Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 06 Тамыз 2024

Баталов пен Исабаев «тауық қорада» кездессе...

Баталов пен Исабаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Талдықорған қаласының бас қақпасының сол жағында «Береке» деген коттедж қалашығы бар. Сырттай қарағанда көз тартатын бұл қалашықтың осылай мүлгіп тұрғанына біраз жыл болды.

 Құрылысы басталған кезден-ақ мердігер компанияның оны сапасыз жүргізіп жатқандығы айтылып, шу болғаны бар. Кейін әлеуметтік желілерде сылағы түсіп, шатырынан жел гулеген, құлағалы тұрған үйлердің видеосы да тарады. Әлеуметтік желілерде құрылысқа жауапты «ПМК-7К» компаниясының сол кездегі облыс әкімі Амандық Баталовқа тиесілі екендігі туралы ақпарат та шығып жатты. Сыртынан жұрт «тауық қора» атап кеткен үйлердің сапасын тексеруге, тұрғындардың мұңын тыңдауға «Жас Алаш» тілшісі арнайы Талдықорғанға барды.

Береке
Фото: Жас Алаш

Нәжіс пен қоқысқа толып, қызойнаққа айналған үйлер

Қараусыз қалып, қаңыраған үйлер қаз-қатар тізіліп тұр. Кейбірінің есік терезесі жоқ, үңірейген. Кейбірінің терезесі шағылған. Шатыры да сынған. Іші адам көргісіз. Нәжіс пен қоқысқа толы. Иісі қолқаны қабады. Екінші қабаты әжетханаға айналып кеткен. Шашылған жүн, бөтелке, сынған шыныдан аяқ алып жүргісіз. Біз тұрғындармен сөйлесу кезінде иесі жоқ үйлердің әлдеқашан қыз-жігіттердің «кездесетін» және алқаштардың, қаңғыбастардың ордасына айналып кеткенінен де хабардар болдық. 

Береке
Кезінде қаншама мұқтаж жандарға деп салынған үйлердің сиқы осындай. Фото: Жас Алаш

Ал дәл қазір Талдықорған қаласында 16 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр.

«Береке» қалашығының мәселесі БАҚ-та бірнеше рет көтерілді. Тұрғындардың наразылықтарынан соң антикор бұған назар аударды. Тексере келе көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға деп салынған қалашық үйлерін жергілікті шенеуніктердің саудаға салғаны анықталды. Талдықорғанда 2013-2021 жылдар аралығында 2 мыңға жуық тұрғын үй заңсыз берілген. Оның ішінде жергілікті шенеуніктер құжатсыз 360 пәтерді иемденген. Заңсыз берілген үйлердің ішінде «Береке» коттеджінде орналасқан баспаналар да бар. Осылайша, жауапты мамандар жарты млн теңгені жымқырған. 2018 жылы жоспарланған 620 коттедждің 373-і ғана пайдалануға берілген. Бірақ баспаналар сапасыз салынған. 204 коттедждің құрылысы аяқсыз қалған.

«Береке» қалашығын салу әу баста 2011 жылдың мамыр айында жоспарланған. Құны 21 млрд тұратын барлық қажетті инфрақұрылымы бар 690 тұрғын үйдің құрылысы 2014 жылы аяқталуға тиіс болған. Бірақ бұл жоспар уақытында жүзеге аспады. Тек 2018 жылы ғана «Берекенің» құрылысына 8 млрд теңге бөлініп, бір жылдан соң 155 ықшам үйдің құрылысы аяқталған. Аудан тұрғындарының дені көпбалалы отбасылар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкінің салымшылары, бюджет қызметкерлері, балалар үйінің тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі жандар. Оларға мемлекеттік бағдарлама аясында бірінші кезектегі баспана берілген. Сөйтіп бірнеше қоныс тойы өткен. Бірақ тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмаған. Қазіргі күнде сапасыз үйлердің қабырғалары көгерген, жарылған, есіктері жабылмайды. Сонымен қатар бөлмелері суық, көгерген, газ қайта-қайта өшіп қала береді. Мұны біз қалашықты аралай жүріп білдік. «Берекеде» үйлердің сапасыздығынан бөлек инфрақұрылымға қатысты ақаулар да көп. Мысалы, тұрғындардың айтуынша, қалашықтағы адамдар ыстық су пайдаланбайды. Себебі су – сасық. Жуынсаң, шашыңнан, қолыңнан иісі кетпей қалады екен. Құрылыс кезінде жіберген қателіктер кесірінен қазір жұрт арнайы су жылытатын құрылғы пайдаланады.

Береке
Берекедегі қаңырап тұрған үйлер. Фото: Жас Алаш

3,7 млрд теңгені қолды еткен компанияның иесі Баталов па?

Кейіннен кейбір тұрғындар кемшіліктерді өз бетінше түзеуге кіріссе, көпшілігі сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланған мердігерді жауапкершілікке тартуды талап еткен. Қала тұрғындарының айтуынша, учаскеде өрескел заңбұзушылықтар орын алып жатқанда, техникалық қадағалау өкілдерінің атқарылған жұмыстарды қабылдау актісіне қалай қол қойғаны түсініксіз. Олар тарапынан бақылау болмаған сияқты. Осылайша, қала әкімдігі мердігер – «ПМК-7К» компаниясымен арадағы келісімшартты бір жақты тәртіппен бұзып, құрылыс компаниясын сотқа берген. Талапкер сонымен қатар аталған компанияны соттан ісін адал атқармайтын орындаушылар тізіміне енгізуді сұраған. Бюджет қаражатын талан-таражға салған компанияның иесі Баталовтың ұлы екендігі туралы көп айтылады. Бірақ ресми емес. Тіпті біз қалашықты аралай жүріп, бірнеше адамнан компания туралы сұрадық. Олардың барлығы «ПМК-7К» дегенде Баталовты да қоса айтты. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде «3,7 миллиард теңгені Баталовтың отбасы қалай жымқырды?» деген тақырыппен видео да бар. Видеода қалашықты салу кезінде Амандық Баталовтың ұлына тиесілі делінетін «ПМК-7К» компаниясының 3,7 миллиард теңге алып, жұмысты аяқтамағаны баяндалған.

«Біз Бас прокуратурадан «ПМК-7К» ЖШС жұмысын тексеруді сұраймыз. Серіктестік Амандық Баталовтың үлкен ұлына тиесілі екені туралы ақпарат келіп түсті», делінген видеода. Сондай-ақ бұл компанияның өзін әдейі банкрот деп жариялағаны туралы да мәлімет бар. Бірақ біз тексере келе компанияның банкрот болмағанын, әлі жұмыс істеп тұрғанына көз жеткіздік.

Береке
Фото: Жас алаш

«ПМК-7К» қандай компания?

«ПМК-7К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алғаш рет Алматыда 2005 жылы, 3 қарашада тіркелген. Директоры – Бағлан Мұстапаев. Құрылтайшысы – Дінмұхаммед Саду. Қазіргі күнде компания жұмысы сәтті емес, оған 2022 жылғы әкімдікпен арадағы соттың әсері бар сияқты. Себебі соттан кейін жыл сайын қаржы айналымы 2-3 еселеп азайып отырған. Мысалы, компанияның былтырғы қаржы айналымы 4 млрд теңгеге жуық. Ал 2022 жылы 8 млрд-тан асқан. Ал 2020 жылғы қаржы айналымы 38 235 868 684; 2021 жылғы қаржысы 21 507 428 526 теңге. Төлеген салығы да сондай – 2020 жылы 726 млн болса, кейінгі жылы 400-ге, одан соң 150 млн-ға түскен. Мемлекеттен осы уақытқа дейін 239 тендер алған. Оның ең көбі – 2021 жылы 16 млрд-тан асатын қаржыға 30 келісімшарт алып орындаған.

«Баталовтың кезінде «Болат Назарбаев» деген заң жүріп тұрды»

Талдықорғанда 2 мыңнан аса пәтер заңсыз берілген. Оның ішінде әкімдік қызметкерлері, антикор, ҰҚК, сот, спорт пен өнер саласының адамдары, журналистер бар. Мұндай мәліметтерді жергілікті журналист Дина Балқашқызы айтып жүр. Ол «Береке» қалашығындағы үйлерді салған «ПМК-7» компаниясының Баталовқа тиесілі екенін де алғаш жариялағандардың бірі. Дина Балқашқызы заңсыз үй алған журналистер халыққа жанашыр болып көрінгенімен, олар да халықты тонаған шенеуніктерден кем емес деп есептейді.

Дина Балқашқызы
Дина Балқашқызы. Фото: Жас Алаш

«Сол пәтердің 800-ден астамы ғана халыққа қайтарылды. Біздің облыста әкімнің орынбасарларына дейін пәтерді уақытша тұруға алып, кейіннен өз аттарына аударған. Қаламыздағы шенеуніктер мұндай пәтерлерді қайтарғысы келмейді. Оны өмір бақи нан табатын кәсіптің көзіне айналдырған. Қарапайым халық 20 жыл кезекке тұрып пәтерге қолы жетпейді, ал олар бір басына 10 пәтерден алып, табыс табады. Мысалы, осал топтарға арналған 3 пәтерді бір прокурор иемденіп алған. Қазір оның атын айта алмаймын, себебі сотталып жатыр, іс аяқталған жоқ. Мұндай заңсыздықтың барлығы облыста Баталов әкім боп тұрған кезде болды. Ол кезде облыста заң жоқ еді, тек «Болат Назарбаев» деген заң жүріп тұрды. Баталовтың Болат Назарбаевтың қолшоқпары, туысындай екенін бәріміз білеміз. Ал «ПМК-7К» компаниясына келсек, оның Баталовтың ұлына тиесілі екені нақты. Олар да қылмысқа бара жатқанын біледі. Қылмыскердің ең қауіптісі – оқығандар. Оқымағандары бір жерде шалынады. Ал мына оқығандарыңыз алдын ала 10 қадам жасап қояды. Мысалы, компанияны баласына аударып, баласы досына аударып дегендей, өздеріне қауіп келмейтіндей етіп жасайды. Әлбетте, бұл компанияның оған тиесілі екенін бәрі білсе де басқа адамдар сотталды. Мен де естігенімді айттым. Құрылысшылардың бәрі солай деп айтады. Талдықорғанда жол шетіндегі бордюрлерді жыл сайын ауыстыратынымыз да сондықтан. Өйткені «ПМК-7К» бордюр шығарады. «Берекенің» құрылысына да солар араласты. Баталов ақылды ғой, ақымақ болса компанияны баласының атына жазар еді. Бірақ кей жерлерде ПМК-ның Баталовқа тиесілі екені туралы дәлелдер бар. Бірақ бізде ақиқатты аяғына дейін айтатын азаматтар жоқ. Өмірі үшін қауіптенеді», – дейді журналист.

Тұрғындар не дейді?

Бірінші кездестірген кейіпкеріміз есімі – Ардақ Қуанышбайқызы, алты баланың анасы. Қазір зейнетте. Ол көпбалалы ана ретінде кезекке тұрып «Береке» қалашығынан үй алғандардың бірі. Кейіпкеріміз сапасыз болса да өз үйінің барлығына қуанатынын айтады. Құлаған, сынған жерлерін қайтадан жөндеп алған.

Ардақ Қуанышбайқызы
Ардақ Қуанышбайқызы. Фото: Жас Алаш

«Айналадағы қаңырап қалған үйлерді көріп тұрған шығарсыздар. Талдықорғанда қаншама адам үйсіз-күйсіз жүр. Осы үйді дәл осы жағдайымен-ақ бере салсыншы. Кезінде мен әкімдікке барып «алақандай жер беріңіздерші, балаларыммен тақтайдан болса да өзім баспана салып аламын» деп бірнеше рет жалындым. Мен сияқты қаншама көпбалалы ана пәтер жалдап жүр. Соларға беру керек қой. Ары қарай өздері жетпеген жерін жеткізіп алады. Бекер тұр ғой. Заттары ұрланып жатыр. Қоқысқа толып кеткен. Ішінде жылан да, шегіртке де бар. Біздің бала-шағамыз осы жерде ойнайды. Үйімізге жылан кіріп кетеді. Қабырғасы сип-панельден тұрғызылған. Қазір оны тышқан жеп жатыр. Бұл үйдің бағасы 10-15 млн теңге тұрмайды. Қаттырақ ұрып жіберіңізші, қолыңыз ішіне кіріп кетеді. Сондықтан бағаны әділ қою керек. Көпбалалы ана, мүмкіндігі шектеулі жандар, балалар үйінен шыққандарға дұрыс бағамен беру керек», – дейді Ардақ Қуанышбайқызы.

Осындай аз-кем әңгімеден соң ертіп, үйіне кіргізді. Кіреберісі тар дәліз, ары қарай «кухня-студия» аталып кеткен бір бөлме. Екінші қабатқа көтерілдік. Шатырдан су өткен. Төбедегі сарғайған су іздері әлі сайрап жатыр. Жаңбыр жауса үйдің іші, төбесі суланып кетеді екен. Себебі құрылысшылар үйдің шатырын дұрыс жаппаған. Біз оны бітпей қалған үйлерді аралай жүріп көрдік.

Бұл үйлерге ешкім жауапты емес

Біз кездестірген тағы бір тұрғын Айнагүл Тоқпанбетованың 8 баласы бар. Ол да дәл осындай үйде тұрып жатыр. Айнагүл де басқа тұрғындар сияқты сапасыз үйдің мәселесін бірнеше рет көтерген. Тіпті Астанаға дейін барған. Бірақ мұндай наразылықтардан ештеңе өзгермепті. «Сапасыз болса да тұрып жатырмыз, басқа амалымыз жоқ» деп бастады бізбен кездескен ол.

Айнагүл Тоқпанбетова
Айнагүл Тоқпанбетова. Фото: Жас Алаш

«Менің үйімді көріп тұрсыздар, жел соғып еді шатырының бір жағы түсіп қалды. 8 балам болғасын кезекке тұрып осы үйді алдық. Үйдің сапасы туралы естіп, көріп жатқан шығарсыздар. Мысалы, қабырғаға ештеңе іле алмаймыз. Шеге тұрмайды. Асүйдегі қабырғаға ілген жиһаздарым ыдыс-аяғымен бірге құлап қалды. Содан кейін оларды болт, гайкамен қабырғаны тесіп өтіп, екі жағынан ұстаттық. Қазақпыз ғой, «шүкір» деп, үй құлап, басып қалғанша тұра береміз. Жел соқса, үй гуілдеп тұрады, есіктері жабылмайды. Кез келген уақытта құлап қала ма деп қорқамыз. Есігі жабылмағасын өзім басқасына ауыстырдым. Әкімдікке барсаңыздар сұраңыздаршы, «осы үйге қол қойып алдыңдар ма?» деп. Олар қол қоймаған және қоймайды да, себебі баспаналардың сапасыз екенін біледі. Ертең құлап біреуді басып қалса, жауап бергісі келмейді. Бұл үйлерге ешкім жауапты емес», – дейді көпбалалы ана.

Жанна Айнагүлова
Жанна Айнагүлова. Фото: Жас Алаш

Қалашықтың тағы бір тұрғыны Жанна Айнагүлова «Айналайын» балалар үйінің түлегі. 10 жыл кезекте тұрып, 2021 жылы «Берекеден» баспана алған. Бір ай өткесін көшіп келген. Ол бірден үйінің сапасыз салынғанына көз жеткізгесін әкімдіктен шатырын, қабырғаларын қайтадан жөндеп беруді сұраған. Бірақ әдеттегідей, арызы жауапсыз қалған. Жанна да кездескен жерден бізді үйіне шақырды.

«Көріп тұрсыздар, қабырғалар жағал-жағал. Жаңбыр жауған сайын төбе де, қабырғалар да дымқылданып қалады. Ең басты проблемамыз – осы. Жаңбыр жауса төбеден су кетеді. Орамал қойып тастаймыз. Еден ылғалдан көтеріліп кетеді. Түсінем, көпбалалы ана, мүмкіндігі шектеулі жандар, балалар үйінде өскендерге деп салды. Мұғаліммін, бірақ бастысы мен адаммын ғой. Неге олай бізге қарым-қатынас жасайды. Бұл жерде қара халық қана тұрады. Халықты ойлайтын үкімет қана. Үкіметтің өзі бізге осылай жасаса, арызымызды қайда барып айтамыз. Адамгершілік жоқ. Осындай үйде тұрып жатырмыз. Бір жыл болды, шатырдың мәселесін әкімдікке айтып шаршадық. Қарапайым адаммын ғой, егер басшылық қызметте істесем арызым жерде қалмайтын еді. Әр уақытта әртүрлі сылтау айтып, кейінге қалдырады. Бұл үйдің мәселесін көтеріп Астанаға дейін бардым. Ол жақтағы шенеуніктер «болды, бәрін реттеп береді» деп шығарып салады. Мына жаққа келсек бәрі баяғыдай. Шатырды жасап берсе, ары қарай басқасын өзім жөндеп аламын. Өз еңбегіммен нанымды тауып жатырмын. Басқа ештеңе сұрамаймын», – дейді жалғызбасты ана.

Олардан ешкім келмеді...

Осы қалашықтың тұрғыны Қанат та балалар үйінде тәрбиеленген. 2019 жылы кезек арқылы баспаналы болғандардың бірі. Ол да коттедждегі басты проблема су екенін айтады. Қыс келсе қалашықтағы құбырлар жарылып кетеді екен.

Қанат.
Қалашықтың тұрғыны – Қанат. Фото: Жас Алаш

«Қыста құбыр жарылады. Біз апаттық қызметті шақырамыз. Былтыр да солай болды. Олардан ешкім келмеді. Сосын өзіміз ақшасын төлеп, техника жалдап, құбырдың қай жерден жарылғанын таптық. «Өздерің жөндегесін айыппұл төлейсіңдер» дейді. Оны әйтеуір шулатып жүріп, тоқтаттық. Бірақ қыста үйдің құбыры жарылды. Екі апта ағып тұрды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарлассақ бір-біріне сілтейді. Сөйтіп жүргенде біраз уақыт өтіп кетті. Кейіннен авариялық қызметті шақырып, құбырды жөндеттік. Енді екі айда аққан судың бағасы 1,5 млн теңгеге шығып, оны бізге төлетпекші. Қазір су бірде бар, бірде жоқ. «Қарыздарың бар» деп жиі өшіріп кетеді. Үйдің сапасына да көңіл толмайды. Себебі қабырға жұқа, жылыту жүйесі электрмен жұмыс істейді. Ал қыста ток жиі өшеді. Бөлме 5 минутта мұздайды. Жаңбыр жауса, қар жауса шатырдан су ағады да, үйдің іші дымқылданып кетеді. Амалдың жоғынан осы үйде тұрып жатырмыз. Қазір өз қалтамыздан төлеп, жөндеп жатырмыз. Басында сапасыз салынғандықтан шатырдан суды тоқтата алмадық», – дейді Қанат.

2019 жылы «Береке» қалашығына көшіп келген Марфуза Жақыпованың да үйі құлағалы тұр. Бізбен кездесе сала үйдің шатырын көрсетті. Үйінің қабырғасы қисайып, ішке қарай кіріп кеткен. Марфуза жел соққан сайын қабырғаның қозғалатынын айтады.

Марфуза Жақыпова
Шатырын жөндете алмай жүрген Марфуза Жақыпова. Фото: Жас Алаш

«Мұны әкімдіктегілерге айтқаныма екі жылдан асты. Жел соққан сайын қорқамын. Ішке құласа не болады? Әкімдік өкілдеріне келген кезде «мына үй құлап қалса не істейміз?» деп те көрсеттім, олар: «Құлаған кезде көреміз, оған дейін тұра беріңдер» деп жауап қатты. Демеушілерді күтіп жүрміз. Басқа бітпей қалған үйлерді көріп тұрсыз. Ұры түседі, есік-терезесі шашылып, қирап жатыр», – дейді Марфуза Жақыпова.

Бізде әдетке айналған бір проблема – қандай да бір проблемаға кеткен әкім де, келген әкім де жауап бермейді. Яғни кеткен әкім кетті, кемшілік болса да кезінде қабылданып қойған; келген әкім жаңа адам, бұрынғы былыққа оның қатысы жоқ. «Көшкен жұрттың қасқыры келген жоқ, қонған жұрттың қасқыры білген жоқ» дейтін бір қойыртпақ. Облыс бөлінгелі бері Жетісу облысында отырған әкім Бейбіт Исабаев екі жылдан асты, бұл мәселеге қатысты қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ (әйтпесе, екі жылдан бері бұл үйдің мәселесі аз көтерілген жоқ). Тұрғындардың айтып отырғаны әлгі – құлап жатса көреміз дейтін кекесін жауап. Әкімдіктің не жоспары барын білмек болып, қалалық әкімдікке бардық. «Береке» қалашығының мәселесі бойынша жауапты мамандармен кездестік.

Радик Идрисов
Радик Идрисов. Фото: Жас алаш

Талдықорған қаласы бойынша құрылыс бөлімі бастығының орынбасары Радик Идрисов ресми түрде:

«Береке» қалашығында әу баста 620 коттедж салу жоспарланған. Жалпы ауданы 18,6 мың м2 болатын 577 тұрғын үйдің 373-і қолданысқа берілгенімен, оның 204-нің құрылыс жұмыстары аяқталмаған. Осы мәселелер бойынша «ПМК-7К» ЖШС-мен арадағы келісімшарт біржақты тәртіппен үзілді. Келісімшарт бұзылғаннан кейін Жетісу облысының арнайы прокуроры бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша жауапты мамандарды тергеді. Қазіргі күнде аталған өзекті мәселені оңтайлы шешу мақсатында аяқсыз қалған жұмыс түрлерін қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп, ақау актісі жасалынып, жұмыстарды толық аяқтау үшін мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жарияланды. Конкурстық рәсімдердің нәтижелері 2024 жылдың тамыз айының соңында белгілі болады», – деп жауап берді.

Иә, Исабаев кейін келді, бірақ қатысым жоқ деп, сырт қалар жөні жоқ. Қалай болғанда да, бұл «кездесу орнына» бас сұқпауы мүмкін емес. Бәлкім, бұрынғы Баталов екеуі осы «ордада» бір кездессе де артық емес... Халық айтса қалт айтпайды, тауық қора жай ғана ұқсастығы үшін айтыла салмаған, тауық қораның екінші сипаты – былыққа батқан орын дегенді меңзейді. Бұл қалашық құрылыстағы былықтың символындай.

P.S. «Жас Алаш» редакциясына Талдықорғандағы заңсыз үйлердің кімдер алғандығы және олардың облыста қандай қызмет атқарғандығы туралы мәліметтер мен құжаттар келіп түсті. Оның ішінде сот әкімшілігі, ҰҚК, қазына комитеті, антикор, архитектура, прокуратура, облыстық полиция департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, мемлекеттік аудит, Алматы мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Өнер мен спорт адамдары, журналистер, Алматы облысы әкімі аппаратының қызметкерлерінің тізімі берілген. Бұдан бөлек, облыста үйлерді заңсыз кімдер қаншаға сатқандығы туралы дәлелдер де бар. Сондықтан біз бұл үйлерге қатысты зерттеуімізді тоқтатпаймыз. Алдағы уақытта Jas Аlash Youtube каналында көлемді зерттеуімізді жариялайтын боламыз.

Тұрсынбек БАШАР