Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:22, 02 Шілде 2021

Басы – таудай, аяғы – қылдай

None
None

Қаржы министрлігі Ертіс жағасындағы су арнасы құрылысына ақша бөлмей отыр

Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Павлодар облысында Ертіс-Успен деп аталатын каналдың құрылысы басталған болатын.

Бірақ бұл арна әлі күнге дейін салынып бітер емес. Оған қаржының жоқтығы қолбайлау болып отыр.

Кеңестік кезеңде қазығы қағылған каналдың басы-қасында жүрген белгілі құрылысшы Леонид Баталовтың айтуынша, бұл каналдан шаруалардың күткені көп еді. Сол уақыттың өзінде-ақ Ертіс өзенінің жағасынан өтетін арна 10 мың гектарға жуық алқапты суармалы жерге айналдыруы тиіс болатын. Бірақ 1990 жылдары бұл іс сиырқұйымшақтанып, канал ешкімге керек болмай қалды. Салына бастаған плиталарды жұрт талан-таражға салып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Содан бері, яғни 30 жылға жуық уақыт бойы мұнда ешқандай жұмыс жүргізілген жоқ.

Ал былтыр Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының әкімі болып тағайындалған соң, бұл каналға қайта көңіл бөлді. Бәлен жыл бойы қараусыз қалған су арнасын жаңғырту қайта қолға алынды. Тиісті жоба жасалды, мемлекеттік сараптамадан өтті. Ал оның іске асуына «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жауапты орган болып бекітілді.

Бұл мекеменің мамандары бір жылға жетер-жетпес уақытта жалпы ұзындығы 12,5 шақырым болатын арнаның 7,5 шақырымын тартты. Каналда болуы тиіс алты аванкамераның біреуін салды. Әу бастағы жоспарды соңына дейін жеткізу үшін ақша жоқ. Әуелде «қаржыландырудан қиындық болмайды» деген қаржы министрлігі енді сөзінен тайқып, жобаға бір тиын да бөлмей отыр.

Кезінде құрылысын өзі бастап, бүгінде жобаны бақылап жүрген Леонид Баталовтың сөзіне қарағанда, жаңғырту жұмыстарын биыл аяқтамаса, каналдан қайран болмайды.

– Бір-екі жыл аралығында арнаның құрылысын қолға алмасақ, ол жойылып, кейін қайта қалпына келтіру мүлдем мүмкін болмайды. Қазірдің өзінде түбін тот пен арамшөп басты. Осы жылы тиісті жұмыстар аяқталмаса, үкіметтің бұған дейін салған қаржысының барлығы құрдымға кетеді, – дейді Леонид Баталов.

 «Қазсушар» РМК Павлодар облыстық филиалының директоры Жұмагелді Қожановтың сөзінше, құрылысты жалғастыруға 6 млрд теңгеден астам қаржы қажет. Ал министрлік бұл соманы қазынадан бөлуге бейілді емес.

– Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қаржы министрлігіне бес жобаны аяқтау мақсатында 6 млрд 100 млн теңге бөлу туралы бюджеттік өтініш берді. Бірақ бұл өтініш кері қайтарылды. Мақұлдалмауының себебі күн тәртібінде пандемия сияқты күйіп тұрған мәселелердің болуы көрінеді. Бірақ біз де еріккеннен су арнасының құрылысын қолға алған жоқпыз. Оны іске қоссақ, Павлодар облысындағы 10 мың гектар жер суармалы алқапқа айналады. Ал бұл – ауылшаруашылық өнімдері молаяды деген сөз. Тиісінше, азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, шарықтап тұрған картоп пен сәбіздің бағасын түсіруге әсер етеді, – дейді Жұмагелді Қожанов.

Жобаға сәйкес, айналымға қосылатын суармалы жердің 40 пайызына дақылдар, 23 пайызына көкөніс, қалған 37 пайызына картоп салынады. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін кейбір шаруалар қажетті техниканы да сатып алып қойды. Бірақ олардың алқапқа шығар күні алыстап бара жатқандай.

Десе де, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов каналдың іске қосыларына сенімді. Өңір басшысы жалпы сомасы 7,7 млрд теңге болатын жобаның бүгінде 40 пайызы аяқталғанын мәлімдеді.

Бұл шаруаларға кезекті рет үміт отын жағу ма, әлде жауаптан жалтарудың амалы ма? Қаржы министрлігі ақша бөлмей отырғанда, өңір бюджеті 6 млрд теңгені қайдан алмақ? Әзірше бұл сұрақтарға жауап жоқ. Ал шенеуніктердің сөзі шындыққа қаншалықты жанасатынын уақыт көрсетер.

Тегтер: