Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:23, 06 Маусым 2024

Басталмай жатып аяқталған «Болашақ» соты, Саясат Нұрбектің «күмәнді» мәлімдемесі

Гавриленко
Жас Алаш коллаж

Төртінші мамыр күні Астана қаласының Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында «Болашақ» орталығына қатысты азаматтық іс қаралды. Жиырмаға жуық журналист қатысқан сот отырыс басталмай жатып аяқталды. Себебі «Болашақ» орталығы өкілдері туындаған дауды медиация түрінде реттеу бойынша өтінішхат берді. Сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруды сұрады.

«Медиацияға негізгі борышкер Валерия Гавриленко тартылуы үшін өтінішхат жолдадық. Қазір орталық Валерия Гавриленкоға қатысты шара қабылдап жатыр. Медиациялық келісімге келуге екі апта уақыт беруді сұраймыз», – деді «Болашақ» өкілі Алтынай Кенжесарина.

Өз кезегінде судья Гүлмира Қаженова орталықтың өтінішін бірден қабылдап, медиацияға уақыт беретіндерін мәлім етті. Жауапкер тарапы медиацияға тек «Болашақ» қарыз көлемін азайтса ғана баратындарын айтып, шешімге көңілдері толмағандарын жеткізді.

«Сот отырысына қаншама журналист қатысып отыр. Отырысты бастамай жатып жаба салғандарыңыз жарамады. Біз медиацияға қарыз көлемін азайтса ғана келісеміз. Іс бойынша қарыз сомасы – 28,5 млн теңге. Одан кепілге қойылған мүліктің құны – 25,7 млн теңгені, қалған сомадан Гавриленко құйған 1,3 млн теңгені алып тастау қажет. Нәтижесінде, 1,5 млн теңге қалады. Наталья Воробьева және Мақпал Дәрібаева бұл соманы төлей алады, осындай жағдайда ғана медиация орын алады», – деді адвокат Айжан Ташенова.

Судьядан сөз сұраған жауапкер Мақпал Дәрібаева денсаулығына байланысты кезекті сот отырысына қатыспауы мүмкін екенін айтып, журналистер алдында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасаған мәлімдемеге қатысты күмәні бар екенін айтып, жылап қалды.

«2016 жылы кепілдік келісімге қол қойған кезде Гавриленконың 2 пәтерді кепіл ретінде тіркегенін білдім. Сол үшін де гарант болуға келістім. «Болашақтың» біздің үстімізден сотқа берген шағымы негізсіз деп есептеймін. Орталықтың сол кездегі басшылығы кепілдегі 2 пәтерді заңсыз беріп жіберген. Енді бүкіл қарызды біздің мойнымызға ілмекші. Министр Саясат Нұрбек айтқан келісім жоқ деп ойлаймыз. Себебі орталық келісім құжатын бізге көрсетпей отыр, адвокаттық сұрау да салдық. Ол келісім бар болса, бізге көрсетулері керек. «Болашақ» біржақты түрде қарызды бізден өндіріп алмақшы. Неліктен сот бұл істі бірде-бір кепіл болмағандай қарастырып отыр? Әділдік қайда? Соттан талапты қанағаттандырудан бас тартуды талап етеміз», – деді Дәрібаева.

Министр «Болашақ» дауы заң аясында шешілетінін, гарант иелеріне талап қойылмайтынын айтқан еді.

«Валерия Гавриленко ақшаны толық қайтарамын деп өзіне жауапкершілік алды, тиісті келісімшартқа қол қойылды. Ол ақшаны төлеуді бастады. Сондықтан гарант иелеріне ешқандай шағым жоқ. Сондай-ақ біз жауап беруші 3 тарапқа шағым түсіруге мәжбүр болдық. Себебі заң аясында олар да жауапты. Осылай істеуге мәжбүр болдық. Гавриленко барлық ақшаны төлесе, гарант иелеріне шағым болмайды. Менің ойымша, оларға дұрыс кеңес берілмеген. Олар қауіпті сезіп, залалды толық өтейміз деп ойланған. Бүгінде барлық шағым Валерия Гавриленкоға қатысты болады» деген болатын ведомство басшысы.

Мақпал Дәрібаева Гавриленко қарызды жауып бітемін дегенше орталықтың қызметін жалғастыратынына күмәнмен қарайтынын айтты. Себебі ай сайын жүз мың теңге төлеммен қарыз 27 жыл бойына өтелмек.

«Кепілден заңсыз шығарылған пәтерде гавриленконың анасы тұрады»

Сотталушылардың адвокаты Айжан Алина кепілдегі пәтерді заңсыз шығарып берген «Болашақ» орталығының экс-басшыларының үстінен әкімшілік те, қылмыстық та іс қозғалмады дейді.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы басшысының кепілге қойылған мүлікті кепілден босатуға қол қойғанын көріп отырмыз. Пәтерлер кепілден шығарылып, басқа адамдардың атына аударылған. Ресми сұрау салып, ол пәтерде Гавриленконың анасы тұрып жатыр деген ақпарат алдық. Кредитордың өзі заңсыз әрекеттерінен кепілсіз қалып отыр. Егер кепілге қойылған мүлікті заңсыз шығарып бермегенде, гарант болған жандар сот залында бүгінгідей жылап отырмас еді. Күні бүгінге дейін заңды белден басқан орталықтың экс-қызметкерлерінің үстінен не әкімшілік, не қылмыстық іс қозғалмаған. Заңсыз әрекеттері үшін жауаптылар жазаларын алуы тиіс», – деді Айжан Алина.

Адвокаттың сөзінше, кепілдік туралы шарт бойынша және кепілдік туралы Азаматтық кодекстің ережесіне сай кепілгерлер негізгі борышкер міндетін орындағанға дейін жауапты.

«Бірақ кепілдік шарты оқытуды ұйымдастыру туралы шартқа байланысты. 2022 жылы бұл міндеттемелер шарттан сот шешіміне ауысқандықтан, шарт өз күшін тоқтатты. Енді Гавриленконың міндеттемесі шарттан емес, соттың шешімінен туындайды, ал кепілдік шарты оқыту шартының орындалуын қамтамасыз етті. Менің ойымша және осындай сот шешімдерін шығарған адам ретінде айтарым, қазір кепілдік берушілерге талап қою мүмкін емес», – дейді Айжан Алина.

Материалды әзірлеу барысында «Болашақ» халықаралық орталығына хабарласып, Саясат Нұрбек айтқан мәлімдемедегі Гавриленкомен жасасқан шарт құжатын жауапкер тарапқа не себепті көрсетпей отырғандарын сұрадық. Бірақ дәл осы сұрағымызды орталық жауапсыз қалдырды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне шығып, министрдің мәлімдемесін растамай жатқанын айттық. Мекеменің баспасөз қызметі жауапкерлерге құжатты таныстыратындарын жеткізді. Бірақ келісімнің құпиялығына байланысты БАҚ өкілдеріне көрсете алмаймыз деді.

Пәтерді кепілден шығарған экс-басшының үстінен іс қозғалды

Ал Гавриленконың екі бірдей үйін кепілден шығару құжатына қол қойған Жанболат Мелдешовке қатысты бас прокуратура сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқан көрінеді.

«Орталықтың бұрынғы басшылығына және В.Гавриленкоға қатысты бас прокуратура ҚР ҚК-нің 190 және 369-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Халықаралық бағдарламалар орталығы В.Гавриленконы медиация рәсіміне қатыстыру үшін оны үшінші тұлға ретінде сотқа тартты. Орталық бұрынғы басшылардың толық жауапкершілігін мойындап, мәселені заңға сәйкес шешу үшін кепілгерлер В.Гавриленкомен медиациялық келісім жасасуды қолдайды», – деді «Болашақтың» баспасөз қызметі.

Жауапкер тарап пәтерлерді кепілден заңсыз босатқан қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалғанына әлі де күмәнмен қарап отыр. Айтуларынша, бас прокуратураның өзі ресми сұрауларына жауап бермей отыр. «Жас Алаш» редакциясы осы мәселеге қатысты бас прокурордың атына ресми сұрау жіберді. Жауаптар қосымша жарияланады.

Естеріңізге сала кетейік, Валерия Гавриленко 2016 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанған. Ол Ұлыбританияның Ливерпуль университетінде «Стратегиялық коммуникация» мамандығы бойынша магистратурада оқыды. Келісімшарт бойынша оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстанға оралып, жұмыс істеуі керек еді. Бірақ бұл міндетін орындамай, Англияға қайта кетіп қалған. Кетерінде екі пәтерін кепілдіктен шығарып, сатып жіберген. Енді оқуға кеткен шығынды «Халықаралық бағдарламалар орталығы» Валерия Гавриленкоға кепіл болған әріптестері Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьевадан өндіріп алмақ. Шығын сомасы 30 млн теңгеге жуық. Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьева «24 KZ» телеарнасында Валерия Гавриленкомен әріптес болған.

Айжан Қалиева

Астана қаласы