Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Башар Асадқа Мәскеуде у берген

Башар Асад
Башар Асад. Фото: РИА Новости

2 қазанда бірқатар ресейлік және шетелдік БАҚ Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад Мәскеуде уланғаны туралы хабар таратты.

Ақпарат алдымен Сириядағы Адам құқықтарын бақылау орталығы (SOHR) дерегіне сүйеніп жарияланды. Аталған ұйым сириялық қақтығыстарды бақылаудағы ең ықпалды бейресми құрылымдардың бірі болғанымен, оның деректеріне ресми тараптар жиі күмән келтіреді.

Бірнеше шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, Асад 29 қыркүйекте Мәскеу шетіндегі ауруханадан шығарылған. Оның жанында тек інісі Махир Асад пен бұрынғы президент әкімшілігінің басшысы Мансур Аззам ғана болған.

Ақпарат көздері бұл қастандықтың артында «Мәскеуді ыңғайсыз жағдайға қалдыру» ниеті тұрғанын айтады. Яғни, Ресей билігін Асадқа жасалған қастандық үшін айыптау жоспары болуы мүмкін.

Қазір Асадтың жағдайы тұрақты екені айтылуда. Дегенмен ресми Мәскеу де, Дамаск те бұл ақпаратты растаған жоқ.

Айта кетейік, Башар Асад 2000 жылдан 2024 жылға дейін Сирия президенті болды. Ол 2011 жылы антиүкіметтік толқуларды күшпен басты, соның салдарынан елде азаматтық соғыс тұтанды.

2015 жылдан бастап Асадқа Ресей ашық қолдау көрсетті. 2016 жылы ресейлік әуе күштерінің жаппай бомбалауынан кейін оның әскері Алеппоны қарсыластарынан тартып алды.

Халықаралық ұйымдар Асад билігін адам құқықтарын бұзды, бейбіт тұрғындарды жаппай қырды, химиялық қару қолданды және азаматтық нысандарды атқылады деп талай мәрте айыптаған.

2023 жылы Франция соты Асадқа химиялық қару қолданғаны үшін ордер шығарған болатын.

2024 жылғы желтоқсанда Асад көтерілісшілер тарапынан биліктен құлатылды да, Дамаскіден Мәскеуге қашты. Жаңа сириялық билік Ресейден оны экстрадициялауды талап етті. Алайда президент Владимир Путин Асадты беруден бас тартты.