Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:42, 29 Қараша 2024

Бәсеке алдындағы жаңа да ескі мамандықтар

жаңа мамандықтар
Фото: из открытых источников

Адамзат нан тауып, күн көру үшін ғана емес, мәнді өмір сүріп, мағыналы істер атқару үшін мамандығын өмір салтына айналдырып алды.

Оның үстіне, таңдау спектрі де ұлғайып отыр. Технологиялар мен инновациялар қоғамды да, нарықты да жаңашалап, сонымен бірге жаңа мамандықтар көбейді. Дәстүрлі салалар да түрленіп жатыр. Оларды талдап, саралау үшін бірнеше маманмен тілдесіп, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Абылайхан Палмағамбетов
Абылайхан Палмағамбетов

Абылайхан Палмағамбетов, Beren life YouTube арнасының авторы: Мақсатымыз – қазақ тілінде контент жасау

Көп армандар кішкентай кезіңде-ақ көңілге орнығып, тартып тұрады. Мен де дәл солай бала күнімнен спорт журналисі болуды армандадым. Сөйтіп, қалаған салама келдім. Журналистикада, киноиндустрияда қызмет етіп жүріп көп нәрсеге куә боласың. Процесті сырттай бағалауды үйренесің. Осыдан үш жыл бұрын спорттық жарыстарға барып жүргенде елдегі спорттық жарыстарда тек «Қазспорт» арнасының өкілдері жүретінін байқадым. Осылайша, ютуб арна ашу туралы идея пайда болды. Әрі спорт журналистикасы көбіне футболдың айналасында. Басқа әсіресе олимпиадалық спорт түрлері айтыла бермейді. Оның үстіне, қазақ тіліндегі жобалар мен бағдарламалар аз. Бұл факторлардың бәрі неге өз жобамды жасамасқа деген ойға жетеледі.

Тағы бір айта кетерлігі, ақпараттық алаңда өнердің, экранның адамдарын жиі ұшырастырамыз. Ал спортшыларды дәл бұлай жиі кездестіре алмаймыз. Осыған іштей наразылық та болды. Себебі спортшылардың жұмысы мен жасап жатқан істері, нәтижелері, ойлары мен пікірлері халыққа жетуі тиіс. Бұл ойымның бәрін 30 жылдан аса спорт журналистикасында жүрген комментатор Ғалым Сүлеймен ағамызға айттым. Өйткені ол кісіні көпшілік таниды, көрермен біледі, спорттағы біліктілігі де жақсы деңгейде. «Мен продюсер ретінде бар шаруамен айналысамын, сіз жүргізіңіз» дедім. Ғалым аға ұсынысты қолдап, жұмысты бастап кеттік. Бұл іскер адамдардың бойынан көп көрініс беретін қасиет. Әркім өз шамасы мен өзгенің деңгейін бағалап, үйлестіре алуы қажет. Сонда жұмыс процесі де тиімді, үйлесімді жүреді.

Енді YouTube видеохостингі жайлы. Неге дәл осы платформаны таңдадық? Әлбетте, бүгінде Instagram, Telegram, TikTok сынды әлеуметтік желілер де өте танымал. Бірақ оны кез келген адам жүргізе алады. Ал үлкен спортты айтып, ауқымды жұмыстар жасау үшін соған лайық үлкен платформа қажет. Бәріміз білетіндей, Қазақстандағы ең ірі платформа – YouTube. Медиа да, саясат та, шоу да, басқа да осында. Бастысы – аудитория аталмыш платформаны қажет етеді, көреді, пайдаланады. Ондағы жобаның айналасында жоғарыда аталған әлеуметтік желілерді де жүргізе бересің. YouTube-ты шешкен соң қаражат мәселесіне келдік. Сапалы контент түсіру ақшаны қажет ететіні анық. Қарапайым ғана мысал, бір подкаст түсіру үшін кемі екі камера мен штатив, жарық пен студия қажет. Команда жағы өз алдына. Көп ойланбай, қалтамдағы қаржыны салып, команда жинадым. Оператор, монтажер, мобилограф мамандармен келісіп, іске кірістік.

Ал каналды сатып алған жоқпыз. Өз аккаунтымызды ашып, нөлден бастадық. Қазіргі таңда 30 мыңға жуық тіркелушіміз бар. Қаралымдардың жалпы саны 6 миллионға жуықтады. Әлеуметтік желідегі контентіміз де миллиондап қаралым жинайды. Екі жыл үшін жақсы көрсеткіш деп есептеймін. Контент жасаудағы қиыншылықтарға, жолығатын мәселелерге келсек, көбіне кейіпкерлерді қонаққа шақыру жағы оңайға түспейді. Әсіресе спорт майталмандарын, чемпиондар мен жеңімпаздарды. Өйткені қаралымы мен оқырманы аз YouTube арнаға көбісі назар аудара қоймайды. Алайда арнаны жүргізетін жүргізушінің имиджі мен біліктілігі көп көмегін тигізеді. Жалпы, контенттің мазмұны мен сапасынан, арнаның бағытынан бұрын оны кім, қалай жүргізетіні маңызды дер едім. Бұл орайда, Ғалым ағаның тәжірибесі біраз спортшыларды, сарапшыларды алаңымызға әкеліп, соның арқасында қаралым артты. Сондықтан өз YouTube-арнасын жүргізгісі келетіндер алдымен жеке брендке жұмыс істеуі де қажет сияқты. Оған қоса, тұрақтылыққа мән берген жөн. Арнаны, ондағы шығарылымдарды, әлеуметтік желілердегі жарнаманы тұрақты интервалмен, белгілі бір тізбекпен жүктеу керек. Мәселен, Beren life-тың бір шығарылымынан 20-30 рилс пен бейнематериал әзірлеп, Instagram мен TikTok-та бөлісіп отырдық.

Шын мәнінде, қазақ тілді YouTube арнаға даму да, қаржы тарту да оңай шаруа емес. Десек те, бүгінде спорттық арналардың арасында үздік бестікке кіре алдық. Жарнама көп келе бермейді. Қазақ тілді каналдар монетизацияны табыс көзіне айналдырған деп те айта алмайсың. Сондықтан бұл жобаға табыс көзі ретінде емес, қазақ тілді, қазақ спортын айтатын алаң ретінде қараймыз. Бастапқы мақсат та сол еді. Әлі де идея көп. Оларды жаңа жылдан бастап жүзеге асырамыз.

Жанна Бақтыбек
Жанна Бақтыбек

Жанна Бақтыбек, кәсіпкер: Білім – тренд, қажеттілік

Меніңүш жоғары білімім бар. Алдымен Алматыда ағылшын және неміс тілдерінің филологы ретінде, одан соң экономика және қаржы мамандығында білім алдым. Магистрлігімді Мәскеуде халықаралық құқық бойынша аяқтадым. Осыдан соң, 2011 жылы Талдықорғанда ашылған Назарбаев зияткерлік мектебіне жас маман ретінде барып, ағылшын тілінен сабақ бердім. Ондағы талаптар мен жұмыс процесі қажырлы еңбек пен дисциплинаны, ізденісті қажет етеді. Солай маман ретінде тәжірибе жинап, «пісе» бастадым. Бірнеше жылдан соң декреттік демалысқа шықтым. Сөйтіп жүріп көпбалалы ана атандым. Қазір үлкеніміз 16 жаста, кенжеміз 3-сынып оқиды. Ата-ана болған соң балам қалай білім алып жатыр деген сұрақты бірінші орынға қояды екенсің. Өйткені бүгінгі нарық пен қоғам, әлем мен өзгерістер білімді талап етеді. Білім – тренд, білім – қажеттілік. Сондықтан балаларымызға лайық мектеп пен дайындық орталықтарын іздестірдік. Ұсыныс пен есігін айқара ашқан мектептер көп. Жарнама мен нәтиже жағы да көңілге қонарлық. Алайда бір жерде оқытушылар ұнамай қалады. Тағы бірде программа сенімсіз көрінеді. Мұның бәрі дұрыс болған жағдайда локация немесе ғимарат жағынан мәселе шығады. Осының бәрін көріп отырып, «өзім де ұстазбын ғой, мамандығым педагог, өз талаптарыма сай, жоғары деңгейдегі мектеп ашсам» деген ой пайда болды. Содан көп ұзамай ата-аналар мен оқушылар үшін таптырмас оқу орталығын ашамын деген шешім қабылдадым.

Негізінен, кәсіптің сәтті болуы бастап отырған істің қоғамға қажет болуына байланысты. Сол себептен де, өз ісін жүргізгісі келген адам айналамдағы адамдарға не керек, не жетіспейді деген сұрақтарды негізге алғаны дұрыс. Менің орталығым да қажеттілік бар болған соң ашылды. Қазіргі әке мен ана балам не оқып жатыр, қалай оқып жатыр, үлгермей қалған, қалыс қалған тұстары бар ма, математикасы қалай, ағылшыны қалай деп мән беріп отырады. Балада қиыншылықтар болса, бірден қосымша сабаққа жаздырып, жұмыс істейді. Оның үстіне, мегаполистерге көшіп келетін халық саны жылдан жылға артуда, демографиялық өсім байқалып отырғаны тағы бар. Демек, бұл салада сөзсіз қажеттілік байқалады. Соған сай, нарық үлкен, бәсеке де көп. Бәсекеге жұтылып кетпей, бренд ретінде қалыптасу үшін, өз кәсібіңді дөңгелету үшін сапаға жұмыс істеу керек. Қазіргі тұтынушылар өзіне не қажет екенін жақсы түсінеді, оған қоса, таңдау да баршылық. Сәйкесінше, ең тиімді ұсыныс пен ең сапалылар ғана озады. Осыны негізге ала отырып, басты миссиям – сапа деп белгіледім. «Біздің мақсатымыз – сіздің нәтижеңіз» деген слоган алдым. 2021 жылы Астана қаласындағы алғашқы филиалымды ашып, орталықты «Бастау» деп атадым. Мұның символикалық мәні бар – білімге бастау болсын дедік.

Кәсіптің, білім саласындағы жұмыстың сапасы кадрға тікелей тәуелді. Сондықтан ең бірінші өз ісінің шеберлерін іздедім. Оқушының сапасы мұғалімнің сапасынан асып түспейді. Дәл осы себептен де педагогтарды іріктеуге жеке өзім атсалысамын. Әңгімелесуді де, құжат қабылдауды да өзім жүргіземін, жауапкершілікпен қараймын. Талаптарым да айқын. Басшы ретінде көре білу бірінші болса, талап қоя алу екінші орында тұрады. Жеке қасиеттерді де әрдайым ескеремін. Өйткені білім мен тәрбие ажырамас ұғым.

Ержан Әділет
Ержан Әділет

Ержан Әділет, энергетик: Энергетиктер бір күн жұмысқа шықпаса, бәрі тоқтайды

Жастар дәрігер мен мұғалім, экономист пен заңгер болуға талпынады. Себебі бұл мамандарға әрдайым сұраныс бар. Бірақ сұранысы аталған салалардан кем емес, алайда айтыла бермейтін мамандықтар да көп. Мәселен, энергетик. Бүгінгі өмірді жарық пен қуатсыз елестету мүмкін емес. Күнделікті тіршілік те, кәсіп пен зауыт та, экономика да осы салаға тікелей тәуелді екені жасырын емес. Мен осы мамандықты оқыдым. Еліміздегі жетекші оқу орындарының бірін тәмамдаған соң, қатардағы қызметкер ретінде жұмысқа орналастым. Ал соңғы жарты жылда облыстық энергетика және энергетика үнемдеу бөлімінің бас маманы қызметіндемін.

Энергетиктер – халықты электрмен және жылумен қамтамасыз ететін мамандар. Олар энергия көздерінен алу мен қабылдаудан бастап, тарату, үнемдеу істеріне дейін жауапты. Ойға алдымен «ТЭЦ, ГРЭС, ТЭС» деген сөздер оралады. Одан бөлек, жел немесе күн станциялары, АЭС-те энергетиктердің жұмысы. Осындай көздердің қызметін реттеу, өңделген энергияны қосалқы станцияларға, одан кейін трансформаторларға, содан келіп үйлерге таратумен айналысамыз. Бұл өте ауқымды механизм. Көп күш пен маман қажет. Сұраныс артып, жұмыс еселеніп жатыр. Соған қарамастан, бізде энергетик мамандар тапшы. Оларды бағалау жағы мен мамандықтың имиджі де керемет емес. Алайда жұмыс берушілер өз ісінің шеберін жоғары бағалайды. Жалақы да жақсы. Яғни қазақ жастары бұл салаға тартылуы керек. Жас энергетиктердің аз екенін энергетика министрлігі де, ғылым және жоғары білім министрлігі мәселе ретінде көтеріп жүр. Оны шешу үшін грант бөле беру аздық етеді. Саланың тартымдылығын арттырып, оның маңызы мен мәні туралы айтылуы, көрсетілуі қажет. Дәрігерлер мен ұстаздар секілді жақсы имидж қалыптастыруға күш салуға тиіспіз. Өйткені энергетиктер бір күн жұмысқа шықпаса, елдегі барлық жұмыс тоқтайды.

Қазіргі жағдайға қарасақ, елімізде трансформаторлық күштің жетіспеушілігі бар. Энергетикалық жүйе халық саны мен зауыт-фабрикалардың санына шақталмаған. Желілер мен «подстанцияларды» көбейту керек. Жаңарту жағы да өзекті. Өйткені қуаты күшті қондырғыларды орнатайын десең, желілердің көпшілігі көтермейді. Бірін жаңартып болғанша екінші жағы ескіріп жатады. Демек, энергетика саласындағы процесс тоқтамақ емес. Себебі энергия үнемі айналымда. Ол – экономиканың жетекші факторы. Жарық болмаса нан да піспейді, су да қайнамайды. Ақпарат тарата алмайсың, ала алмайсың. Мұндай мысалды шексіз келтіре беруге болады. Ал қуат көзі қосылып, жарық жанып тұруы үшін энергетиктер тер төгеді. Олардың қызметі салалық спецификаға қарай бөлінеді. Мәселен, станциялар салу мен жұмысын ретке келтіру, ондағы жабдықтар мен технологиялардың диагностикасы, жүйенің байланысы мен тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ету, жоспарлау мен бақылау, үнемдеу мен оптимизация. Осының әрбірімен салаланған энергетик маман жұмыс істейді. Техникалық білім мен нақты детализациядан тыс, стратегиялық жоспарлау мен қажетті жобаларды жасау да энергетиктердің құзыреттілігіне кіреді. Демек, салалық білім ғана емес, алыстан ойлана алу қабілеті де аса қажет.

Диана Төребек
Диана Төребек

Диана Төребек, флорист: Туынды жасау үшін икемді қол, тиімді технология қажет

Жеті жылдан бергі жұмысым – гүлдер. Флористикаға өз қалауыммен келіп, өз ісімізді жүргізіп отырмын. Жалпы, бұл мамандық бүгінде танымал. Жұмыс ұсынатын сайттар мен платформаларды қарай қалсаңыз, флорист іздеп жүргендер көп. Оны оқытатын курстар да пайда болды. Ол орынды да. Себебі қазір гүл сыйлау мәдениеті дамыған. Бұл ықылас пен сыйластықты, іңкәрлік пен махаббатты көрсетудің ең кең таралған, әдемі жолына айналып отыр. Бұрындары гүлді бумасымен алып сыйлайтын болса, қазір оның түрлері мен түсіне мән беріледі. Сыртқы әсемдігі мен «оформление», қасына қосылатын хаттар мен тәттілер тағы бар. Осының бәрі гүлді үлкен бір индустрия ретінде қалыптастырды. Көріп жүргендеріңіздей, ірі қалаларда ғана емес, кішігірім қалалардың да өзіндік брендтері бар. Келетін табыс та жақсы. Ең бастысы – жұмыс процесі сондай жағымды.

Сұраныстың артуынан флористика сала, ал флорист маман ретінде таныла бастады. Өз кезегінде флорист маман ретінде қалыптасу үшін біршама күш-жігер жұмсайсыз. Алдымен өсімдіктер мен олардың түрлерін, маусымдық ерекшеліктері мен қандай күтімді керек ететінін меңгереміз. Одан соң, қай гүлдің қандай композицияда қолданылатынын, түстер үйлесімін, текстуралық ерекшеліктерді зерттейміз. Дәл осы сынды флористикада пайдаланылатын басқа да материалдарды, қағаздар мен қаптамаларды, ленталар мен декорларды да бес саусақтай білген жөн. Мұнымен жұмыс бітпейді. Гүлді күту мен үйлестіру, қағаз бен лентаны қосып бүтін бір туынды жасау үшін икемді қол мен тиімді технология қажет. Тігінші ісмер мен қолөнерші, мүсінші қалай тер төксе, гүл үшін де солай еңбектенеміз. Әрине, эстетикалық көрік пен реттілікті қамтамасыз ету оңайға түспейді. Ол үшін құрал-жабдықтармен көп жұмыс істеп, саусақтарды жаттықтырасыз. Жұмыс олпы-солпы, шашыраңқы шықпауы үшін тер төгесіз. Мерекелік көңіл күй мен ізгі тілекті гүл арқылы көрсете білу қажет.

Оны ұсына білу де – өнер. Анаңыз бен келіншегіңізге, досыңыз бен немереңізге бірдей гүл сыйламайсыз ғой. Осыны сатып алушыларға ұсыну, кеңес беру де флористің жұмысы. Гүлдің тілі бар. Ол – сыйлаушының эмоциясы мен ықыласының көрінісі. Мысалы, қызыл раушандар ғашықтық сезімді жеткізсе, ақ раушан адалдықты, сыйластықты аңғартады. Сол секілді әрбір гүлдің өз белгісі мен нышаны болады. Бүгінде негізінен голландиялық раушандар сұранысқа ие. Бұл бізге Эквадордан келеді. Авиажолдан келген соң арнайы тасымал көлігімен дүкенімізге жетеді. Барлық гүлдерді салқын суда, салқын бөлмеде сақтаймыз. Күнделікті күтім жасаймыз. Олай болмаған жағдайда, гүлдер ұзаққа шыдамайды. Одан кейін келген сатып алушыға гүлдерді көрсетіп, кеңес беріп, букет жасаймыз.

Флорист қана емес, кәсіпкер мен маркетолог та болып кеттік. Қазіргі заман – әмбебап адамдардың заманы. Алғашқыда дүкен орнын жалдап алдық. Кейіннен өзіміздің жеке орнымызды алып, сонда көштік. Әуелде белгілі бір деңгейдегі қиындықтар кездессе де, бүгінде қаламызға, алыс-жақын елді мекендерге танымал брендпіз деуге де болады. Өз ісіңді бастау, жүргізіп, дөңгелетіп әкету, нарыққа кіріп, клиенттік база қалыптастыру оңай шаруа емес. Өнімдеріңді сапалы етіп жасай алумен қатар оны сата алу өнері де маңызды. Мен де ең әуелі флористиканы меңгерумен айналыстым. Өз бетімше ізденіп, білім алып, фотоларға қарап, букеттер құрастыра бастадым. Қиялды ізденіс арттырса, сапаны тәжірибе арттырады. Трендте не бар, жаңа не шықты, бәрін бақылап отырып жасайтынмын, байқап көретінмін. Арада қанша жылдар өтсе де, ізденісті бүгінге дейін тоқтатқан жоқпын. Бұл жетістікке жетемін, кәсіп жасаймын деген әрбір адам үшін маңызды, керекті қабілет-қасиет дер едім. Себебі трендтер мен тенденциялар күнде жаңаратын, бүгінгі нәрсе ертең-ақ жедел ескіріп қалатын кезеңде «мен білемін, болдым, толдым, астым, жеттім» деу – үлкен тоқырауға әкеліп соқтырады.

Дайындаған Баян Мұратбекқызы

Тегтер: