«Басты рөлде» – Болат Назарбаев
Аптаның ең даулы-шулы әңгімесі – Болат Назарбаев болып тұр. BN – бұрыннан өткір тақырып қой.
Бірақ бұл жолғысының қаны жерге тамар емес. Әуелде жарты әлемді жалпағынан басқан Бөкеңнің арбаға таңылып, ауру адамға арналған төсекте сұлық жатқан суреті пайда бола қалды. Бұл өзі ойламаған жерден әлдебіреулер абайсызда таратып жібергендей сценарий. Жұрт дүр ете қалды. Біреу аяды, біреу мүсіркеді, біреу табалады.
Сценарий Әбіштер әулеті үшін өте сәтті жасалғаны анық. Өйткені оларға сол қажет болып тұрған еді. Содан не керек, Қарасай аудандық сотының экс-төрағасы болған Гүлмира Болатқызы әкесі туралы қоғамдағы алып-қашпа әңгімеге нүкте қойғысы келе қалмай ма. Сөйтеді де, бейресми ақпарат бойынша құрылтайшысы Машкеевич болып табылатын «Экспресс К» сайтына сұхбат береді. Бұл порталды таңдауларының өзінде гәп жатыр… Сайттағы бейнежазбада көрсетілгендей, Гүлмира сұхбат береді, Бөкеңді көрсетеді. Тұңғыш президенттің туған інісі рөлді өте жақсы ойнап отыр. Тіл-ауыздан айырылып қалған: хәлі мүшкіл, мүгедек, міскіннің образы. Тіпті, сөйлей алмай қалған, ойын қағазға ежектеп қана жазады.
Болат Назарбаевтың бұл әрекеті өте сенімді жазылған сценарий дедік қой. Неге? Өйткені Жаңа Қазақстан Әбіштерді ақырын-ақырын қысып келе жатыр. Өткен аптада ғана BN-ның оққағарларына іздеу жариялады. Ендігі кезек кімдікі? Әрине, Болатқа келіп қалды-ау! «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегендей, сасқалақтаған Бөкең тіл-ауыздан айырылып, халықтың аяушылығын оята қалғаны сол. Сөйтіп, тергеуден, жауапкершіліктен, от пен соттан құтылып, қалған өмірін жарымжан, мүгедек Болат болып өткізбекші ме? Әй, қайдам?
Болат аяқсыз сал, тілсіз мақау болып қалса да, жауапкершіліктен құтылып кетпеуі керек! Бұл біздің емес, халықтың талабы. Әлеуметтік желі өре түрегелді! Жаңа Қазақстанның құрылғаны шын болса, отыз жыл ойына келгенін істеген әбіштердің ешқайсысы жазадан сытылып кетпейді. Халық сонда ғана Ақорданың Екінші Республика туралы уәдесінің ертегі емес, шындық екеніне сенер еді.
Халық неге Болаттың жазадан оңай құтылып кетпеуін талап етеді? Кеше ғана қоғам қайраткері Арман Шораев та сұхбат беріп, осы сарында айтыпты. Ол Болат қана емес, балаларының да жауапкершіліктен құтылмауы керектігін ескерткен. Одан бөлек, Шораев мұның постановка, Назарбаевтың сап-сау екенін айтқан. Ибраш Нүсіпбаев есімді орыс тілді журналист Болаттың денсаулығының аттай екенін бірнеше түрлі дәлелдермен нақтылауға тырысыпты. Келтірген фактілері қисынды.
Бүкіл қоғам неге Болатты жазалауға құлшынып, білек сыбанып отыр? Мұны еңбектеген бала түсінбесе де, еңкейген шалдың білетіні даусыз. Кіші Назарбаев Қазақстанды отыз жыл билеген үлкен Назарбаевтың арқасында не істемеді? Ойына келгенін қылды ғой? Біреулердің бизнесін тартып алыпты. Ондай адамдар қаңтар қырғынынан бері Бөкеңнің қылмыстарын ашық айтып, әділдік талап етіп жатыр. Біреулердің ақшасы мен бақшасына көз салған деген де сөз бар. Жүйрік аты, сұлу жары барлардың соры болған деген әңгіме де жиі айтылады. Болаттың тоқалдары туралы әңгіме енді «Мың бір түннен» кем емес. Ағасы Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, Сұлтан Сүлейман «демалсын!». Бөкеңді осы қылмыстары мен қылған істері тыныш қойсын ба?
Неде болса, әбіштер әулеті қойған, Гүлмира Болатқызы сценарийін жазып, Болат Әбішұлы басты рөлді ойнаған «Шамалғандағы шатпақ» деп аталатын деректі детективтің 2-бөлімі болуы тиіс. Түрік сериалдарына тойып алған қазекең кинодан қайтпайды...
P.S
Бұл өзі бүгін-ертең бітетін әңгіме емес. Егер Болат Назарбаевтың жақындары мен жанашырларының айтар уәжі, қарсы пікірлері болса, «Жас Алаш» қай тарапқа да орын беруге дайын!