Баспана кілті табысталды
Астанада Республика күніне орай көптен күткен баспана кілті кезекте тұрғандарға табысталды.
Жаңа қоныстанушылар арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедектер, жетім балалар, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Елорда тұрғындары пәтерлерін «Нұрлы жер», «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қол жеткізді. Тұрғын үй бағдарламасын Астана әкімдігі «Отбасы» банкімен бірлесіп іске асырды.
Республика күні мерекесімен қатар, тұрғындарды қоныс тоймен құттықтауға Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен «Отбасы» банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова келді.
«Республика күнімен және көптен күткен қоныс той құтты болсын! Үйлеріңіз құрылысы қарқынды жүріп жатқан жаңа ауданда (Жағалау шағын ауданы, Е-20 көшесі) орналасқан. Мұнда жақында 4 мың оқушыға арналған 2 ауысымды оқитын мектептің есігін аштық, сондай-ақ өзге де әлеуметтік нысандар бой көтерді. Көктемде біз ауданды абаттандыруды жалғастырамыз, әлеуметтік нысандар салу да жоспарда бар.
Мемлекет тұрғын үй мәселесіне ерекше назар аударады. Жыл сайын жеңілдіктер қарастырып, қолжетімді тұрғын үй салудамыз. Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы осындай 2900 пәтер салынса, соңғы екі жылда 17 мыңға жуық әлеуметтік пәтер қолданысқа берілді. Сонымен қатар тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылар санаты көбейді, тұрғын үй сертификатының сомасы 1 миллионнан 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайды», – деп атап өтті елорда әкімі Алтай Көлгінов.
— Жаңа қоныстанушыларымыздың бүгін жаңа өмірі басталды. Жаңа пәтерлерде олар ұрпақ тәрбиелеп, алдағы өмірлеріне жоспар құрып, қонақ күтетін болады. Баспана кілтін табыстау ұлттық мерекеге сәйкес келгені мерекенің маңызын арттыра түседі. Мемлекет өз азаматтарының баспана мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлетіні маңызды. Тек «Шаңырақ» бағдарламасы аясында екі жыл ішінде біз 16 722 қазақстандыққа жеке тұрғын үй сатып алуға көмектестік, оның ішінде Астанада 4 363 адам қоныс тойын атап өтті. Жақын арада «Отбасы» банкі мемлекеттік бағдарламалар аясында азаматтарға кредит беруді жалғастыру үшін 49,9 млрд теңге көлемінде қаражат түсуін күтіп отыр», – деп атап өтті «Отбасы» банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Жыл басынан бері Астанада барлығы – 19 335 осындай несие берілді. Күн сайын елорданың 80-ге жуық тұрғыны өз пәтерін немесе үйін «Отбасы» банкі арқылы сатып алу үшін несие алады. Сол сияқты күн сайын 100-130 адам жылжымайтын мүлікті одан әрі сатып алу үшін жаңа депозиттер ашады. Жыл басынан бері «Отбасы» банкі 67 390 қазақстандыққа қоныс тойын атап өтуге көмектесті.