Барыс болып күте алмадық, сені, Барыс жылы!
Әңгімеміздің әлқисасын, Кремль қожайынының айтқанынан бастауды жөн көрдік. Күні кеше Путин «Қазақстан орыс тілді ел» деді.
Өтіміз жарылып кетсе де шындық осы. Өйткені бүкіл билік Ресей тілінде сөйлеп тұр. Заң-зәкөн сол тілде жасалады. Сол Путин қайсы бір жылы «Қазақтарда мемлекет болмаған» деп те лепірген. Оның осылай сөйлеуіне де өзіміз мүмкіндік бердік. Неге десең, дәл осы тақылтес лепес биік мінберден өз елімізде айтылған болатын-ды. Путин соны қайталап отыр. Хош делік. Путиннің бұл айтқандарына жазбамыздың соңында тағы бір айналып соғармыз. Әзірге, тілге тиек етпекші болғанымыз мына бір жайт.
Жыл соңы болғандықтан, кімде болса осы жылы атқарған һәм жасаған тірлігін ой елегінен өткізіп, безбенге салып жатады. Біздікі де сол ыңғай. Әсіресе, бұл жылдың тағы бір ерекшелігі еліміздің қызыл империя құрсауынан азаттық алып, тәуелсіз мемлекет атанғанына 30 жыл болып отыр. Отыз жылда Қазақстан, шын мәнінде, тәуелсіз ел атана алды ма? Ұтқанымыз қайсы, опық жегеніміз неде? Бостан атанғалы бері Қазақстан әлемнің 30-ға жуық мемлекетінде елшілік ашты. Біздің елде өзге жұрттың 40-қа тарта елшілігі жұмыс істеп тұр. Қазақстан БҰҰ және ЕҚЫҰ мүшелікке енді. Халықаралық деңгейдегі осы ұйымдарға төрағалық еткен жылдар да болды. Әлемдік саясатта салмақты орны бар ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі атандық. Одан бері жылжысақ, ТМД, ҰҚШҰ және Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесіміз. Бұл еліміздің саяси-әскери және экономикалық салаларындағы жетістіктерінің көрінісі. Осы ұйымдарға ене отырып, Қазақстан гео-экономикалық саясатта өз орны, өз үні бар екенін қолдан келгенше дәлелдей алды. Мұны жоққа шығаруға, сызып тастауға болмайды. Тәуелсіз елдің отыз жылдық өмірінің, шамамен, жиырма сегіз жылы бір президенттің басқаруында болды. Қазір мемлекеттің тізгіні екінші президенттің қолында. Үкімет он рет ауысты. Қазір он бірінші премьер-министр. Жә, бұл өз алдына жеке әңгіме. Көк байрағымыз. Елтаңбамыз т.б. тәуелсіздікті айғақтайтын атрибуттардың барлығы бар. Шекарамызды шегендедік. Ең үлкен тірлік осы. Бірақ баянды, нақты тәуелсіз ел атандық деп айта алмайтын тұстарымыз да баршылық. Енді соған келсек. Онда да қоғамда жиі талқыға салынатын үш саланы айтсақ жеткілікті.
Біріншісі, Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ өкілеттігі өте мол президенттік басқарудағы мемлекеттікке көшкен ел. Барлық ішкі, сыртқы саясат сол тұстағы президенттің қас-қабағына орайластырылып жасалды. Бұл елде демократияның дамуына, т.б. саяси реформалардың жүруіне тежеу еді. Еш нәтиже бермейтін көпірме ұрандар көп болды. Тәуелсіз, ұлттық мүддеге сай саясат жүргізілді деп айта қою қиын. Бар халықты бір арнаға ұйыстыратын ұлттық идеология отыз жылда жасалмады. Ең үлкен кемшілік осы.
Екіншісі, экономика. Қазақстан жерінде кейбір есептеулер бойынша 15 триллион доллардың шамасында байлық бар екен. Алайда сонша байлықтың көзі бола тұра бар жоғы 20 миллионға жетпейтін халықты асырауға шамасы жетпей тұр. Қалың бұқараның жартысынан астамы кедейшілік деңгейде. Бар байлық үркердей топтың қолында. Отыз жыл өтсе де Қазақстан шикізат отаны болып қала берді. Экономика әртараптандырылмады. Стратегиялық маңызы бар кеніштер, қазба байлықтар сауатсыз жүргізілген экономикалық келісімдердің негізінде шетелдіктердің қолына өтіп кетті. Қазір жеріміздегі қазба байлықтардың 30-40 пайызы шетелдіктердің бақылауында. Қысқасы, Қазақстан өзінде барын өндіргенімен оны өнімге айналдыра алмаған, шикізат күйінде ғана сататын мемлекетке айналды. Демек, ел экономикасы өзгелерге тәуелді деген сөз. Әлемде Оңтүстік Азия мен Оңтүстік Шығыс Азияның экономикасы қарқынды дамыған кейбір елдерін «Азия жолбарыстары» деп атап жатады. Қазақстан да тәуелсіздіктің басында «Біз Орта Азия барысы боламыз» деген. Алайда, Қазақстанда барыстың секірісіндей экономикалық қарқын, жедел даму болмады. Өкінішке орай, отыз жылда біз барысқа айнала алмадық. Ал алдағы барыс жылы… 30 жылда жасамаған секірісті ғайыптан тайып жылсанаудағы барыс жасап береді дегеннен үміттенудің өзі күлкілі. Қой жылы тәуелсіздік алған Қазақстан бұған дейін екі мәрте барыс жылын қарсы алып көріпті. Ер кезегі үшке дейін деп, үшінші мәрте барыс жылын «барыс бола алмадық» деп қарсы алып жатырмыз, ел аман тұрса, төртіншісіне сілтей сөйлеп отырармыз.
Үшіншісі, Мемлекеттік тіл. Отыз жылда мемлекеттік тілдің рөлін атқаруға тиіс ана тілімізді өз тұғырына қондыра алдық па? Жоқ. Бәрі керісінше. Әңгімемізді Путиннің Қазақстандағы орыс тіліне байланысты айтқанымен бастап едік. Ары өрістетейік.
«Путин не айтса да шындықты айтты. Талағымыз тарс айырылса да, ақиқаты сол! Кремль қожайыны айтқандай, Қазақстан толығымен орыс тілді мемлекет. Шығыс және Солтүстік облыстарда қазақ тілі есіктен сығалай алмайтындай халде. 30 жыл деп күпінеміз, елде орыс тілі кеңестік кезіндегі үстемдігін сақтап қалды. Орыс тілін білмеген адам әлі күнге жақсы, ақшалы жұмыс таба алмайды. Билік баспалдағына көтеріле қоюы да екіталай. Қазақ тіліне деген сұраныс төмен. Бұған кім кінәлі? Әрине, бірінші орында билік. Өйткені президент, үкімет, сот, парламент жалпы, билік құрылымдарының тілі – Ресей тілі. Заң сол тілде даярланады. Демек, билік орыс тілінде сөйлеп тұрған елде қазақ тілі қалайша қанат жайсын, көктесін. Керісінше, қазақ тілі солып бара жатыр», — дейді қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай.
Ащы да болса шындық осы. Бұған алып қосарымыз жоқ. Демек, халқы өзге тілде сөйлейтін, саясаты мен экономикасы өзге жұртқа тәуелді елді (біз өзге салаларды қосып отырған жоқпыз) тәуелсіз мемлекет деп айта қою қиын. Десек те, «көш жүре түзеледі» демекші, отыз жыл іргелі, баянды мемлекет құру үшін аздық етуі де мүмкін. Өйткені екі алып империяның (Ресей, Қытай) ортасында отырған, бұдан тыс әлемнің дара қойжайыны секілді болып тұрған АҚШ-тың, Еуропа елдері, Араб әлемі, Түркі дүниесі секілді жұртшылықтың көңілін тауып, олармен жымдаса жұмыс жасау, саясат құру оңай шаруа емес. Уақыт керек. Кешегі өткен сақ-ғұндардың, көк түріктердің Алтын орданың мұрагері Алаш баласы да әлі-ақ керегелі, шаңырақты алып қағанатқа айналар. Саясатымызды жеке дара жүргізер, экономикамызды тәуелсіздендірер, тілімізді ұлтаралық тіл етіп, мейманасын тасытар кез де келер.
Жолбарыстан – бөрі, бөріден – түлкі, түлкіден – бақа-шаян деп келетін әлгі бір аңыз еске түседі. Ертеден-ақ аю мен айдаһардың ортасында тұрғанымыз да жиі айтылады. О баста барыс тотемін таңдап алғанда ая мен айдаһардың арасында барыс болып, жымымызды білдірмей жүре тұрсақ деген-ау сірә. Әйтпесе, жақын арада төтен дамыған, экономикасы гүлденген «Орта Азия барысы» болатын түріміз көрінбейді.
Барыс жер бауырлап әлі жатыр. Бауырын жазып, серпіліс жасар сәтін күтіп, мүшел санап біз жүрміз...