Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:12, 22 Желтоқсан 2022

«Бас-басына би болған өңкей қиқым...»

None
None

Абайдан артық кім айтсын? Елдің сиқын қашырған кімдер? Әрине, бас-басына би болғысы келгендер.

Әрқайсы жеке-жеке партия құрып, алды-алдына айғайлап жүргендер саясатты саудаға айналдырып болды. Құдды, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде көшеге шығып кеткен коммерсанттар дерсіз.

Дамыған елдер мен демократиялық мемлекеттерде саясат елдің тұрақтылығы мен әлеуетіне, экономикасы мен мәдениетіне қызмет етеді. Бір сөзбен айтқанда, озық елдерде саясат мемлекеттің күретамыры. Ал Қазақстанда саясат кландардың ойыншығына, ақшалы топтардың қаруына, ақшасыз халықтың көз жасына айналғалы қашан? Тақырыптан алыс кетпейік!

Осы аптада Қазақстанда жаңа партия тіркелді. Тіркелді деп айту сәл ертерек шығар. Әділет министрі Қанат Мусин «Respublica» саяси партиясын құру туралы хабарламаның келіп түскені жайында ғана ақпарат берілгенін нақтылапты. Бірақ кейбір баспасөз құралдарында партияның құрылғаны туралы жаңалықтар жарыса жазылған-ды. Әділет министрлігі БАҚ өкілдеріне нақтыланбаған ақпарат бергені үшін кешірім сұрапты.

Оны қойшы, тіркелемін деген партия тіркелмей қомайды ғой. Әділет министрінің аузынан шықты ма, онда бұл «батасы» берілген шаруа. Сонымен, «Respublika» атын алған су жаңа партияның құрамындағылар кілең жас кәсіпкерлер мен әртістер, блогерлер көрінеді. Араларында аты жұртқа танылып қалған Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Максим Барышев, Динара Шүкіжанова және «екінші болғысы» келмейтін Қуаныш Шонбай, Бейбіт Әлібеков және Нұрлан Қоянбаев бар екен. Партия төрағасы – кәсіпкер, «Олжа Агро» компаниясының бас директоры Айдарбек Ходжаназаров деп жазылып жатыр.

Әркімнің партия құруға, саясатпен айналысуына хақы бар дейміз ғой. Бірақ бір күн «атан» болмағандар, аяқ астынан «бура» болса, артылған жүкті қалай көтерер екен? Біз атын атап, түсін түстеген жігіттердің жас шамалары 35-45 аралығындағы азаматтар. Жеке бастарына тіл тигізуден аулақпыз, бірақ арасындағы бір-екеуі болмаса, өзгелері саясатта мұрны қанап көрмеген, ақшаны халықтан биік қоятын тиын тапқыштар.

Елге жанашыр, қазаққа қайырымды партияны кімдер құруы керек? Елдің ішкі әлеуметтік жағдайын білетін, сыртқы саясатын түсінетін, халықтың мұң-зарын билікке жеткізе алатын, талаптарын орындатуға қауқары жететін азаматтар партия құрса, ондай партиядан үміт күтуге болар еді. Ал саясаттың исі мұрнына бармайтын, тиын терген саудагерлерден қазақтың қотырын қаситын жанашыр партия шығады деу – қысыр сиырдың уызынан дәметумен бірдей.

Мысалы, тәуелсіздіктен бергі 31 жылдың кемі жиырма жылын саясатқа арнаған Жасарал Қуанышалин, Ермұрат Бапи, Досым Сәтпаев, Қарлығаш Еженова және Марғұлан Сейсембай, Мұхтар Жәкішев, Арман Шораев, Рысбек Сәрсенбай, Бақытжан Төреғожина сияқты кәнігі саясаткерлер мен саясаттанушылар, экономистер мен тиыннан теңге құраған кәсіпкерлер партия құрса, ондай саяси топтан қазаққа келер қайыр көп болар еді. Бұлардың әрқайсысы бір-бір тау, бір-бір тұлға. Саясаттың жілігін шағып, майын ішкен, ойдан салса, төске озатын саңлақтар кілең.

Ал Шонбай мен Қоянбаев қазаққа не береді? КВН-шиктер саясатты сайқымазаққа, блогерлер былыққа, коммерсанттар саудаға айналдырып жібермесіне кім кепіл?! Билік ақша қуғандар мен атақ қуғандардың партиясын не үшін тіркегенін түсіну үшін аса ақылды болудың қажеті шамалы. Ақшаның артына түскен адамның қарны тоқ, көйлегі көк. Олар халықтың жоғын түсінбейді, зарын тыңдамайды. Билікке жоқ-жітіктің сөзін сөйлемейтін, қарны тоқ, қарсылығы жоқ мақұлбайлар керек! Ал әртістерді халық таниды. Олардың партияда болуы – жаңа құрылған партия үшін «авторитет». Жоғары жақтағы қазақтан «қажыған қайраткерлерге» Қоянбаевтың бір-екі ауыз қығытпа қалжыңы қажет болған шығар, кім білсін? Бірақ қазақтың қазіргі хәлі күлетін емес, жылайтын күйде. Билік болса, қалтасы қалың кәсіпкерлер мен күлкісі тоқ әртістерден партия құрып, өз саясаттарын жүргізбекші...

Айтпақшы, осыдан бір ай бұрын Азаматхан Әміртай «Байтақ» деген экологиялық партия құрған болатын-ды. «Байтақтың» артында Олжас Сүлейменов тұрғанын саясаттан хабары бар жұрт іштей сезеді. Жиырма жылдан кейін тіркелген бұл партия да билікпен ымыралас. Ал Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстанды балық тілдес, бақа үндес саяси қарым-қатынас құрмайтыны бесенеден белгілі.

Тегтер: