Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:30, 18 Ақпан 2022

Басшымыз басқа шықты!

None
None

қарағандылық кітапханашылар неге зар илейді?

 Жартымсыз жалақыны місе тұтып жүрген қарағандылық кітапханашылардың күйігі жетіп артылады. Облыс орталығындағы бір топ кітапханашылар басшыларының әділетсіздігінен қажып отырғанын алға тартуда. Спикерлер аты-жөндерін бүркеншек атпен жазуды және мекемелерінің атауын көрсетпеуді сұрады.

– Облыстық мәртебеге ие кітапханада алтыншы жыл қызмет етіп келемін. Еліміздің Ата заңында адам өмірі мен денсаулығы басты құндылық екені айқын көрсетілген. Өкінішке қарай, біздің басшы өз дегенін істейді.  Директор лездемеде еңбекке жарамсыздық туралы қағаз ашпауды ауызша  жиі талап етеді. Ашығын айтқанда, ауыруға құқымыз жоқ екен. Сырқатымыз жанға батса да, қызметте отырамыз. Емханаға қоңырау шалып, сыртымыздан тексеріс жүргізеді. Тағы бір шындықтың бетін ашу маңызды. Заң бойынша директор лауазымына үміткер сынақ арқылы әрі  басшылық қызметте 5 жыл еңбек өтілі бар тұлға тағайындалуы тиіс. Біздің бастығымыз қазіргі лауазымына байқау арқылы тағайындалмаған, – дейді оқырмандар бөлімінің кітапханашы Айман Ақшолақова.

– Біздің басшымыз да, заңды өз ыңғайына қарай бұрып алады. Жақында, қолымда тұратын анам коронавирусқа шалдығып, төсек тартып жатып қалды. Содан, директорға мән-жайды түсіндіріп, 14 күнге еңбекақысыз демалыс беруді сұрадым. Сырқатты ешкім тілеп алмайтыны анық.  Алайда, бастығым «жиі ауырасыздар!» деп құлақ етімді жеп, әрең келісім берді.

Ақиқатында, өтінішімді қанағаттандыруға менің құқым бар. «Еңбек кодексінің» 97-бабында көрсетілгендей, «Жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы» келісімшарт бойынша қызметкерге  әлеуметтік және отбасылық жағдайына байланысты 5-14 күнге дейін еңбекақысыз демалыс алуға рұқсат берілген. Осыны алға таруға болар еді, бірақ өшпенділік отын жағып алмайын деп амалсыздан  бұғып қалдым, – деп қынжылады кітапханашы Гүләйім Әбдірахманова.

Қарағандылық кітапханашылардың боямасыз өмірі осындай. Көбісі, күйзеліс үстінде жүреді. Оның үстіне, еңбекақылары 100 мың теңгеге жетпейтіндер аз емес. Ал жас мамандардың жалақысы 60 мың теңгені құрайды.

– Мен 1-санаттағы орта кәсіби білімді кітапханашымын. Еңбек өтілімім – 20 жыл. Енді директорым маған: – «Жоғары санатқа тапсыр!» – деп бұйырып отыр. Қажет еместігін айтсам, «санатыңды төмендетеміз!» деп сес көрсетеді. Жоғары санатты таңдау қызметкердің өз еркіне берілген. Мұндай қысымшылық жүйкемді жұқарту үстінде, – дейді тәжірибелі кітапханашы Роза Санатова.

Шағым білдіруші кітапханашылардың уәжіне облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттар басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов: –Кітапхана директорлары мен кітапханашылар арнайы комиссияның қаулысы бойынша 3 жылда бір рет аттестациядан өтеді. Қызметтік лаузымда 7-8 жыл және одан ұзақ мерзімде отырған директорларды қызметтен шеттету немесе басқа кітапханаларға ауыстыру мәселесі тек ротациялық жолмен іске асырылады. Осындай реформа мәдениет саласына келсе, қуана құптар едік, –деп мәселені қысқа қайырды. Басқарма басшысы шағымданушыларға жүгенсіз кеткен жетекшілерінен қысымшылық көрсе, өз атына мәлімдеме хат қалдыруға болатынын жеткізді.

Тегтер: