Басқа пәле – «ресми тілден»
Біздің президенттердің бір ауруы бар (бірінен біріне беріліп жатқанына қарағанда жұқпалы сырқат болу керек): ол – тұтас сөйлемнің немесе біртұтас, бөліп жаруға болмайтын пікірді екіге жарып, біреуге қажетті мәселені айтып, екінші біреулерге қажетті мәселені айтпай, аттап кету.
Тұтас ойды бұлайша бөлшектеуді кейбір редакторлар «контекстен бөліп алу», ал теледидарда «қайшымен өзіне керекті жерлерін қиып алу» дейді. Екеуі де жетісіп тұрған жоқ. Екеуі де жымысқылықтың, сасық қулықтың көрсеткіші.
Бұрынғы президентіміз бірде ашуланып отырып орыс тілінде қойылған сұрақтарға орыс тілінде жауап беру керек, ондай болмағанда жауапқа тарту керек деген бағытта әңгіме айтқанын бәріміз білеміз. Бұл мемлекеттік қызметкерлерге арналған сөз болатын. Ешқандай артық жері жоқ. Бірақ бұрынғы президент осы сөйлемнің заңымызда да бар, адам құқығына да қатысты екінші бөлімін, қазақ тілінде сөйлегендерге қазақша жауап беру керек дегенді айтпай, «тастап кетті». Сол-ақ екен, орыстілді қауым «міне, президенттің өзі солай деп тұр, енді қазақ тілін қолданбай-ақ қояйық» деп мәз болды. Бұны қазақ көзіңді бадырайтып отырып «жығып беру» дейді немесе екінші жаққа шығып кету деп те атайды. Екі жағын тең ұстау, заңда көрсетілген мәселені бөліп-жармай айтудың ешқандай қиындығы жоқ, бірақ бір сөйлемнің ішіндегі мәселенің бірін айтып, бірін «тастап кетудің» астарында саяси мақсат бар екенін ұмытпалық.
Президент Қ.Тоқаев мырзаның кешегі жолдауында да осы бір ыңғайсыз тәсіл қайтадан қолданысқа түсті (ыңғайсыз дейтінім – көзіқарақты көпшілік мемлекеттік тілге қатысты заңдарды, оның ішінде «ресми тіл» дегенді, оның қолданылатын жерлерін жақсы біледі). Президент «Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие», – деп, Айды аспаннан бір-ақ шығарды. Қазақстан Республикасының бірде-бір заңында ондай сөздер, жолдар, сөйлемдер жоқ. Демек, Қасым-Жомарт ағамыздың «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады» дегенді айтпай кеткені – осы бағытты ашық қолдауы деп түсінуіміз керек. Қайталауға тура келеді: тек қана «мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында». Шындықты, оның ішінде заң баптарын жартылай беру немесе өз бетінше жаңа сөйлем құрастырудың президентке абырой әкелмейтіні белгілі дүние. Орыстілді қауым президенттің аузынан шыққан сөзді ертең-ақ өздерінің құралдарына айналдыратыны анық, ал бұл, өкінішке қарай, онсыз да тілдік белгілеріне қарап, екіге жарылып отырған қоғамды одан әрі бөлшектей түседі.
P.S. Маған президенттің «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді» деген сөзі ұнады. Егер мен осы сөйлемнен (біздің президенттер сияқты) өзіме керекті жерін «кесіп алсам», «қазақ тілі ...қала береді» болар еді. Бұрын да қалып келді, одан әрі де қала береді...