Бас изеп тапқан табыс
Депутаттардың ақшасы тағы көбейеді
«О тықырмен бұ тықырдың жөні бөлек» демекші, отыз жылдық Назарбаев кезеңінде өткен сайлаулармен салыстырғанда бүгінгі Тоқаев дәуіріндегі сайлауларда айырмашылық баршылық. Ертеректегі сайлаулардың негізгі тіні Назарбаев билігіне шектеусіз өкілеттілік бере отырып, қандай да жолмен болсын алға соза беру болса, бүгінгі сайлаулардың өзегінде демократиялық құндылықтарды ұстана отырып, Жаңа Қазақстанды құру жатыр. Бірақ шақшадай басты шарадай қылатын бір күмән, ол – жасампаз мелекет құрамыз деп даурыққанмен, тамырын тереңге тартып, шырмауықтай шырмаған ескі жүйені тоз-тоз етіп, соны соқпаққа түсе аламыз ба?..
Қазақстан бір жылға толар-толмас мерзімде жеделдете бір референдум, төрт сайлауды (президент, сенат, мәжіліс және мәслихат) өткізген әлемдегі жалғыз мемлекет. Өзге жұрт мұндай тәуекелге бара алмас. Тәуекелшіл, өткенді талақ етіп, жаңғыруға тырысқан жалғыз мемлекет біз секілдіміз. Төрт құбылаға сауын айтып, ұлы жіңгір сайлау өткізу үшін де қаржы керек. Онда да аз еме-е-ес. Кө-ө-п. Кейбір есептеулерге қарағанда еліміздің зерттелген байлығының жалпы құны 15 триллионның шамасында көрінеді-мыс. Демек мыс-мыс ақша қоржында жатыр деуге болатындай. Олай болса, барды киіп, бақанды қолға алып дегендей қаржыны төге отырып, неге елдің даму тегершігі болатын сайлаударды өткізбеске! Сірә, біздің билік осы ұстанымда болса керек.
Нақтылай түсетін болсақ, өткен жылы маусымның бесінші жұлдызындағы Конституцияға өзгерістер енгізу үшін болған жалпыхалықтық референдумға 16 миллиард 460 миллион теңге, сол жылы қарашаның 20-да өткен президент сайлауына 20,5 миллиард теңге, 2023 жылдың 14 қаңтарындағы сенат сайлауына түскен әрбір 20 кандидатқа 550 мың теңгеден, наурыздың 19 күні өткен мәжіліс пен мәслихат сайлауына 33,4 миллиард теңге мемлекет қазынасынан бөлінген екен. Аз емес. 70 миллиардтың үсті. Алайда бұл қаржы демократиялық қағидаларға сүйенген, жасампаз Жаңа Қазақстан құруға тамызық болып жатса, еш өкініш жоқ-ау. Тек Жаңа Қазақстанның атын жамылып, соқыр көргенінен жазбайдының керін келтіріп, ескі сүрлеуді шиырлап жүрмесек болғаны да. Осы тақырыпты тілге тиек еткен, саясаттанушы Ерасыл Ислам:
«Бәлкім, қазіргі геосаясат құбылып, халықаралық жағдайлар ушығып тұрған кезде, оңымызбен солымызды қайта безбендеп, ішкі, сыртқы саясатты қайта саралап, Жаңа Қазақстанның жаңа ұстанымдарын бекемдеп алу үшін бұл сайлаулар қажет те шығар. Сондай-ақ отыз жылдық диктаторлық Назарбаев жүйесінен шаршаған халық, осы сайлаулардан жыл келгендей бір жақсылық, үлкен өзгерістер күтпесе де, әлдебір жылт еткен сәуледен үміт етеді. Тіпті оған кеткен қаржыны есептеп жатқан жоқ. Алайда соңғы мәжіліс пен мәслихат сайлауында орын алған көптеген заңсыздыққа қарап отырып, керемет бір өзгерістің ауылы алыс екенін аңғардық. Тізеге салып, белден басу әлі де бар екенін көрдік. Халықтың сенімінен шығып кеткен, билік партиясы әкімшілік ресурсты пайдаланып, парламентте бәрібір басым дауысқа ие болатын болса, партиялық тізіммен ескі жүйенің «қолбалалары мен бұлбұлдары» қайтадан парламентке барып жатса, әзірге «Жаңа Қазақстан» елес болып қалмақ. Яғни «баяғы жартас, сол жартас» болып қала берсе, осыншама қаржыны шашып, сайлау өткізудің не мәнісі болды деген де ой келеді. Сайлау қуып сарсылғанша, халқы кеміп, иен қалған шекаралық аудандарды қалпына келтіруге, айналада болып жатқан қанды қақтығыстарды ескере отырып, қаруы ескі қарулы күштерімізге заманауи қарулар алуға, атыс құрал-техникаларын шығаратын қорғаныс өнеркәсіп кешендерін салуға жұмсау әлдеқайда тиімді ме еді», – дейді.
Ал сарапшы-экономист Мақсат Халық:
«Мемлекеттік межемен алсақ, 70 миллиард көп ақша емес. Алайда аз да емес. Осы қаржымен біраз тірліктің басын қайырып тастауға болар еді. Амал қанша? 70 миллиардқа не істеуге болады? Мәселен, құны 3 миллиард деп есептеп, заманауи стандартта, шамамен 1200 балаға арналған 20 мектеп салып тастауға болар еді. Не болмаса, 2 миллиардтан есептесек, ауылды мекендерде 35 аурухана салуға жететін қаржы. Тіпті болмаса, бұл қаржыны әлеуметтік салаға бұрып, халықтың табысын арттыруға, арнайы әлеуметтік төлемдер төлеуге, көпбалалы аналарды қамтамасыз етуге, мүгедек азаматтарды демеуге, қайырымдылық жасауға болар ма еді? Десек те сайлау керек. Мемлекетте өзгерістер керек. Сондықтан қаржы далаға шашылды деп өкінуге болмас. Онда да бұл сайлаулар қайырын беріп, еліміз демократиялық жолға түсіп, әділ қоғам орнап жатса, 70 миллиардтан астам қаржы желге ұшты деп ешкім айта қоймас», – дегенді айтады.
Айтпақшы, биылғы жылы екі палатаның депутаттарын ұстап тұру үшін 22,2 миллиард теңге қарастырылып отыр екен. Ал өткен жылы 17,2 млрд, 2021 жылы 13,7 миллиард теңге болыпты. Демек депутаттардың да «тәбеті» ашыла түскен сынды.
Әлбетте, олар өздеріне бөлінген қаржының көбеюін өздері ұстап тұра алмаған, ешқандай ықпал ете алмаған бағаның қымбаттауы, теңгенің құнсыздануымен түсіндіретіні анық. Парламенттегі «көкелердің» несібе-ризығын қызғанып тұрған жоқпыз. Тек билікті мақұлдап, бас изеумен тапқан табыс көзге түскіш келетіні бар...
Дегенмен кейбір деректерге қарағанда, депутаттардың айлығы еңбек өтіліне және қандай да бір комитетке мүшелігіне байланысты екен. Шамамен 600-800 мың теңгенің көлемінде көрінеді. Әрине, бұдан тыс «көл-көсір» жеңілдіктер (қызметтік пәтер, қызметтік көлік, іссапарлар, тегін медициналық емдер, т.б.) сондай-ақ сыйақылар баршылық. Айтпақшы, былтыр президент депутаттармен әкімдердің айлығын көтеруге бес жылға мораторий жариялаған. Бұл мәселеге мәжілістің «су жаңа» депутаттары қалай қарамақ? Әлде қымбатшылықты желеу етіп, президенттен мораторидің күшін жоюды һәм жалақыны көбейтуді сұрар ма екен?