Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:20, 29 Наурыз 2025

Башқұртқызы салған ән: Хумайдың сазы мен сыры

Ay Yola тобы
Фото: ашық дереккөзден

Осыдан біраз күн бұрын ескі түркілерше киінген башқұрт өнерпаздарының әні желіде жылдам тарап кетті.

 Башқұрттың Ay Yola тобы орындаған Homay әніне жұртшылық ерекше ықылас аударып, қазақ, өзбек, қырғыз, татар секілді түркі халықтары арасында тез тарап, талқыланып жатты. Терең тарих пен мәдениетті бойына жиған ерекше әннің мәтіні мен әуені де тыңдарманды бірден елітіп әкетсе керек, әйтеуір топ жанкүйерлерінің қатары күннен күнге көбейіп келеді. 

Башқұрттың ұлттық аспаптарымен сүйемелденіп, заманауи үлгіде әрленген музыканың сиқыры «құлақтан кіріп бойды алғаны» рас. Ән күнде шығып жатқан қатардағы жеңіл «әгугайларға» ұқсамайды, туындының астарында далалық бекзат болмыс, жалпы түркілік дүниетаным жатыр. Әсіресе көмейлеткен көне әуен, шаңқобыздың дірілі мен сыбызғының сарыны қосылғанда, ескіден ескірмей жеткен бір дүбірді естігендей боласың.

Башқұрт жұртының өнерпаздарына сүйсінген қазақ тыңдарманы пікір алаңына мақтау сөзді жарыса жазды. Ay Yola тобының өкілдері де аянып қалған жоқ. Өздерін жылы қабылдап, ілтипат білдірген қазақ бауырларына бейнежазба арқылы риясыз алғыс айтты. Тіпті әу басында бауырлас тыңдармандарына арнап әннің мәтіні қазақша жазылған нұсқасын шығарса, кейін арнайы қазақ көрерменіне арнап башқұрт «думбырасымен» Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап берді. Әлі күнге әннің мәні мен мағынасы, Хумайдың кім әлде не екені жайлы желіде жарыса жазып жатыр. Мұны бірі қазақ мифологиясындағы Ұмай анамен, енді бірі құмай құсымен байланыстырып әлек. Шын мәнінде музыкалық туындының Homay аталуы аңыз-әпсаналарда кездесетін мифтік Хумай құсымен сабақтасып жатса керек. Яғни әннің төркіні башқұрт әдебиетінің жауһары саналатын «Орал батыр» эпосындағы аққу-әйел бейнесімен тамырлас. Башқұрт эпосында Хумай даналық пен тазалықтың, өз халқына адалдықтың символы ретінде сипатталады. Аңызға сәйкес, егер Хумай құсы адамның үстінен ұшып өтсе, оны жарқын болашақ күтіп тұр деп есептеген. Бұл туралы тарихшы Жамбыл Артықбаев:

Жамбыл Артықбаев
Фото: ашық дереккөзден

«Соңғы күндері башқұрт өнерпаздарының шығарған Һomay әні күллі түркі жұртына кең таралуда. Соның ішінде қазақ көрермені әртүрлі желілерде ықыласын білдіріп, қоштап жатыр. Қазақ жастары жаны қалмай қолдап жатқан сияқты. Әу басында тек жастар ғана қолдап, қолпаштап жатқан сияқты еді, қазір біз секілді үлкен буын да қосылып, ықылас-пікірін білдіріп жатыр екен. Өңделуі, кәстөмдері, ұлттық музыка аспаптары жап-жақсы, менің ойымша, мына ауыр заманда орыстың бұғауында, орыс-украин соғысының өтінде жүрген башқұрттың тәуелсіз рухын көтеретін сияқты. Ән мазмұны башқұрттың «Орал батыр» эпикалық жырына негізделген дейді. Тек әнді айтатын жас қыздың башқұртшасы нашарлау сезілді, әдетте башқұрттың сөзін түгел түсінуші едім. Екі тілдің айырмашылығы да бар, әсіресе башқұрттың «с» орнына «һ» дыбысын қолдануы сәл қиындатады. Мысалы, «сізге» дегенді «һезге» дейді, амандасқанда «һаумыһығыз» дейді т.б. Басқа айырмашылығы шамалы. Бір қызығы, осы ерекшелік саха-якут тілінде де бар, мысалы, кісі, саха тілінде кіһі /киһи, т.б. (Жалпы саха тілінде «ш-ның» орнына «с» жүреді, мысалы, шашты «сас», асты «аш» дейді, т.б). Мәселе тілде де емес, мәселе Құмайда болып отыр. Башқұрт аңыздарында Хумай әлде Құмай – әкесі Самрау мен анасы Құяштан (Күн нұры) туған киелі құс. Батырлық ертегілерде кездесетін әпсаналық бейне. Әнге арқау болған «Орал батыр» дастанының шығу тарихы тым ертеде. Себебі дастан сюжеті эпостық жырлардан гөрі «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай» сынды батырлық ертегілерге жақын келеді. Сондықтан дастан сюжеті көне заманның эпосы екенін көрсетеді. Ал Хумайдың әкесі боп көрсетілген Самраудың біздің фольклорда жиі ұшырасатын Самұрық құспен қатысы туралы нақты деректер жоқ. Десек те, менің ойымша, екеуінің түп төркіні бір», – дейді.

«Тамырым сұрайды,

Жаным мен қаным сұрайды,

Ежелгі тарихи жадым сұрайды,

Хумай деген кім өзі?

Анасы күн нұры

Тіршілік суына шомылдырған

Әкесі – Самрау

Мейірімге баулыған», – деп шырқалған бұл әндегі Хумай құстың образы жайлы сан түрлі мәлімет желдей есіп кетті. Кей деректерде құмай құсының өлексе жейтіні туралы да ақпарат кездесіп қалады. Қалай десек те, құмай, һомай, хумай, хубай, хұма – түбі бір түркі халықтарының бай мифологиялық дүниетанымындағы киелі, әпсаналық құс. Құмай құсы туралы аңыздар Алтайдан Анадолыға дейінгі ұлан-ғайыр далада кең таралған. Бұл құс халық арасында билік пен бақыттың нышаны ретінде «күннің құсы» немесе «бақыт құсы» ретінде айтылып, мифтер мен эпостарда маңызды рөл атқарады. Башқұрттардың «Орал батыр» және «Ақбозат» дастандарының желісі бойынша Хумай – құс патшасы Самрау (Самұрық) мен көк патшайымы күн қызы, көктен түскен аққу-қыз, әпсанауи киелі жаратылыс. Ізденсек, дастан мазмұны да қызық. Құс патшасы Самраудың Ай мен Күн деген екі әйелі болыпты. Айдан Айхылу, біздің тілше, Айсұлу дүниеге келсе, Күннен Хумай туыпты. Хумай кейін дастанның бас кейіпкері Орал батырдың әйеліне әрі серігіне айналады екен. Хумай Орал батыр іздеген мәңгілік өмір сыйлайтын тіршілік суы бар бұлақтың орнын көрсетіп, батырға зұлым күштермен күресу үшін алмас қылыш пен түркі мифтерінде жиі кездесетін Ақбозат тұлпарын табыстайды. Орал қаза тапқан соң, Хумай адам кейпіне енуден бас тартып, мәңгілікке аққу болып қалады десе-ді. Башқұрт фольклорында құмай – жарықтың, даналықтың және адалдықтың символы ретінде танылса, құмай құс туралы қазақ халқындағы ең танымал миф – құмай тазының шығу тегі жөніндегі аңыз. Сәкен Сейфуллинше айтқанда: «Сары ала қаздың жұмыртқасынан кейде күшік туады екен. Сол құмай болады. Оны тәңір берейін деген адамға кез қылады». Бұл аңыз көпке таныс. Аңыздың астарына үңіліп, сөз суыртпақтасақ, «құс төресі – бидайық, ит төресі – құмайық» деген мақал да тектен-текке айтылмағанына көз жеткіземіз. Ал қазақтың бөріні «ит-құс» деуі де осыған сарындас сияқты. Дәл осыған сарындас аңыз қырғыз халқында да бар. Қырғыздың атақты «Манас» эпосында Манас батырдың итінің аты – Құмайық. Эпостың қай нұсқасын алып қарасақ та, құмайық – құмай құстан туған киелі күшік. Құмай құсы туралы ұқсас мифтер Сібірдегі түркілерде де кездеседі. Осындай мифтік аңыздарды айта берсек, жалғаса береді. Әр халық әртүрлі атаса да, құмай – барлық жерде бақыт құсы саналынған. Жамбыл Артықбаев Хумай құсының киелі саналуын қола дәуіріндегі жерлеу рәсімімен байланыстырады.

«Башқұрт интерпретациясында «Һомай» – бақ құсы, анасы Құяш (Күн), атасы Самырау-мыс. Осы орайда Хумай сөзінің интерпретациясы әлі де талдауды, зерттеуді қажет етеді. Бұл жерде тағы да ариан-тұран мәселесі еске түседі. «Құмай, Һомай, Хумаюн» – парсы тілі деп жүр, бұл қате пікір, оны бұдан ілгері Наурыз сөзінің этимологиясын түсіндіргенде айтқанмын. Бұл сөздер Иран мен Тұранның іргесі ажырамай тұрған кезде, біздің ортақ тілімізден қалған жұрнақ. Хумай – бақ құсы деген ұғымның өзі де үнді-ирандардың эпикалық дәстүрден алынған ба деп қалдым. Тарихи деректерге сүйенсек, ариан-тұран халықтарының арасы б.з.б екінші мыңжылдықта алшақтай бастады. Ирандықтардың бір бөлігі көшіп, енді бір жартысы осы мекенде қалып, түркі халықтарымен араласып кетті. Қола дәуірінде ариандар зороастризм дінін қабылдады. Бүгінге дейін жеткен көп жер-су атауларының түп тарихында осы зороастризм сенімі жатыр. Мәселен, қазіргі Шалқар теңізінің орнында бұрын «Ақсақал Барба» деген теңіз болған-мыс. Тікелей аударма жасасақ, бұл «ақсақал сақал» деген мағынаны білдіреді. Ағылшындардың бүгінгі barber сөзі осыдан шыққан. Сол секілді, зороастризм кезеңіне өту кезінде түрлі ұғымдар мен ғұрыптар пайда болды. Әсіресе өлген адамды жерлеудің сан түрлі тәсілдері болған. Бірі жерді бір жарым метр терең қазып, сүйекті көміп тастаса, енді бірі өртеп жіберген. Үшінші топ тау іші, құз сынды қасиетті санайтын жеріне апарып тастайтын болған, оны құстар, ит-құс жеп қояды екен. Сол себепті де құмай, бөрі сынды аңдарға табыну, қасиет көру басталған болуы әбден мүмкін. О дүние мен бұ дүниенің арасындағы дәнекер қызметін атқаруына байланысты құмайды қасиеттеу пайда болды ма деп ойлаймын. Бұл нақты дерек емес, бірақ әу басында осындай ой туғаны рас.

Байқасам, ән мәтінінде көшпелі халықтардың рухын көтеріп, сезіміне әсер ететін көп ұғымдар қолданған. Мәселен, «қаным мен жанымнан сұрадым, тарихи жадымнан сұрадым» деген тармақтарының өзі біз сүріп жатқан қоғамның субстратты ұғымдарымен үндеседі. Ән мәтініндегі «қан» туралы субстратты ұғымдардың кеңінен таралуы тек башқұрт халқына ғана емес, күллі түркі жұртына кең таралуына ықпал етсе керек. «Орал батыр» – көне заманның әпсаналық түсініктерін бойына жинаған жыр, бұл жағынан қалмақтың «Жаңғарына» жақын-ау деймін. Осы жағынан бұл эпикалық жырларды сақ-скиф (скуз) және оған дейінгі кезеңдерді қайта қалпына келтіру үшін дерек есебінде пайдалану керек-ау деп ойладым. Екіншіден, біздің қазақта «Құмай» – күннің нұрынан жаратылды деп айтпайтын сияқты. Менің бала кезімде Құмайды басқаша, мейлінше қарапайым түсіндіруші еді. Әкем: «Итала қаз деген қаз болады, 12 жұмыртқа тауып басады, соның біреуінен Құмай тазы шығады» дейтін. Мен кейін итала қазды көрдім, Ертістің оң жағасында Маралды аталатын емдік қасиеті ғажап, тұзды көл бар. Маралды көлін жағалай тұщы сулы, асты балшық қақтар кездеседі, маусым соңында суы ыстық болады. Сол қақтардың бірінен 12 балапанын ерткен итала қазды көрдім. Қаз бен үйректің арасындағы құс, оның қалай Құмайға қатысты ерекше қасиетке ие болғанын білмедім. Үшіншіден, біздің оңтүстік-шығыс таулы өңірде Құмай деп жыртқыш құсты айтады. Бүркітке жақын құс. Өз көзіммен тірісін көрген жоқпын, бірақ сақ-скиф/скуз аң бейнелі өнерінде гри/грифон дегенге келеді. Құмай /гриф өз бетімен аңшылық қылмайды, көбіне-көп өлексе жейді деген аңыздар бар. Оның қалай қасиетті құс болып сақ/скиф/скуз бейнелеу өнеріне кіріп кеткенін түсінбедім. Көрші халықтарда құмай ұғымы мүлде басқа кейіпте көрініс тапқан. Осы орайда, есімізге атақты Бабыр мырза мен оның ұлы Хумаюн еске түседі. Хумаюн сөзін бақытты, текті, бекзат деген мағынадағы сөз», – дейді тарихшы.

Ең қызығы, әнді қолдап, қошеметтеп жатқандармен қатар, сын айтатындар да жетіп артылады. Башқұрт әнін жан-жақты жарнамалап, жылы қабылдап жатқан қауымның қарасы көп. Бұл – қазақ қоғамының әлі күнге дейін рухани және мәдени идентификациясын іздеп жүргенінің белгісі болса керек. Десек те, әуенге мін тағып, саяси әрі діни астар іздеп кеткендер де жоқ емес. Әсіресе кей діншіл топтар әннің құрылымы мен мазмұнын шамандық пен тәңіршілдікті ұлықтауға балап жатқаны жасырын емес. Күллі түркінің тамырында бұғып, сан жыл буырқанып жатқан бұлқынысты оятқан әннің ел ішінде осынша танымал болуына тағы бір себеп – қазақ пен башқұрт халқының тамырлас қана емес, тағдырлас, туыстас болуы шығар. Башқұрт халқы әлі отар ел, сонда да дініне берік, дәстүріне бекем. Олар үшін ән де, мұсылманшылдық та – өзінің келбетін, бояуы мен бейнесі сақтау құралына айналған. Сондықтан екеуін біріне-бірін қарсы қою, біреуін жоққа шығару жаңсақ пікір болар. Тарихты түбегейлі жоққа шығару – қауіпті үрдіс. Себебі мәдениет бір ғана діни негізде қалыптаспайды. Егер біз өзіміздің түпкі мифтерімізден, тарихымыздан толық бас тартсақ, онда ұлттық бірегейлік әлсіреп, мәдени жаңғыру мүмкіндігі шектеледі. Әннің өн бойындағы ат дүбіріне ұқсас екпінді дауыс, ұлттық аспаптардың ұранды үні, тор көзді кереге мен қоңыр кебеже – далалық жадымызды жаңғыртып, бауырлас ұлтпен ортақ тарихи санамызды парақтады. Әсілінде осы үшін де тамсандық, осы үшін де таңырқай қарадық.

Адель Шайхитдинова
Фото: ашық дереккөзден

Адель Шайхитдинова, Ay Yola тобының әншісі: ТІЛІМДЕГІ АКЦЕНТ ҰЛТЫМДЫ СҮЮГЕ КЕДЕРГІ ЕМЕС

Біздің жобамыз қурай, қобыз, домбыраны, ескі эпостарды синтезаторлар мен гитара рифтары сияқты заманауи үлгіде өңдеуге бағытталған. Менің әкем Руслан Шайхитдинов пен Ринат Рамазанов бұрын «Арғымақ» деген этно-фольк тобын құрып, көп жыл осы салада қызмет етті. Біз – мәңгілік хикаяларды жаңа үнде жеткізетін өткен мен қазіргі уақыттың арасындағы көпірміз. Ақпан және наурыз айларында шыққан алғашқы тректеріміз ежелгі башқұрт эпосы «Урал-батыр» мотивтері негізінде жазылған. Ал Homay әні басты кейіпкерге зұлым күштермен күресуге көмектесетін әйел-құс Хумай туралы баяндайды. Көрермендердің реакциясына тәнті болдым. Қазір бізге бүкіл әлемнен қолдау білдіріп жатыр. Сын-пікірлер де жоқ емес. Әсіресе менің тілімдегі акцент туралы көп сын айтылып жатыр. Менің әкем – башқұрт, ал анам – орыс, бірақ отбасымызда әдетте орыс тілінде сөйлейміз. Бірақ бұл менің өз ұлтымның мәдениеті мен тарихына қызығушылық танытып, ана тілімде ән айтуыма еш кедергі келтірмейді деп ойлаймын. Акцентке қатысты пікірлерге көзқарасым оң, тіпті кей тыңдармандар мұны ерекшелік деп қабылдап жатқаны қуантады.

Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: