Барсакелмес қорығы және 9 тұяқ құлан
Қызылордадан қуанышты жаңалық. Арал аумағында құландар «үйірімен үш тоғыз» боп шұбырып жүр.
Сонау елуінші жылдары Барсакелмес қорығына жіберген 9 тұяқ құлан бүгінде 800 тұяққа жетіп қалған. Бұл да болса экологиялық аумақтың табиғатына ерекше үлес қосар көркіне айналып тұр.
Барсакелмес қорығы шөлді аймақта орналасқанымен бұл жақтың да қайнап жатқан өзіндік табиғи базары бар. Құландардан бөлек Батыс, Орталық Қазақстан өңірі мен Сыр аумағында өріп жүретін ақбөкен, Қарақұм мен Қызылқұмды тел емген қарақұйрық, қажет етсеңіз шағыл мысығы секілді 56 түрлі аң мекендейді. Өсімдіктің 300-ден астам түрі бар Барсакелместе көктемде жайқалатын қосжарнақты қызғалдақ, қылқанжапырақты батпақгүл және көкпек гүлімен мақтанады. Ал Сырдарияның теңізге құяр сағасындағы дельта аумағында 254 түрлі құс кездеседі. Бұлардың 33 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген. Бұйра бірқазан, бидайық, бұлдырық және дуадақ пен қоқиқаз, шүрегей самғайтын табиғи аумақ туризмдік жобаларға сұранып-ақ тұр.
Барсакелмес қорығы биосфералық резерваттың 6-шы резерват мәртебесін алған дейді Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының директоры Хамит Қаниев.
– Дельта учаскесі «Рамсар конвенциясы» тізіміне енді. Ол жерде әдемі құстарды көруге, табиғаттың сұлулығына бойлауға болады. Туризм саласы да ғылыми мақсатта дамып жатыр, – деді қорық басшысы.
Заманында Аралдың толқыны тулап жатқанда, теңіз ортасындағы Барсакелмес 16 мыңнан астам гектарды алып жатқан. Су тартылған кезеңде аң-құстардан айырылып қалу қаупі туады. Мемлекеттің дер уақытында көрсетілген экологиялық жобаларының арқасында 2000 жылдары қорықтың экожүйесі қалыпқа келе бастайды. Үкімет қаулысымен 2005 жылы табиғи резерват аумағы 10 есеге ұлғайтылды. Қорықтың Қасқақұлан, Тоқпан, Ұзынқайыр, Төртқопақ сынды аумақтарында жайылатын сүтқоректілер, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушыларды 15 мемлекеттік инспектор қатаң бақылауда ұстайды. Дегенмен Барсакелместің байлығы ғылыми тұрғыда әлі де терең зерделеуді қажет етеді.
– 11-ші аумақтан бақылау жұмыстары мен мониторинг жасалынады. Мәліметтер ғылыми-зерттеу жұмыстарына пайдаланылады. Жалпы қорықта 5 тақырып бойынша жұмыстар жүреді, – дейді қорықтың Ғылым және экологиялық ағарту бөлімінің басшысы Арман Жылқайдаров
Қорық шөлді жерде болғандықтан, бұнда сексеуіл де, сулы жерінде қамыс та көп. Күн ысығанда өрт қаупі жоғары. Табиғат ерекшелігіне орай қысы салқын, жазы өте ыстық аймақта өрт қауіптілігі бойынша 1,4 класқа жатады. Осыған орай, сәуір, қараша айларында өрт қауіпсіздігі кезеңі орнатылып, мемлекеттік инспекторлардың қатаң бақылауында болады. Тұрғындар арасында қорық режимін, өрт қауіпсіздігінің сақталуы бойынша үгіт-насихат жүргізіледі. Қорықшылар қашаннан сақтық шараларын берік ұстаймыз дейді.
– Өрт болған жағдайда резервке 2 тонна жанар-жағармай, 2 тонна бензин дайындап қойдық. Азық-түлігі, құрал-сайманы, сабалақтары дайын тұр. 1 өрт сөндіру арнайы техникамыз, су тасығыш және УАЗ, НИВА көлігі бар. Барлығы сақадай-сай. Өрттің алдын алу бойынша 7 мотоцикл күнделікті бақылау-шолу жұмыстарын жүргізіп тұрады, – деді мекеме басшысы.
Барсакелмес – экологиялық апат ошағында орналасқан жалғыз қорық болғандықтан, бұл шөлейттенуді терең зерттеуге таптырмас ашық аспан астындағы табиғи лаборатория болып саналады. Дегенмен әзірге экологиялық ағарту және экотуризм ұйымдастыру жағы кемшін. Қорық мамандарының айтуынша, зоологиялық және гидробиологиялық экспедиция жиі ұйымдастырылса, табиғи өсімнің нақты болжамдары айқындалып қалар еді, – дейді.
Жуырда Сәтбаев университетінің ғалымдары Арал теңізі табанынан тұщы су көздерін тапқанын мәлімдеді. Олар 500 метр тереңдіктен су тартып, қуанышты жаңалықтарымен бөліскен-ді. Ал Барсакелместе бұдан оншақты жыл бұрын шетелдік қорлардың көмегімен 800 метр жер астынан тұщы су шығарып, арнайы құрылғылар қойылған болатын. Бүгінде сол су бағанасының айналасы көлге, аң-құстың мекеніне айналған. Осы секілді әр жерден ұңғымалар орнатып су шығарса, Аралдың экологиялық күйіне қосар үлесі, табиғатын қалпына келтірер сауабы мол іс болар еді. Қанша дегенмен тұщы су – өмір, ал өмір бар жерде тіршілік тез дамиды. Оның үстіне шөлейтті аймақтың өзіндік оазисі қалыптасса, көгалдандыруға да климатқа да үлкен септігін тигізіп, экожүйені реттеушіге айналарына кәміл сенеміз.