Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:54, 22 Ақпан 2023

«Баспасөз картасы» – журналистерге берілетін артықшылық

None
None

Журналистердің құқығын қорғап келе жатқан БАҚ туралы заң осыдан 24 жыл бұрын, яғни 1999 жылы қабылданған.

Одан бері қанша уақыт өтті, заман өзгерді, заманмен бірге заң да өзгеруі керек. Мұндай әңгімелер осы уақытқа дейін айтылып келе жатқан болатын. Биыл сол әңгімелердің әсерімен «Масс-медиа» туралы заң жобасы шықты. Аталмыш құжат қазір арнайы порталда жарияланып, талқыға түсіп жатыр. Басқа емес, журналистердің өзіне қажетті құжатқа тілшілер қауымы салғырт қарамауы керек.

«Масс-медиа» туралы заң жобасына қандай мәселелер енді, журналистердің жұмыс жасауына қандай артықшылықтар бар деген сұрақтар БАҚ қызметкерлерінің арасында өзекті екені анық. Сонымен, заң жобасына тоқталсақ. Аталмыш құжат 11 тараудан, 78 баптан тұрады. 1999 жылғы БАҚ туралы заң 7 тараудан, 25 баптан тұратын-ды. Бұл одан көлемді. Заңның атауы – «Масс-медиа туралы» деп аталады.

1-бапқа тоқталайық. Бұл бап бұрынғы заңда енбеген тақырыптармен толығып отыр. Мәселен, балаларға арналған бағдарламалар және білім беру саласы туралы ұлттық педагогикалық бағдарламалар енген. Сондай-ақ діни бағдарлама мен желілік басылымдар тағы бар. Одан бөлек, медиа өлшемдері туралы да енген. Кейбірі мұны соншалықты жаңалыққа жатқызбауы мүмкін. Алайда мұның бәрінің заңда аттары аталып, жеке-жеке арнайы анықтама беріліп жазылуы – аталған құжаттағы біраз өзгерістер мен толықтырулардың жасалғанын көрсетеді.

Бұл заң жобасының ең басты артықшылығы – журналистердің мәртебесін көтеретін құжат болатындығында. Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарының мәртебесін айқындайтын, әрі мемлекеттік қаржыландыруды реформалайтын, мемлекеттік мекемелермен селбесіп жұмыс істеуі сияқты артықшылықтар қамтылған.

Әлі де жұрттың талқысына түсетін, түзеліп-күзелетін құжаттың жалпы мазмұны, артықшылығы мен кем-кетігі туралы белгілі журналист, «Қала мен дала» газетінің бас редакторы Думан Бықайдан сұрадық. Сарапшымыз құжатпен толық танысып шыққанын айтып, бір сұхбатта заң жобасындағы барлық баптарға тоқталудың мүмкін емес екенін, дегенмен тілге тиек ете кететін тақырыптарға тоқталды.

  «Масс-медиа» туралы заң жобасында біздің назарды аударған дүние – «баспасөз картасы» туралы бап. Яғни 33-бап. Бұл осы уақытқа дейін бәріміздің айтып, армандап жүрген журналиске берілетін статус. Мұғалімдер мен дәрігерлердің статусы бар, журналистер ешкім емес дегенді айтатынбыз. Заң жобасында сол кемшіліктің орны толығып отыр. Баспасөз картасын алу үшін тілшіге бірнеше нақты талап қойылады. Ең алдымен, БАҚ өкілінің журналистика факультетін оқыды деген дипломы болуы керек. Жасыраты жоқ, қазір екінің бірі журналист болатын болды. Жолы болмаған филологтар, саясаттанушылар мен тарихшылардың көбі нәпақасын журналистикадан тауып жүр. Кәсіби білім болмаған жерде, сапалы маман болмайтыны анық. Баспасөз картасы осының алдын алады.  

Одан кейін, «журналистің БАҚ саласында үш жылдан кем өтілі болмауы керек» деп жазылыпты. Бұл да дұрыс шешім. Үш жылда журналист бола алатын маманның жазуы қалыптасады. Ал дипломы жоқ адамның 5 жылдан кем жұмыс өтілі болмауы керек деген талап та еніпті. Бұған түсіністікпен қараған дұрыс шығар. Өйткені қазақ журналистикасында дипломсыз журналистің көп болмаса да, бары анық. Әсіресе филологтардың көбі журналистикада жүр. Ондай мамандармен еңбек келісімшартының болуы міндетті екенін ескерте кетейік. Заң жобасында солай жазылыпты.

– Журналистердің құқықтары, ар-намысы туралы жазылған 74-бапқа тоқталып кетсеңіз.

— Бұл дамыған елдерде бар артықшылық. Журналистер басын қатерге тігіп, біреудің құқығын қорғайды. Ал өз басының амандығы мен ар-намысын қорғай алмайтын. Осы олқылықтың алдын алатын бапқа қалай сүйінбейсің? Оның үстіне, Қазақстан сияқты дамушы елдерде БАҚ өкілдеріне әртүрлі саяси қысымдардың жасалатыны шындық. Бұл бап журналистердің ар-намысын қорғаумен бірге, олардың қадір-қасиетін арттырып, іскерлік беделін сақтау жайындағы өтініш-тілектерді қарайтын болады. Журналистер құқығын қорғайтын арнайы кеңес құрылады. Жұмыстармен сол кеңес айналысады.

Тегтер: