мүлде басқаша күй кештік. Өзімізді Ағырапта тұрғандай сезіндік. Жүрек тұсымыз сәл шымырлап ауырды, кеудемізді зілмауыр қара тас басқандай қапырыңқы күй буды. Иә, біз, бәріміз Ағыраптың тұрғынымыз. Шығарма жөнінде санамда алғаш қылаң еткен кермек ой осы болды. Шынында да романдағы аты жоқ адамның айналасында өткен қайшылыққа толы, ыбыр-жыбыр әртүрлі оқиға, әр сюжет, әр деталь сіз бен біздің осы уақытқа шейін жүрегімізді сызып өткен, жанымыздың көп ешкімге аша бермейтін арғы бір қараңғы түкпірін аяздай қарып жатқан, кейде тіпті ойлауға да тіксінетін, бірақ күндіз-түні жүйемізді кеміріп, ойымызды шырмап, жанымызды жегідей жейтін ащы ойлар еді бұл. Біз осы ойларды, осы сезімдерді кешіп, Ағырапта өмір сүріп жатқандаймыз.

Қ.Әбілқайыр бұған дейін де бірнеше кітап шығарған, әдеби ортада танылған, қаламы қалыптасқан, жазуы бастығып, жолға түскен жазушы. Сондықтан да оның оқиғаны өрбіту, шиеленістіру, кейіпкерді ашу, композиция құру, сюжет құрылымындағы ұтқырлығы қамшы салдырмайды. Тілі де жаттық, тым жұтаң да емес, қою бояудан да ада. Әсіресе он төрт жылдың алдында Ұршықта болған қанды қырғын мен он өрт жылдан соң түрмеден шыққан аты жоқ адамның қазіргі жағдайын, оқиғаларды жарыстырып, алма-кезек баяндауда жазушының шеберлігі байқалады. Әдетте кеңістіктен кеңістікке өткенде, уақыт мерзімі ауысып, оқиға ілгері не кейін қарай түзілгенде кей қаламгерлеріміз жиі сүрініп жататын-ды. Шынымен де бұл өзі бір шығарманың нәзік жері. Дәл біз сөз етіп отырған романдағыдай кейіпкердің бала кезін, өмір өткелдерінде басынан өткерген түрлі жағдаяттарды қазіргі кездегі жағдайлармен жіпсіз байланыстырып, нанымды, шынайы етіп жазу ең қиын шаруа. Содан кейде осындай сюжеттер, бір-біріне жымдаспай, арасы арса-арса болып ашылып тұрады. Мұның аяғы, әрине, шығарманы қобыратып, пышпыратып, оқырманды жалықтырып жіберуге дейін жеткізеді. Ал Қ.Әбілқайыр мұнда оқиғалардың жымын білдірмей, сызатсыз қиыстыра алған. Шығарманың ішкі ағысы сізді бірде кейіпкердің бала күніне сонау Жабырға, енді бірде баспанасыз тентіреп жүрген Ағыраптағы сергелдең өмірге және бірде Ұршықтағы «баспаналы болсақ» деп жанталасқан арпалысты кездерге, ондағы қанды оқиғаларға, сондай-ақ он төрт жылдан кейінгі аты жоқ адамның Ағырапқа келе жатқан кезіндегі пойыздағы жағдайларға қанықтырып отырады. Айтпақшы, роман осы пойыздан басталады.

Түрмеден шығып Ағырапқа он төрт жылдан соң келе жатқан аты жоқ адамның пойыздағы оқиғасын сөз етпес ілгері мына бір әңгіменің басын ашып алғанымыз жөн сияқты. Ол шығарманың кейіпкерлері мен оқиғасына қатысты. Романның қысқаша оқиғасы былай. Совет өкіметі ыдыраған соң қараусыз қалған алыстағы Жабырдан Кенен дейтін кейіпкер өмірін жақсарту үшін, жұмыс іздеп, баспаналы болсам деген үміттің жетегімен Ағырапқа көшіп келеді. Ұзақ жыл әркімнің босағасын сығалап, пәтер жалдап, күн көреді. Сөйтіп жүргенде таныс-білістері, ауылдастары бірігіп, Ағыраптың әкімі Жәкеңнің нұсқауымен Ұршық деген жерді басып алып, үй салады. Мұның аяғы үлкен жанжалға ұласып, қарапайым халыққа күштік құрылымдар күш көрсетеді. Ақырында Ұршық оқиғасы Кеңесов есімді полицейдің өлімімен аяқталады. Осыдан соң «полицияны өлтіргені дәлелденіп», аты жоқ адам он төрт жылға сотталады. Бұл енді шығарманың негізгі арқауы, оқиға осы арқаудан тамыр тартып, жан-жаққа салаланып, дами түседі. Қандай да бір шығарманың өмір шындығынан ойып алынатыны, жазушы қаламы қалыптаған оқиғалардың астарында қоғамның шындығы болатынын ескерсек, Ағыраптағы оқиғалар сіздің ойыңызды да сан-саққа жүгіртері сөзсіз. Бірақ мұнда жағдай сәл басқаша сияқты, сол себепті шығармадағы кейіпкерлердің протатипін өмірден іздеп, оны тарихпен сабақтастырып: «Мына кейіпкер ана бір оқиғадағы кісінің протатипі екен» деп, бал ашудың қажеті шамалы секілді. Себебі бізге тарихи оқиғадан, тарихи кейіпкерден гөрі, қапысыз сомдалған көркем шындық мәндірек. Себебі көркем шындықтың өн бойына көптеген тарихи детальдар, сол тұстағы әлеуметтік, қоғамдық оқиғалар, адамдардың мінез-құлықтары жинақталады. «Ағыраптағы аты жоқ адамда» да дәл солай. Бұл арада сіз болжағандай «ана бір тарихи оқиға» айна-қатесіз суреттелмейді, кейіпкерлердің тағдыры да басқаша өрістейді. Өйткені автор шығармада бір тарихи оқиғаның ұңғыл-шұңғылын тінтіп, соның төңірегіне сюжет құрып, соның тарихи, әлеуметтік картинасын жасауға ниеттенбеген. Одан гөрі бұдан да мәндірек, бұдан да маңыздырақ дүниелерді қаузағанды жөн көрген. Сонымен, Ағырап нақты бір қаланың аты емес, Ұршық сіздің ойыңызда жылт еткен «ана бір жер емес», кейіпкерлер де басқаша. Себебі Ағырап қаланың атынан гөрі әлдебір мекенге ұқсайды, Ұршық та солай. Ағырап пен Ұршықта бәріміз өмір сүріп келдік, өмір сүре береміз, бұл біздің қоғамның сыртқы фоны, фон болғанда да қара көлеңкелеу, сұрғылт, суық фон. Біз әрқайсымыз осы фонға өз көлеңкемізді түсіріп, тіршілік етіп жатырмыз. Бұл ойды жазба соңына қарай тағы бір ширатармыз. Енді пойызға оралайық.

Сонымен, он төрт жылдан соң абақтыдан босаған аты жоқ адам. Мыңқыстақ вокзалынан Ағырапқа келе жатыр. Әуелі оқырманды аты жоқ адамның ойын шырмаған, миына инедей қадалған, он төрт жыл бойы абақтыда жанына еш тыным бермеген сұрақтар иектей жөнеледі. Оның ұзын-ырғасы мынадай. Аты жоқ адам не себепті түрмеге қамалды, тел өскен інісі Елдеспен араздасуының, оған кектенуінің сыры неде, ғашығы Әния екеуінің арасы неге суыды? Неге оны ойласа өзегіне өрт түсіп өкінеді? Аты жоқ адамның әкесі қайда, шешесі неге он төрт жылда түрмеге бір рет болса да іздеп келмеді? Бұдан ары аты жоқ адамның баяндауында осы сұрақтардың жауабын суыртпақтап, іздей бастайсыз. Бір қарағанда, бұл сұрақтар тым қарабайыр, тіпті жаттанды көрінгенімен, аты жоқ адаммен сізді байланыстырып тұрған әзірге жіптіктей сәуле осы ғана. Бұл сұрақтар жыныс орман ішіндегі немесе құз қиялы тау арасындағы жалғыз аяқ жол сияқты. Оқырманды шығарманың ішіне қарай жетелей жөнеледі. Ақырындап, әлгі жалғыз аяқ жол кеңіп, шығарманың ішіне сізді дендеп кіргізеді.

Мыңқыстақ – Ағырап пойызы аты жоқ адамның ұзақ мерзімнен кейін өмірге қайта араласқан көрінісі. Оған жолай жолыққан Әлия дейтін әйел, бояқ қас апа, жол қысқарту үшін бірге карта ойнайтын жігіт пен қыз және жолсерік аты жоқ адамды қоршаған орта. Аты жоқ адам пойызға кіре бере ескі кілемге сүрінеді, ол мұны «жолым болмайтын болды» деп жаман ырымға жориды, негізі бұл детальді дәл осылай қабылдауға да болады, сондай-ақ он төрт жыл өтсе де өзгермеген, сол ескі, жұтаң қалпындағы өмірдің сиқы деп те түсінген жөн. Шынымен де он төрт жыл өтсе де ештеңе өзгермеген. Міне, қараңыз «...Жолсеріктің жанқалтасына екі мың теңгені сүңгітіп жіберіп, жол бойы темекі шегуге рұқсат алдым». Бастапқыда аты жоқ адам «пойызда екі күнім қалай өтеді, адамдарға не айтам, қалай бейімделем?» деп, іштей қамыққан. Бірақ бәрі өзі көрген он төрт жылдың алдындағыдай. Тіпті жолсерік әлі күнге дейін «үнем болатын» қаражыра көмірін жағады. Ертеде осы қаражыра көмірін «үнем болады» деп жағып, аты жоқ адам, Елдес әкесі үшеуі уланып, ажал аузынан қайтқан-ды. Сол қаражыра көмірі, сол ақша берсең тамбурда темекі шектіретін жолсерік, сол елдің ана шетінен мына шетіне алақап арқалап жүрген адамдар. Тек аты жоқ адамды бояқ қас апаның «сіз» деп сызылып сөйлегені, жасын тым кішірейтіп көрсеткісі келіп, жойдақсыз боянғаны тіксіндіреді. Мұны: «... Мен бостандыққа жүргенде әйелдер қауымы жаппай қас жұлмайтын, алпыстан асқандардың басынан жаулығы түспейтін. Ал мынау апам қып-қызыл етіп шашын да бояпты. Құйқа тұсы аппақ болып, шаштың жаңа шыққан тұсы «ағараңдап» көрінеді» деп суреттейді.

Әлгі «кілемге сүрінгенін» түрмеден шыққан адамның жолында кедергінің, бөгесіннің көп болатынымен, айналасының оларға үрке қарайтын пиғылымен байланыстыруға да болады. Бұл күдік аты жоқ адамның қаперінде. Содан да: «Сапарластарым менің ұзақ жыл абақтыда жатқанымды білсе, теріс айналар. Жай тілдесу былай тұрсын, ұры көргендей іш жия қалар» деп ойлайды. Осыдан-ақ түрмеден шыққан адамның жабырқаңқы, жасық көңіл күйі анық сезіледі. Әсіресе зонада үстіңгі төсекті «вертолет», астын «шканар» деп атайтынын, әдетте астыңғы төсекте көп абыройы жоқ тұтқындар жататынын еске алған аты жоқ адам апаға «шканарын» беріп, өзі «вертолетке» секіріп шығатын эпизот та шынайы. Осы бояқ қас апаға қатысты тағы бір жанды сурет бар. Ол апаның шай дайындайтын тұсы. Апа ыстық суға пакеттегі шайды салып, оған сүт қосады. Ал аты жоқ адам анасының Ұршықта самаурынмен шай дайындайтынын еске алады. «Шешем алдымен сүт қатады, сосын шәйнектен шайдың шығымын құятын. Кесе түбіне тұнған қою қызыл шайдың ішінде сояудай-сояудай болып самалар билеп жүретін. Бояуға самаурын шүмегінен сыздықтатып қайнақ су қосып, тәтті шайға айналдыратын. Қазір бәрі керісінше... Су құяды, сосын пакеттегі шай салынып, артынан сүт қатады». Бір қарағанда, онша мән беретіндей де сюжет емес, жонсал ғана көз жүгіртіп өте шығуға да болады. Алайда аты жоқ адамның «көңіл аударарлық мәні жоқ дүние көрінер. Бірақ әр іс тетір істелетін болғалы біз де теріске бет алған сияқтымыз» деген ойы сізді амалсыз кідіртеді, ойландырады. «Шынымен де аты жоқ адамның тағдырын қанталапайға салған, өзінің тоз-тозын шығарып, ақыры түрмеге тыққан осы «тетір істелген істердің» кесірі емес пе екен?» деген ой туады. Бұдан ары романдағы кейіпкерлер жөнінде ойға ауысасыз. Олар да көп дүниені «тетір істеп», аяғын аңдаусызда шалыс басқан сияқты әсер қалдырады.

Жол бойы аты жоқ адамға Әлия дейтін келіншек серік болады. Екеуінің әңгімесі жарасады, бірін-бірі көңілдеріне жақын тұтады. Мұны енді адал, ақ махаббат дей алмайсың, дегенмен көңілі жарым, тағдырдың небір соққысын еңсерген, есейген ер мен әйелдің жақындығы деп ұққан орынды секілді. Әлияға қатысты бір байқағанымыз, автор бұл кейіпкерді іштеп ашпайды, оның тағдырына, өміріне мүлде соқпайды. Автор мұнда осындай суық, томаға-тұйық қалып сақтаған сияқты. Себебі үміті үзілген, бар арманын суық түрмеге қалдырған аты жоқ адам қазір кімді болса да жақын тартып, жақсы көре алмасы анық. Тек ер азамат ретінде ынтыққаны болмаса, көп дүниеге көңілі соқпайды. Сосын мынадайда бір жағдайды анық байқайсыз, әу баста аты жоқ адам Әлияның есімін Әния деп естиді. Сөйтеді де Әлияны көрсе, Әния еске түседі. Аты жоқ адам бұл жөнінде «Әлия Әнияға айналып кеткендей көрінді» немесе «... оның көз қарашығынан тағы да Әниямды көрдім» дейді. Демек, Әлия аты жоқ адамға ішіндегі аласатқан мазасыз ойды шығару үшін ғана керек. Жүрегін байыз таптыру үшін қажет. Негізі өмірде мұндай да жағдайлар болады. Жолай жолығып, өзара көңілдеріне тіреу болып, аз күн жүріп, сосын өз жолдарына түсетіндер...

Шығармадағы негізгі кейіпкердің бірі – Кенен. Аты жоқ адамның әкесі. Кенен күрделі, қайшылыққа толы кейіпкер. Еңбекшілдігін, өмірге құлшынысын, «үйім болса» деп жанталасқан ұмтылысы жүрекке жылы тигенімен, кейбір мінездерінен тіксінесің. Кенен әу бастан хақысы кісі қолында кеткен, адал еңбегі өзгенің жемсауына түскен адам. Сонау Совет өкіметі кезінде-ақ қой қырқымға түсіп, жыл сайын жүлде алатын. Не жүлде дейсіз бе, Лениннің бас суреті бар мақтау қағаз. Бірақ уақыт өте келе колхоз мұны да Кененнен «қызғанады». Сөйтсе, совет өкіметінің жазылмаған заңы бар. Жыл сайын бір шопан жүлде ала бермеуі тиіс, сенімсіздік тудырады. Сондықтан Кененнен озу үшін екінші, үшінші келе жатқан шопанның қойын қосып есептейді, сөйтіп Кененнің еншілі жүлдесін қолынан жұлып алады. Кейін совет өкіметі ыдырайды. «Тұрымтай тұсымен, балапан басымен» кеткен бозшаңыт заман басталады. 1996 жылы аудан жойылады. «Ауданмен қатар колхоз-совхоздар да тарап, бар шаруашылық жекенің қолына өтеді. Жұрт жұмыссыз қалады». Бұл, міне, жүйе ауысқан, қоғам өзгерген кездегі сүреңсіз жағдай. Жұмыссыз халық ұрлық-қарлыққа, суық қолдыққа бет алады. Бұдан Кенен де құр қалмайды. Ұлдарын ертіп, мектептің көмірін де ұрлайды. Ақыры ауыл пана болмай, Ағырапқа келеді. Мұнда да жағдай оңала кетпейді. Әркімнің алартқан көзіне имене қарап, пәтер жағалайды. Сөйтіп жүргенде бір үміттің шоғы жылт ете түседі. Ағыраптың әкімі айтыпты-мыс. «Ұршықты басып алып, үй салыңдар, құжатын өзім реттеп берем». Осыған арқаланған қарапайым халық Ұршықты басып алып, үй сала бастайды. Алайда оның арты қанды қырғынға ұласады. Дәл осы кезде жанын қоярға жер таппаған Кенен ұлын ертіп, (аты жоқ адамды) діни ағымдарды жағалайды. Ең соңында Сирияға барып, Түркия арқылы елге оралғанда қолға түсіп, түрмеге қамалады. Екінші отбасы, бала-шағасы Сирияда қайтыс болады. Ал Кененнің әйелі ұлдары ұсталғаннан кейін Ұршықтағы үйді сатуға байланысты ұрыстан соң күйеуінен ажырасып, өзінен кіші жігітке тұрмысқа шығады, ұл табады.

Кененді бұлғақ заманның құрбаны деп те ақтай алмайсыз. Жоғарыда айтқанымыздай, оның да «тетір істеген істері» көп. Мысалы, ұлдарын ертіп базарға «барымтаға шығады». Салаттардың дәмін татқан болып, қарындарын тойдырады. Өрік-мейіз алатын адамның түрін жасап тұрып, ұлдарын ұрлыққа салады. Ауылдан картошка әкелген ауылдастарын таразыдан жейді. Қит етсе әйелін ұрады. Бірақ осыған бола мүлде жағымсыз кейіпкер деп те атай алмайсыз. Жанталасып еңбек етеді, тер төгеді. «Жетілсем, жетсем» деп ұмтылады. Сондай бір кереғар кейіпкер. Тура өмірдің өзіндегідей.

Кенен ұлдарын ертіп, базарда кішігірім ұрлық жасайды дедік ғой. Бұл өзі жеке оқиға ретінде соншалықты шынайы, соншалықты табиғи, ал тұтастай алып қарағанда, Кененнің шығармадағы болмысын ашуда сәл артықтау көрінді. Әсіресе күйеуі мен ұлдарының ұрлап әкелген жеміс-жидегімен аты жоқ адамның шешесінің «дастарқанды жайнататыны» сәл сөлекеттеу сезілді. Бірде Кенен «Жәкеңнің кабинетін бел ортасынан бөлсең, екі отбасы алаңсыз өмір сүретін еді» дейді. Негізі осы детальдің өзі қоғамдағы теңсіздік, әлеуметтік қайшылықты айғақтап тұр. Алайда автор мұны қанағат тұтпайды. Бірде Ағыраптағы «студенттер сарайына» айтыс көргелі барады. Сонда аты жоқ адам: «Сарайдың кең әжетханасынан да екі отбасыға үй жасап алуға болатынын» ойлайды. Соншалықты шынайы десек те, айтпақшы, ойды Жәкеңнің кабинетінің кеңдігі-ақ жеткізіп тұр еді. Оған әжетхананың кеңдігін қосақтағаны сәл басы артықтау көрінді.

Роман екі бөлімнен тұрады. «Бірінші дәптер», «Екінші дәптер» деп аталады. Бізге «Екінші дәптер» тереңірек сезілді. Әсіресе жындыханадағы Елдестің жағдайы. Оның ауруын ғылым тілінде «галлюцинация», қазақ тілінде сандырақтау деп атайды. Бірақ оның «сандырағының» да шындығы бар. «Шешемнің ішіне ібіліс кіріп алған» дейді Елдес. Ұршықтағы қырғын кезінде шешесінің аяғы ауыр болатын. Қырғында оны жасақтар аяусыз тепкілейді. Сондағы шақалақ енді Елдеске ібіліс болып көрініп, жанын қинайды. Тағы бірде ол «пойызды темір жолдан шығарып жібере алам» дейді. Мұның мәнісі мынадай. Елдестердің алыстау Гүлдана деген жамағайыны бар. Ол жұмыс істегенде кішкентай Еламан есімді ұлын Елдестің қарауына қалдырады. Бір күні жазатайым Еламан пойыздың астына түсіп, қайтыс болады. Бұл да бала кезінде Елдестің жүрегіне түскен трагедия. Оның астарында қараусыз бала, алқаш әке, жұмысқа жегілген ананың трагедиясы жатыр. Бұндай жайттар түбі бір жерді жарып шығады. Шығармада Елдесті жындандырып, соның жүрегіне қара қан болып ұйып тұр. Негізі Елдес те аты жоқ адам секілді, Ұршықтағы оқиғадан соң ұсталған, тергелген, қиналған, ақыры азапқа шыдамай, ағасының үстінен жазылған куәлік қағазға қол қойған. Бала күнгі шошыныс, одан соңғы жоқшылық, пәтер қожайындарының қабағы, отбасындағы кикілжің ақыр соңындағы тергеу, қинау Елдесті жындандырып тынды. Оған тіпті басқа шығар жол қалдырмады.

Қ.Әбілқайырдың тақырыбын жан-жақты зерттегені, әбден пісіріп, тереңнен толғанып барып жазу үстеліне отырғаны байқалады. Түрмедегі тұтқындардың жағдайы, ондағы «жазылмаған ережелер», Ұршықтағы қанды қырғын, аяусыз жаныштау, кісі өлімі – бәрі-бәрі артық-кемі жоқ суреттелген. Шығарма соңында аты жоқ адам анасын іздеп табады, оның жас күйеуі Мерей есімді ұлы екеуін тастап, Ташкентке кетіп қалыпты. Ал әкесі түрмеде. Сөйтіп жүргенде аты жоқ адам ғашығы Әнияға жолығады. Әлгі Әлия істейтін онкологиялық ауруханада. Әния асқазан рагы. Әнияның әкесі Қабыл аты жоқ адамдармен Ұршықта көрші тұрған, бірге үй салған, Ұршықтағы қырғыннан соң ұсталған, дәл сол кезде аты жоқ адам «жат ағымды» жағалап, жансақтауға қамданады. Ал Әния әкесін түрмеден шығарудың қамына кіріседі, тергеушіге ақша береді. Ол үшін өзі Бокин көшесіне шығып, тәнін сатады. Бұл негізі бұған дейінгі оқиғалар. Сонымен аты жоқ адамды Әния қабылдамайды, «қиын-қыстау кезде сатып кеткенсің» деп, жүрегі жібімейді. Сол күйі қайтыс болады. Соңында хат қалады. Онда аты жоқ адамнан баласы бар екенін айтып, оны жетімдер үйіне өткізгенін, жетімдер үйі баланы Германияға сатып жібергенін жеткізеді.

Шығармада бұдан өзге де көп оқиғалар қамтылған. Оның көбісі жанды, әсіресе пәтер үйлердің қожайындары, олардың балаларды жұмсай беретін әдеті. Пәтерден-пәтерге көшкен адамдар тағдыры «Жетім бұрышқа» барар жол біреу болғанымен, қайтар жол сан салалы» деген тұжырыммен түйінделіп тұр. Бірақ бізге автордың «бәрін қамтысам, бәрін шығармаға кіріктірсем» деген ішкі ойы романға басы артықтау кейбір оқиғалардың «зорлап таңылуына» себеп болған секілді сезілді. Мысалы, Әнияның баласының жетімдер үйінен Германияға сатылуы «сатылған балалардың да тағдырын айта кетейінші» деген ішкі ойдан туғандай күй сыйлады.

Мақала басында Ағырапта бәріміз өмір сүріп жатқандаймыз деп едік. Шынымен де Ағыраптағы әр оқиға, әр тағдыр біздің ішімізде, айналамызда өтіп жатыр, олардың кейбірі тіршілігімізбен бітеқайнасып кеткен. Совет өкіметі ыдырағаннан кейінгі қараусыз, басқарусыз, басқарусыз қалған ауылдар, ондағы адам тағдыры, олардың балалық шағын отқа тастаған, пәтер жалдап, базар жағалап өткен ұрпақтары. Ақыр аяғында қарапайым баспана үшін үлкен оқиғаның оты тұтанып, оның соңы аты жоқ адамды түрмеге тоғытқан қанды жағдайға ұласуы. Діни ағым, Бокин көшесі, Жетім бұрыш... Айта берсең, бұдан да көп. «Ағыраптағы аты жоқ адам» сізді осындай байлаусыз, тұрлауы жоқ ойларға жетелейді, ішіңізді қариды, жүрегіңізді шымырлатып, ауыртады. Ақырында сіз де Ағыраптың тұрғынына айналасыз.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ