Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Бас прокуратураның «Дубайдағы Қазақстанға» неге тісі батпайды?

Дубайдағы Қазақстан
Фото: Ғалым Смағұлұлының карикатурасы

Биыл 14 наурызда ҚР Бас прокуратурасы заңсыз шетел асқан активтерді елге қайтару бойынша 2025 жылға арналған есебін жариялады.

Құжат «Заңсыз иемденілген және шығарылған активтерге қарсы іс-қимыл және қабылданған жүйелі шаралар туралы жыл сайынғы ақпарат» деп аталады. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілдегі жазбасын оқу өте қиын екені бәрімізге белгілі, тіпті тіліңіз күрмеліп, тұтығып қалуыңыз мүмкін. Мұны қанша мәрте айтсақ да, шенділердің қазақшасы түзелмей-ақ қойды. Бас прокуратура жариялаған құжат мәтіні де ащы ішекше шұбатылған түсініксіз сөйлемдерге толы екен.

«Жыл сайынғы ақпаратты әзірлеудің және жариялаудың мақсаты – активтерді қайтару жөніндегі қызметтің жариялылығы, ашықтығы және есептілігі қағидаттарын қамтамасыз ету», – деп жазыпты Берік Асылов басқаратын қадағалау органы өкілдері. Мұнда прокурорлар «заңсыз шетел асқан активтерді елге қайтару жұмысы ашық әрі әділ жүріп жатыр» дегісі келетін сияқты. Яғни жыл сайын жария есеп беріп отырмыз, көпшілік бәрін көріп отыр дегенге саяды.

Шын мәнінде солай ма? Сарапшылар бұл пікірмен келіспейді. Керісінше, Қаңтар оқиғасынан кейін қолға алынған заңсыз активтерді қайтару жұмысы кейінгі кезде сұйылып кетті деп санайтындар көп. Мысалы, 2022 жылы құрылған Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің атауы 2025 жылдың аяғында Инвесторлар құқығын қорғау комитеті болып өзгерді. Сондай-ақ «ескі Қазақстанның» еркелері де ешқандай қудалау көрген жоқ.

Бірақ Бас прокуратура «жұмыс қарқынды жүріп жатыр» деп есептейді. «Мемлекетке жалпы 1,3 трлн теңгеден аса активтерді қайтару бойынша шара қабылданды. 1,076 трлн теңге мөлшеріндегі актив нақты қайтарылды (ақшалай – 968,5 млрд, заттай мүлік түрінде – 107,7 млрд теңге). Оның ішінде 2025 жылы 316,7 млрд теңге (ақшалай – 278 млрд, заттай мүлік түрінде – 38,7 млрд теңге) қайтарылды», – деп жазылған біз сөз етіп отырған құжатта. Бірақ осы активтер нақты қай елден, кімдерден қайтарылғаны жайлы ақпарат жоқ.

Берік Асылов

Асылов «Дубайдағы Қазақстанды» біле ме?

2024 жылы Еуроодақ сарапшылары америкалық C4ADS үкіметтік емес ұйымының дерегіне сілтеме жасай отырып, 2020-22 жылдары Қазақстанның 1 550 азаматы Дубайдан жалпы құны 1 млрд доллардан (450 млрд теңгеден) асатын 2 700-ге жуық жылжымайтын мүлік сатып алғанын хабарлаған. Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті бұл жылжымайтын мүліктер жайлы ешқашан есеп берген емес, тіпті тексеріс те жүргізбеген сияқты.

Мұндағы 2 700 мүліктің бәрі заңсыз шетел асқан қаржыға алынбаған болуы мүмкін. Арасынан кәсіпкерлер өз қаражатына сатып алған мүліктер табылады. Бірақ дәл осы 2 700 жылжымайтын мүліктің бәрі заңды жолмен сатып алынған деп те ешкім кесіп айта алмайды. Әсіресе бұрынғы және қазіргі шенеуніктердің өздері немесе туыстары иелік ететін мал-мүлікті міндетті түрде тексеру қажет еді. Алайда Бас прокуратура мұндайға бара алмады немесе әлдебір себеп барғызбады.

Наурыздың басында АҚШ пен Израильдің шабуылына жауап ретінде Иран бірнеше араб мемлекетіне соққы жасаған. Сол кезде Иран зымырандарының бірі Дубайдағы Fairmont The Palm резиденциясына түсіп, ғимараттың бір жартысы бүлінген. БАҚ-та осы резиденцияда қазақстандықтарға тиесілі 97 пәтер бар деген ақпарат тарады. «Азаттық» тілшісі Манас Қайыртайұлы аса қымбат резиденциядан ҚР Жоғарғы сотының бұрынғы төрағасы Қайрат Мәмидің, Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы Берік Имашевтің, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің, экс-министр Асқар Жұмағалиевтің, бұрынғы депутат Гүлжан Қарақұсованың, «ҚазТрансГаздың» бұрынғы бас директоры Қайрат Шәріпбаевтың туыстары пәтер алғанын хабарлады.

Дубай
Фото: ащық дереккөз

Осыдан кейін ел арасында «Мемлекеттік қызметкерлер немесе олардың туыстары мұндай аса қымбат мүлікті қандай қаржыға алды?» деген сұрақ туындап, құзырлы органдардан осы 97 пәтерді тексеруді талап еткендер көбейген. Бірақ Бас прокуратура «Дубайдағы 97 пәтерге қатысты ақпаратты тексеруге еш негіз жоқ» деп санайды. Активтерді қайтаруға жауапты мекеме қазіргі заңнамаға сәйкес, шетелден жылжымайтын мүлік алу заңға қайшы емес екенін алға тартады.

Әрине, шетелде жылжымайтын мүлікке иелік ету заңсыз әрекет емес. Бірақ қазіргі немесе бұрынғы шенділер және олардың туыстары шетелден қымбат мүлік сатып алса, ол жеке шаруа емес, мемлекеттік мүддеге саятын мәселеге айналады. Яғни «Шетелден зәулім сарай алған шенділердің табыс көзі қандай?» деген сұрақ туындайды. Өмір бойы мемлекеттік қызметте істеген адам жалақысынан жырымдап, әлемдегі ең қымбат резиденциялардан пәтер ала ала ма?

Не үшін екені белгісіз, Бас прокуратура осы түйінге назар аудармай, «шетелден мүлік сатып алу заңға қайшы емес» деуден танбады. «Жас Алаш» редакциясы Е-Өтініш платформасы арқылы Берік Асыловтың атына ресми сауал жолдап, «Шетелден мүлік алған мемлекеттік қызметкерлердің табыс көзі тексеріле ме?» деп сұрадық. Басты қадағалаушы орган жауапты кешіктірмейді деп сенеміз.

Айтпақшы, Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары табысы мен мүлкі жайлы декларация тапсыруға міндетті. Шенділер декларация тапсырғанда шетелдегі мал-мүлкін көрсете ме? Бұған нақты жауап беру қиын. Жақында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті BES.media порталының сауалына орай қазақстандықтар БАӘ-де 217 жылжымайтын мүлікке иелік ететінін айтыпты.

Салық органдары мұндай ақпаратты азаматтар тапсырған декларациядан және шетелдік агенттіктермен дерек алмасу арқылы алады. Яғни кем дегенде 200-ден аса қазақстандық БАӘ-ден үй алғаны заң жүзінде расталып отыр. Ал шетелдік және отандық зерттеушілер «Дубайда Қазақстан азаматтарына тиесілі 2 700 пәтер бар» дейді. Екі деректің арасында жер мен көктей парық бар. Бірақ Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған есептің өзі мемлекеттік қызметшілердің БАӘ-ден мүлік алғанын растайды. Демек құзырлы органдар бұл ақпаратты індете тексергені жөн.

«Азаттықтың» қазақ бөлімі жасаған зерттеуге сүйенсек, Дубайдан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары Әсел Құрманбаева мен Қайрат Сатыбалды, сондай-ақ экс-премьерлер Асқар Мамин мен Серік Ахметовтің, бұрынғы министрлер Қайырбек Өскенбаев, Асылжан Мамытбеков, Әсет Исекешев, Асқар Жұмағалиев, Ерлан Тұрғымбаев, Қалмұханбет Қасымовтың, сондай-ақ мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулин, бұрынғы депутаттар Гүлжан Қарақұсова, Серік Қонақбаевтың отбасы мүшелері Дубайдан қымбат пәтерлер сатып алған. Көпшілік осы деректерге қарап, жасанды Palm Jumeirah аралындағы Fairmont The Palm тұрғын үй кешенін «Дубайдағы Қазақстан» деп атап кеткен болатын.

Ерлан Сайыров
Фото: ашық дереккөз

Депутаттың дегені болмады

Иран зымыраны тиген резиденцияда қазақстандықтарға тиесілі 97 пәтер бар деген ақпараттан кейін Мәжілістегі «ескі Қазақстанмен» күрескіш бірнеше депутат белсеніп шығып, шетелден үй алған шенділерді айыптаған болатын. Тіпті мәжілісмен Ерлан Сайыров Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдап, бұрынғы шенеуніктердің шетелдегі мүлкіне құқықтық баға беруді сұрайтынын мәлімдеген.

Е.Сайыров Бас прокуратураға «Қазақстан шенділерінің шетелде баспана алуы ұлттық мүддеге сәйкес келе ме? Шетелден пәтер алған шенділердің байлығының табиғаты қандай?» деген сұрақтар қойып отырғанын айтқан. «Ірі мемлекеттік қызмет атқарған тұлғалардың шетелден мұндай қымбат үйлер сатып алғанын ұятсыздық деп есептеймін. Біріншіден, отыз жыл бойы бизнеспен айналыспаған адамдар мұндай байлыққа қалай қол жеткізіп отыр? Екіншіден, байлыққа қол жеткізген күннің өзінде сол қаржыны Қазақстанның өзіне салуға болады ғой. Сондықтан олар Қазақстан халқына қиянат жасады деп санаймын», – деген еді Сайыров.

Одан бері айға жуық уақыт өтті. БАҚ-та депутаттың хаты жайлы, Бас прокуратураның жауабы жайлы еш ақпарат шықпады. Керісінше, прокуратураның «Дубайдағы үйлерді тексеруге еш негіз жоқ» деген кесімі жарияланып үлгерді. Сөйтіп, көпшіліктің «депутаттар араласты, Дубайды мекен еткен ескі қазақстандықтарға тықыр таяған сияқты» деген үміті желге ұшқандай болды.

«Жас Алаш» тілшісі депутат Е.Сайыровқа қайта хабарласып, хатына жауап бар-жоғын және Бас прокуратураның мәлімдемесіне қатысты ойын сұрадық. Депутат «хатына әлі жауап келмегенін, ал прокурорлардың шешіміне қатысты ештеңе айта алмайтынын» жеткізді. Шамасы ет қызуымен айтып қойған уәдесінен оң шешім шығарына өзі де күмәнданып қалған сияқты.

Былтыр желтоқсанда «Руың кім?» комедия прокатқа шығып, көпшілік арасында талқыға түскенде депутат Ерлан Сайыров фильмді «халықтың бірлігін бұзатын өнім» деп айыптаған. Тіпті КСРО кезіндегідей «фильм мазмұнын прокатқа дейін қарайтын тұрақты көркемдік комиссия» құруды ұсынған. Депутаттың десі басты ма, ақыры, 10 желтоқсанда жарыққа шыққан комедия 18 желтоқсанда прокаттан алынды. Сөйтіп, бір топ адамның еңбегі еш болып, фильм көрерменге жетпей қалды.

Бірақ шенділердің шетелдегі үйін тексерту фильмді прокаттан алдырғандай оңай болмайтын сияқты. Сайыровтың хатына құзырлы органның әлі жауап бермегені, ал өзінің «Дубайдағы үйлерді тексермейміз» деген Бас прокуратураның шешіміне қатысты пікір айтуға құлық танытпағаны көп нәрседен хабар беретіндей.

Қуаныш Қаппас