«Басын жарып жіберген» — адвокат Әсет Матаевқа 5-6 адам шабуыл жасағанын мәлімдеді
Матаевтың Қорғаушысы Рена Керимованың айтуынша, Матаевқа бес-алты адам шабуыл жасаған. Алайда полиция бұл оқиғаны «бұзақылық» бабы бойынша тергеп жатыр.
Еске салайық, Матаев Медеу ауданындағы ойын-сауық мекемелерінің бірінің жанында болған төбелестен кейін ұсталған. Полиция департаменті бұған дейін қақтығыс алдымен ауызша жанжалдан басталып, кейін төбелеске ұласқанын хабарлаған. Іс «Бұзақылық» бабы бойынша қозғалған.
Алайда Рена Керимова «ҚазТАГ» иесі Асет Матаев Алматыда соққыға жығылып, ауыр жарақат алғанын мәлімдеді.
«Жаңа ғана қорғауымдағы Әсет Матаевпен сөйлестім! Ол шынымен ұсталған [...] Алайда, Әсеттің айтуынша, [...] шамамен бес-алты адам [...] оған және оның досына шабуыл жасап, аяусыз соққыға жыққан. [...] Әсеттің басын жарып жіберген, басында ашық жарақат бар, сол жақ маңдай қуысының алдыңғы және төменгі қабырғасы сынған [...] Қазір өзін өте нашар сезініп отырғанын айтты», — деді адвокат.
Оның сөзінше, Матаев сот-медициналық сараптамаға жіберілген. Әріптестері Медеу аудандық полиция басқармасына барып, оған заңгерлік көмек көрсетіп жатыр.
Адвокаттың айтуынша, оқиға Матаев пен оның досы Достық даңғылындағы бардан шығып, таксиге бет алған сәтте басталған. Қорғау тарапының нұсқасы бойынша, оларға белгісіз адамдар тобы шабуыл жасаған.