Бас-басына бір АЭС. Үлкенді Ресейге бердік, Қытайды қайтеміз?
14 маусымда Қазақстан үкіметі алғашқы АЭС-ті салу құқығын ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясына беру жөнінде шешім қабылдады.
Алайда биліктің бұлай хабары қоғам арасында бұрыннан айтылып келе жатқан «АЭС-ті Ресей салады» дегенге дөп келіп, түрлі пікір туғызды. Бір жағынан, билік бұл қадамды энергетикалық қажеттілік деп түсіндірсе, екінші жағынан сарапшылар мен белсенділер саяси-экономикалық тәуелділік, қауіпсіздік және тиімділік тұрғысынан алаңдаушылық білдіріп жатыр.
Байқауға төрт елдің компаниясы – Ресейдің «Росатом», Қытайдың CNNC, Францияның EDF және Оңтүстік Кореяның KHNP қатысты. Барлық үміткерлер жобаның құны, мерзімі, қаржыландыру моделі, үлес және кадр даярлау шаралары бойынша жоспарларын ұсынды. Үкіметаралық комиссия мен халықаралық сарапшылар жүргізген бағалау нәтижесінде «Росатомның» ұсынысы «Қазақстан үшін неғұрлым оңтайлы және тиімді» деп танылып, бірінші орынға шықты. Қытайдың CNNC екінші орын алған болса, француз және оңтүстіккореялық ұсыныстар үшінші орынға жайғасты. «Росатом» салатын станция ВВЭР-1200 типті екі энергия блогынан тұрады және оларды 2035 жылға қарай іске қосу көзделген.

Ресми билік «Росатомды» таңдау шешімінің астарында геосаяси емес, таза техникалық-экономикалық негіздер жатқанын алға тартады. Энергетика министрлігі өкілдерінің айтуынша, іріктеу процесі әділ өткен, оған халықаралық сарапшылар тартылған және шешім тек ұсынылған жобалардың тиімділік критерийлеріне қарай қабылданған. Мәселен, АЭС жобасының бас мердігерін анықтаудағы басты талап – Қазақстанның технологиялық дербестігін қамтамасыз ету болғаны айтылды. Агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, болашақ станция толықтай Қазақстанның меншігінде болып, оны өз мамандарымыз басқаратын болады, ал шетелдік серіктес тек құрылыс жасап, технологияны іске қосып берген соң кетеді. Есесіне, барлық негізгі технологиялық процестерге отандық кадрлар жауапты болмақ. Бірақ министр кезінде сүйкімі әбден кеткен Сәтқалиевтің сөзіне ешкім сенген жоқ.
Әлбетте, тәуелсіз сарапшылар мен қоғам белсенділері бұл шешімге күмәнмен қарайтын тұстары бар. Ең алдымен айтылатын уәж – «Росатомға» сүйену Қазақстанды Ресейге саяси және технологиялық тұрғыда кіріптар етіп қоймай ма деген сауал. Атом станциясы – ұзақмерзімді (ғасырлық) инфрақұрылым. Оны салған ел тек құрылыс кезінде ғана емес, іске қосылғаннан кейін де отынмен қамтамасыз ету, техникалық қызмет көрсету, қалдықтарды басқару сияқты аспектілерде ықпалын сақтайды. Егер атом станциясы елдің жалпы электр өндірісінде елеулі үлес алатын болса, сол ел сыртқы серіктестің көңіліне қарайтын жағдайға түсуі ғажап емес. Ядролық энергетика сонымен қатар қауіпсіздік тұрғысынан да қатер әкеледі.
Қазақстандық мамандар да осыған ұқсас қауіптерді айтады. Энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев бұл мәселенің астарында терең стратегиялық тәуелділік жатқанын ескертеді. Оның айтуынша, «егер Қазақстан ресейлік реакторды таңдаса, онда біз тек сол реакторға сай келетін отынды ғана пайдалана аламыз – бұл, негізінен, Ресейден жеткізілетін отын». Мысалы, Украина кезінде Ресей отынынан АҚШ отынына ауысу үшін көп күш пен қаржы жұмсаған. Бірақ Украинадағы реакторлар мен Қазақстанға жоспарланған реакторлар әртүрлі, сондықтан мұндай «тәуелділіктен шығу» жолы біз үшін тіпті қиынырақ болмақ.
Иә, тәуелділік мәселесі тек саяси қауіп қана емес, сонымен бірге технологиялық және қаржылық тәуекелді қамтиды. Бүгінде «Росатомның» өзі тікелей санкцияда болмаса да, оның кейбір еншілес кәсіпорындары мен жабдықтау тізбегі Батыс санкцияларының жанама ықпалында қалған. Мәселен, Финляндия 2022 жылы Ресейдің Украинадағы соғысына байланысты «Росатоммен» АЭС салу келісімінен бас тартты (Hanhikivi жобасы). Қазақстан қоғамында да «Росатомға» санкция күшейсе, біздің жоба тоқтап қалмай ма» деген сауал жиі қойылады. Алайда қазақстандық атом агенттігі бұл жайында алаңдауға негіз жоқ деп сендіруге тырысады. Ведомствоның хабарлауынша, «Росатомның» санкцияларға ұшырауы Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысына әсер етпейді, тіпті келісімге арнайы «санкциялық жағдайлардан сақтану» шарты енгізілмек.

Екінші АЭС-ті Қытай сала ма?
16 маусым күні Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапармен келді. Оның бұл сапары – жай ғана достық кездесу емес, Орталық Азияға қатысты геосаясаттағы салмақты жүріс болмақ. Bloomberg мәліметінше, бұл сапар Қытайдың өңірдегі ықпалын күшейтіп, Ресей мен Батысқа қарсы өз геостратегиялық алаңын бекемдеуін білдіреді. Оны үстіне Қытай басшысының келуі G7 саммитімен қатарласа өткізіліп жатқаны да – Пекиннің жаһандық бәсекеге ашық түрде араласуын көрсетеді. Бір жағынан, Си Цзиньпиннің сапары дәл осы кезеңде болуы – екінші АЭС жобасы Қытайға берілуі мүмкін деген саяси сигнал ретінде қабылдануы да ғажап емес. Бұл тек технология емес, аймақтық ықпалдың кімге тиетіні жөніндегі жарыс. Сондықтан АЭС айналасындағы шешімдер энергетикалық логикамен қатар, геосаяси есеппен де қабылданып жатқаны байқалады.
Ал билік мәлімдемесіне сәйкес, Қытайдың барлық қажетті технологиялары мен өндірістік базасы бар, сондықтан екінші станцияны солармен салу – келесі басым бағыт. Қазіргі уақытта қытайлық тараппен келіссөз басталған, егжей-тегжейлі шарттар талқыланған соң түпкілікті шешім қабылданбақ. Яғни алдағы жылдары Қазақстанда бір емес, екі АЭС құрылысын қатар жүргізу жоспары туындап отыр.
Әрине, АЭС құрылысына Қытайдың қатысуы да қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Бірқатар сарапшылар ҚХР инвестициялары мен технологиялары да Қазақстанды белгілі бір дәрежеде тәуелділікке алып келеді деп есептейді, тек сипаты басқа. Егер ресейлік ықпал саяси-қауіпсіздік тұрғысынан қауіпті көрінсе, қытайлық ықпал экономикалық тұрғыда басым болуы мүмкін.

Дос Көшім, саясаттанушы: Енді Ресейдің қолында тағы бір «қару» болады
– АЭС салу жобасы бірнеше жылдан бері Ресейдікі болған. 2009 жылдары да АЭС-ті алдымен Ресей Ақтауда салатын болған. Сондықтан кейінгі жылдары АЭС жайлы сөз қозғала бастағаннан-ақ оның «Росатомның» салатыны белгілі болып қойған дүние еді. Сондықтан кешегі референдум өткіземіз, тендер өткіземіз, оған франциялық, оңтүстіккореялық компаниялар қатысады дегеннің барлығы халықты алдау ғана. Енді қоғам қанша наразылық білдірсе де бұл шешімнің жақын арада өзгеруі екіталай. Ал саяси-экономикалық тәуелділікке түсіп қалмаймыз ба деп жұрттың алаңдауы да орынды. Себебі «Росатом» салды ма – отынын да, маманын да өзі әкеледі. Кейін қит етсе, саған қарап «диктовать» етіп отырады. Екінші жағынан саяси кіріптарлыққа да түсеміз. Ол жағынан да Ресей «диктовать» етеді. Онсыз да біз қай жағынан болса да Ресейдің артынан еріп келе жатқан елміз ғой. Ал мына жағдайдан соң бұл тіпті артады. Себебі олардың қолында «қару» болады. Сондықтан олардың талабы да күшейе түседі. Ол да заңдылық деп айтар едім. Ал Қытай басшысының елімізге келгені, оны халықтың АЭС-пен байланыстырып жатқаны да табиғи. Қытай да Орталық Азияда салмақты ойыншыға айналғысы келеді. Сондықтан Қазақстан екеуінің де көңілін қалдырмау саясатын ұстанып жатыр.

Ресей мен Қытай: қай ел бірінші салады?
Атом электр станциялары жобасы – тек экономикалық жоба ғана емес, үлкен геосаяси мәнге ие бастама. Сондықтан екі ел де бірінші боп АЭС құрылысын бітіруге тырысады.
Ресей үшін қазақ АЭС-ін салу – абыройлы әрі маңызды жеңіс. Мәскеуге шет елдерге ядролық технология экспорттау – халықаралық ықпалын сақтаудың бір құралы саналады. Украинадағы соғыс салдарынан халықаралық санкцияға тап болған Ресейге жаңа жобалар ауадай қажет. «Росатом» бүгінде жаһандағы атом станцияларының бас мердігері ретіндегі орнын нығайтуға күш салып жатыр: 2024 жылғы есеп бойынша әлемде құрылысы жүріп жатқан 59 реактордың 26-сының мердігері «Росатом». Қазақстандағы жоба – соның бірі әрі Орталық Азиядағы алғашқысы болмақ. Путин 2022-2023 жылдары Астанаға бірнеше сапар жасап, энергия ынтымақтастығын талқылады. Сол кездесулерде бейресми түрде осы АЭС мәселесі де қозғалып, Қазақстанға ресейлік технологияны таңдау үшін қысым жасалды деген болжамдар бар. Ендігі жерде, Ресей Қазақстан арқылы бүкіл Орталық Азияда энергетикалық интеграциясын арттыра алады: алдағы жылдары Өзбекстан мен Қырғызстанда да «Росатом» кіші АЭС салады деп жоспарланған. Яғни Кремль бұл өңірде өз ықпалын ядролық дипломатия арқылы күшейтуге тырысып жатыр. Қазақстанның жобасы осы стратегияның бір бөлшегі.
Қытай үшін Қазақстанның атом жобасына қатысу – Орталық Азиядағы экономикалық экспансиясының жаңа бағыты. Бейжің кейінгі онжылдықта «Бір белдеу, бір жол» бастамасы арқылы аймақта инфрақұрылым, сауда, өнеркәсіп салаларында жетекші инвесторға айналды. Энергетикада да Қытайдың салмағы өсіп келеді: мысалы, Қытай Қазақстан мұнайының ірі үлесін өндіреді, жақында уран кен орындарын сатып алды. Енді атом энергетикасы саласында орнығу – Қытайдың өңірлік стратегиясына сай келетін қадам. Егер CNNC екінші АЭС құрылысын қолға алса, Қытай Орталық Азияда тұңғыш рет ядролық технология экспорттаушысына айналады. Бұл Бейжіңнің беделін өсіріп, өңірдегі Ресейдің дәстүрлі ықпалына қарсы салмақ қоюы мүмкін. Бұған дейін болжанғандай, Қазақстан Қытай компаниясын таңдап, «Росатомнан» бас тарта алмады. Егер Ақорда тек Қытайды таңдап, Ресейді шеттеткенде, бұл Мәскеуге соққы болар еді. Бірақ Қазақстан ондай жолмен жүрген жоқ, бір жобаны Ресейге, екіншісін Қытайға берді.
Тұрсынбек БАШАР