Басты күдікті Абзал Шынасыл жарыссөзде не айтты? Сот үкімі қашан шығады?

Шерзат Полат қазасына қатысты сотта бас күдікті Абзал Шынасыл Қаржаубай Нұрымовтың отбасынан кешірім сұрады.
«Бәрі Алланың қалауымен болып тұр. Шерзатты өлтірсем, бірден мойындаймын. Ақиқатты айттым. Жауабымды не үшін өзгерткенімді де. Бір қателігім — намысқа беріліп, мойныма алғаным. Мен жазадан қорықпаймын. Әділ шешім сұраймын. 106 баппен жаза тағайындауды сұраймын. Қазақ елінен кешірім сұрағым келеді. БАҚ-та, желіде «Байдың баласы, депутаттың баласы» деп жатыр. Жалғыз анам бар. Шерзатты өлтірген мен емес. Кім істегенін айта алмаймын. Рақмет!» - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Абзал Шынасыл «Бір адам мойнына алмаса, топ болып кетесіңдер деді. Пышақ менде болған соң мойныма ала салдым» деп жауап берген.
Прокурор Дана Сәрсенбай судьядан 9 күдіктіні 1 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.
• Прокурор Абзал Шынасылды «Бұзақылық», «Адам өлтіру», «Адам өлтіруге оқталу» баптары бойынша кінәлі деп танып, 23 жылға бас бостандығынан айыруды;
• Равиль Сакиевті «Бұзақылық», «Адам өлтіруге оқталу» баптары бойынша 20 жылға бас бостандығынан айыруды;
• Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Дидар Қалиахмет және Нұрбол Тоқтаубаевты «Бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды;
• Азамат Тоқтаубаевты «Бұзақылық», «Ұрлық» баптары бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруды;
• Нұрқияс Ілиясовті «Бұзақылық» бабы бойынша 9 жылға бас бостандығынан айыруды;
• Думан Ысқақты (кәмелетке толмаған) «Қылмысты жасыру» бабы бойынша кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот үкімі 5 маусым, сағат 16:00-де жарияланады.