Бас прокуратура Нұрбол Назарбаевтың активтеріне қатысты сауалға жауап берді
Бас прокуратура Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың активтеріне қатысты тексеріс жүргізіп жатқанын растады.
Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутатының сауалына жауап бере отырып мәлімдеді.
Жақында Нұрбол Назарбаевтың сот шешімімен 57 миллиард теңге көлеміндегі активтерінен айырылғанын және оның барлық банк шоттары бұғатталғанын хабарлаған болатын.
Депутат Зайытов өз сауалында Болат Назарбаев пен оның отбасы иемденіп алған базарлар мен жер телімдері туралы қоғамда түрлі пікірлер бар екенін атап өтті.
«Қоғамда бұл әулет иемденген базарлардың рейдерлік жолмен алынғаны, сондай-ақ Алматы мен Алматы облысындағы заңсыз жер телімдері туралы түрлі ақпараттар тарап жүр. Әсіресе олардың аты “Алтын Орда” базарымен жиі байланыстырылып айтылады», – деді депутат.
Депутат Бас прокуратурадан Нұрбол Назарбаевқа тиесілі барлық активтерді түгендеп, заңсыз алынғандарын мемлекетке қайтаруды талап етті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: НҰРБОЛ НАЗАРБАЕВТЫҢ БИЗНЕС ИМПЕРИЯСЫ
Бас прокуратура жауабы
Бас прокурор Берік Асыловтың мәліметінше, заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару жөніндегі комиссия шешімдері аясында жалпы 1,3 триллион теңге көлемінде шаралар қабылданған. Атап айтқанда:
- 750 миллиард теңге және 103 миллиард теңге көлеміндегі мүлік ерікті түрде мемлекетке қайтарылған;
- 112 миллиард теңге — мәжбүрлі түрде өндірілген.
Нұрбол Назарбаевқа қатысты Асылов былай деді:
«Активтерді қайтару жөніндегі жұмыстар заңмен қорғалатын құпияны сақтау арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланып отыр. Бұл жұмыс сіздің сауалыңызда аталған тұлғаларды да қамтиды. Сіз ұсынған деректер заңсыз иемдену, шығару және активтерді қайтаруға қарсы іс-қимыл барысында ескеріледі».
“Алтын Орда” базарына қатысты
Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның “Алтын Орда базарын рейдерлік жолмен тартып алу” туралы мәлімдемесіне түсініктеме берген еді. Ол кезде Қойгелдиев:
«Рейдерлік басып алу әрекеттері расталмады», – деп хабарлаған болатын.
Айта кетейік, жақында Астана сотында Активтерді қайтару комитеті Нұрбол Назарбаевтың заңсыз жолмен келген байлығын анықтап, сотқа талап-арыз берген. Істі жабық режимде қараған, дегенмен сот комитеттің талабын толық қанағаттандырған. Нәтижесінде, Назарбаевтан бірнеше млрд мемлекет пайдасына өндіріліп, сот оған қосымша 925 млн теңге айыппұл және 230,4 млн теңге өсімпұл төлеуге міндеттеген.
Алайда бұл оқиғамен іс бітпеді. Астана қаласының ауданаралық азаматтық сотында Нұрбол Назарбаевқа қатысты тағы бір талап бойынша жаңа сот процесі басталғаны хабарланды. Бұл жолы да жауапкер ретінде Н.Назарбаевтың өзі көрсетілген. KazTAG агенттігінің мәліметінше, бастапқыда сот органдарының ашық порталында тіркелген іс туралы ақпарат көп ұзамай алынып тасталған. Сот өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарының сауалына «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң талаптарына сай іс-материалы құпия болғандықтан, толық ақпарат бере алмаймыз» деп жауап берген.
Нұрбол – Болат Назарбаевтың үлкен ұлы. Жеке өзі саясаттан аулақ жүргенімен кейінгі жылдары қомақты байлығымен көзге түсті. Forbes Kazakhstan журналының мәліметінше, 2025 жылы Нұрбол Назарбаев Қазақстанның ең бай бизнесмендері тізімінде 57-орында болған, байлығы 179 млн долларға бағаланған. 2024 жылы оның байлығы 170 млн доллар (49-орын), 2023 жылы 155 млн доллар (45-орын) деп көрсетілген еді. Яғни Нұрбол Назарбаевтың бизнес активтері аз уақыт ішінде айтарлықтай өскен.