«Барым да, нарым да – қызым» дейтін...

Жүкең – өзіміздің Жолдасбек аға, көпшілік қаламы жүйрік журналист ретінде танитын Жолдасбек Дуанабай туралы естелік жазуға талай рет оқталдым.
Алайда отыз жыл бойы таныс болған адам туралы өткен шақта әңгіме айту оңай емес екен.
Біз 1990 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті атандық. Көп ұзамай ауылда жүргенде қолымыздан тастамай оқитын «Жас Алаш» (ол кезде «Лениншіл жас») газеті редакциясын жағалай бастадық. Жазған-сызғанымыз болса да, болмаса да, сәл қолымыз қалт етсе редакциядан табылатынбыз. Жастар газетінің қызметкерлерін түгел танымасақ та, үнемі күліп қарсы алатын, бағыт-бағдар беріп, жол көрсететін Жолдасбек ағаны жағалайтынбыз. Оқушы дәптеріне қолмен жазылған мақала деуге онша келіңкіремейтін хабар-ошарымызды қабылдап алып, бәйек болып шығарып салатын. Кейде редакцияға жай ғана соғып кетеміз. Ондайда «Хош келіпсіз, бос келіпсіз» деп, алдағы уақытта қандай тақырыпта мақала жазуға болатынына жөн сілтейтін.
Біз де университетті тәмамдап, Жүкеңмен әріптес ретінде бір ұжымда алдымен «Жас Алашта, сосын «Айқында» ұзақ жылдар қызметтес болдық. Ол біз алғаш көрген қалыбынан еш өзгерген жоқ. Редакция жағалаған, жазуға құмар жастардың бәрі дерлік ағамыздың қасынан табылатын. Оның қойны-қонышы толған идея болатын. Сондықтан бүгінде қазақ басылымдарында қызмет істеп жүрген кейінгі толқынға Жолдасбек аға жақсы ұстаз бола білді дегім келеді. Ол үлкеннің де, жастың да, тіпті баланың да тілін табатын.
Жүкеңнің қаламының қарымын оқырман қауым менсіз де жақсы біледі. Оның үстіне өзге әріптестер де жан-жақты айтқан болар. Ол өте еңбекқор болды. Тыным таппайтын. Жаңалықтың бел ортасында жүретін. Қазіргідей интернет, әлеуметтік желі дамымаған кездің өзінде жаңалықты елден бұрын біліп отыратын және тез әрі тап-тұйнақтай етіп газетке ұсына білетін.
Ол айналасындағы жастарға ағалық қамқорлығын аямады. Бір кездері Алматы қаласында қазақ балаларының балабақшаға, мектепке орналасуы қиын еді. Өздері пәтерден-пәтерге көшіп жүрген олардың ата-анасы қалада тіркеуде болмағандықтан, осындай қиындық бәрінің дерлік басынан өтті. Жолдасбек аға ұзақ уақыт білім саласын жазды. Осы салада азды-көпті таныс арттырды. Әлгі балабақша мен мектепке баласын орналастыра алмағандардың көбіне қолғабыс жасағанын көзімізбен көрдік. Оның бар қазақтың баласына жаны ашитын. Жастар оқып, заманына сай білім алса екен дейтін. Темекі тартып, бұрыс жолда жүргендерді жөнге салғысы келетін.
Кейінгі жылдары Жүкеңмен көрші тұрдық. Бірде есік алдында кездесіп қалдық. «Осы күнгі жастарды түсінбеймін, қолдары босай қалса бұрыш-бұрышты жағалап темекі тартады. Жайлап қастарына барып, «Қалқам, сен өзіңнің әп-әдемі екеніңді білесің бе? Сен болашақ анасың ғой» деймін. Қазір олар мені көрсе бұрылып қашатын болды», – дейді күліп. Мүмкін, Жүкең өзінің майда тілімен талай жасқа ой салған шығар, кім білсін?!
Үнемі бір жерде жүрген соң ба, біз өте етене араластық. Ол сендегі қандай да бір өзгерісті байқап қоятын. Жұмысқа жаңа киіммен барсақ, тамсанып қарап, «Мынаның мужскойы бар ма? Әдемі екен. Материалын ұстап көруге бола ма?» дейтін. Жолдасбек ағаның мұндай қалжыңдарына әбден етіміз үйренген. Ол кабинетке кіріп келсе қалжыңдасып, мәре-сәре болып, бір серпіліп қалатынбыз.
Сырт көзге үнемі көңілді жүретіндей көрінетін оның кейде мұңаятын кездері де болатын. Жайлап жанымызға келіп, ішкі сырын ақтаратын. Әсіресе құдай қосқан қосағы өмірден озғаннан кейін тіпті көңілшек болып алды. Ондайда «Ойпырым-ай, Жүке, қартаяйын дедіңіз бе, әлі Динаны ұзатамыз, немере сүйесіз. Жаңа өміріңіз енді басталайын деп жатыр» деп өзімізше жұбатып, жігерлендірген боламыз. Расында, ол бүкіл ғұмырын өзі таңдаған мамандығы – журналистикаға, сосын, жалғыз тұяғы Динаға арнады десек болады.
Қаланың қақ ортасында отырса да, қызына қазақы тәрбие берді. Әкесінен аумайтын кішкентай қыз кейде жұмысқа бірге келетін. Ол үнемі қызының қамын ойлады, оның көңіліне қаяу түсіргісі келмеді. Қызы бой түзеп, өсіп қалған кезінде «Шіркін-ай, мен қанша асты-үстіне түсіп өбектесем де, анасындай бола алмаймын-ау. Маған айта алмайтын сырын анасына айтар еді ғой» деп мұңаятын. «Жұмыс күндері үйден ерте кетіп, кеш келемін. Сол үшін демалыс күндерімді негізінен Динамен өткіземін. Екеуміз дүкен аралаймыз, бір жерге барып тамақ ішеміз. Тіпті кейбір дүкендегі сатушылар екеумізді әбден танып алды. Барсақ, «Қызыңызбен тағы келдіңіз бе?» деп сұрайды» деп отыратын.
Дина біздің көз алдымызда бойжетті. Теңін тауып, ұзатылды. Жолдасбек аға жалғыз тұяғының ақ босағаны абыроймен аттауына барын салды. Қызының бүкіл жасау-жабдығын сән-салтанатымен жасап берді. Анасының орнын білдірмеуге тырысты. Сол кездері аса көтеріңкі көңіл күйде жүрді. «Жүке, жөн білетін анау-мынау бәйбішеден асып түстіңіз» деп өз ойымызбен бөліскенде, «Менің барым да, нарым да қызым ғой. Менде не бар, соның бәрі Динанікі. Қызым бақытты болса, мен бақыттымын» деген-ді. Жүкең жақсы жермен құда болды. Немере сүйіп, ата атанғанда да қуанышына ортақ болдық. Ол, расында, жігерленіп, жаңа өмір бастағандай еді. Өкінішке қарай, оның өмірі орта жолдан кілт үзіледі деп ешкім ойлаған жоқ.