Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 04 Маусым 2024

Батыс елдері Зеленскийге Ресейді шабуылдауға рұқсат берді

украина
Фото: vm.ru

Украина Батыстағы серіктерінен Ресей аумағындағы әскери нысандарға соққы жасауға ұзақ уақыт рұқсат сұрап келді.

 Қаруын берсе де «тізесі дірілдеп» отырған демократиялы елдерде сең енді ғана жіби бастады. 

28 мамыр күні Брюссельде Еуропа Одағына мүше елдердің қорғаныс министрлері бас қосты. Талқыланған маңызды мәселенің бірі – Украинаға Ресей аумағын атқылауға рұқсат беру. Украина Ресей жеріне қазір де шабуылдап жүр. Бірақ шабуылға өзінің, отандық өндірістен шыққан дрондары мен санаулы зымырандарын ғана пайдаланады. АҚШ пен Еуропа елдері жіберген зымырандар қорғануға арналған. Яғни жаудың танкі, кемесі, ұшағы мен зымыран атқыш ауыр машиналары Украина аумағы саналатын жерлерде жүрсе ғана атуға рұқсат. Ал дұшпан шекараның арғы жағында, қол созымдай жерде тұрса да оны атуға болмайды. Бұл – Украина мен оның жақтастарының ортасында соғыс басталғалы шешімін таппай келе жатқан даулы мәселе. Брюссельде де ұзақ сөз таластырды. Министрлер ортақ шешім шығара алмай тарқасты. Демек, Ресей ұшақтары мен зымыран қондырғыларын Украина шекарасына жақындатып әкеліп алып атқылай береді, ал оны украин сарбаздары сырттай бақылап қана тұруға мәжбүр.

Бұны президент Владимир Зеленский әділетсіздік деп санайтынын мәлімдеді. Белгия премьер-министрі Александр Де Кроомен кездесуінде Зеленский: «Олар (орыстар – ред.) қарапайым тұрғындарды атқылайды. Харьковты көрдіңіздер, жай ғана құрылыс заттарын сататын гипермаркетті бомбалады. Балаларды өлтірді. Ал сенің оған қарсы жауап қататын ештеңең жоқ. Барлаушылардан, спутник суреттерінен олардың қайда тұрғанын көріп, біліп отырасың, бірақ қарымтасын қайтара алмайсың. Бұл әділетсіздік сияқты» деді сыпайы ғана.

2022 жылдың 24 ақпанында соғыс басталғалы бері АҚШ пен Еуропа елдері, Жапония мен Оңтүстік Корея, Австралия сынды демократиялы мемлекеттер Украинаға қару-жарақ жіберіп, қолдап келеді. Заманауи қару анталаған жаудың аптығын басып, бетпе-бет шайқаста апшысын қуырып, өлтіруге келген дұшпанның өлім құшуына көп көмегі тигенін Киев жоққа шығармайды. Алайда жауды шекарадан аттатпай атудың да маңызды әрі аса қажет әрекет екенін айтып, зар қақсайды. Қазір Ресей жеріндегі нысандарға өзінің отандық өнімдерін пайдаланып жүр. Бірнеше рет сынап та көрді. Нәтиже де жоқ емес. Бірақ мұндай шабуылдарды АҚШ билігі аса қуаттамаса керек. Америкалық The Washington Post басылымы 30 мамырда жариялаған мақаласында Ресей өз аумағында соғысқа тікелей араластырмай, майданнан мың шақырымдай алыс қашықта ұстап отырған әуе қорғаныс жүйелеріне Украинаның шабуылдауын Ақ үй тіксіне қабылдағанын жазды. Мұндай оқиға өткен аптада кемі екі рет байқалды дейді басылым. Шекарадан алыс жатқан Краснодар облысындағы Армавир қаласы мен Қазақстанға жақын орналасқан Ор қаласына украиндер дрон жұмсаған. Джо Байден айналасындағы екі дереккөз бұны газетке «Ресейдің басқаша түсінуі мүмкін» екенін айтқан. Кеңірек тарқатқанда «АҚШ Ресейдің ядролық зымырандардан қорғану жүйелерін әлсіретуді көздеп отыр деп қабылдауы кәдік» деген. Бұл өз кезегінде орыстарды ядролық қару қолдануға итермелеу қаупі бар. Оның соңы кім-кімге де оңай тимек емес.

Украинаға Батыс зымырандарымен Ресейдің аумағындағы әскери базаларды атқылауына рұқсат беруді ашық қолдайтын Еуропадағы ең жоғары лауазымды адам әзірге Франция президенті Эммануюэль Макрон ғана. Өткен аптада Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесуден кейін журналистер алдына Украина картасын ұстай шыққан Макрон әріптестерін батылырақ болуға шақырды. «Зымырандар ұшып келетін жаққа соққы жасай алмаса Украинаға өз қалаларын қорғаңдар деп қалай айтамыз? Бұл оларға «қару береміз, бірақ қорғана алмайсыңдар» деумен бірдей ғой», деді Франция президенті. Жанында тұрған Шольц сығыр көзін одан ары қыса түсіп, франциялық әріптесіне жылы жымиып, сөзін қолдайтындай түр көрсеткенімен елп ете қалған жоқ. Өзін салқынқанды, әдеттегідей салмақты ұстады. «Әрине, халықаралық соғыс жүргізу нормаларына салсақ Украинаның ондай хақы бар. Турасын айтайық: шабуылға ұшыраған Украина қорғануға да құқылы» деп, сипай қамшылап өте шықты. Еуропа экономикасы мен қорғанысындағы локомотив екі ел жетекшілерінің ұстанымы бірдей деңгейде шықпады. Украинаға қару-жарақ жөнелту мәселесінде де көзқарасы әртүрлі. Париж былтыр Киевке Scalp қанатты зымырандарын жіберген. Берлин Зеленский мен украин қоғамы қанша сұраса да әйгілі Taurus зымырандарын бермеді.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг те Украинаның Ресей аумағын атқылауына рұқсат беруді қолдайды. 31 мамыр күні Чехия астанасы Прага қаласында альянс құрамындағы елдердің қорғаныс министрлері жиынының қарсаңында The Economist басылымына берген сұхбатында ол: «НАТО елдері Украинаға қойған шектеуін алуға тиіс. Бұл қазір аса маңызды. Өйткені Ресей Харьков қаласына шабуылды күшейтті, ал Украина жаудың нысандарын атқылай алмай отыр. Бұл қорғануға да үлкен кедергі» деген. Батыста бұл тақырып жиі талқыланып, соңғы аптада беделді басылымдардың алғашқы беттеріне басылып, бас тақырыпқа көбірек шыға бастаған сәтте Ресей президенті де үнсіз қалмады. 7 мамырда инаугурациясын өткізіп, бесінші мәрте президент қызметіне ресми түрде кіріскен Путин алдымен Қытайға, артынан Беларуське сапарлаған. Ал өткен аптада Өзбекстанға барды. Анау-мынау емес, оған «мемлекеттік сапар» дейтін статус берілді. Ташкентте жүрген кезінде ол НАТО ұйымына мүше Еуропа елдеріне қарата: «НАТО-ға мүше елдердің өкілдері, әсіресе Еуропадағы кішкентай мемлекеттер қандай нәрсемен ойнап отырғандарына есеп берулері керек. Олар шағын аумақта халқы тығыз орналасқан ел екендерін ұмытпауға тиіс. Ресейдің ішкері жағына соққы жасау туралы айтпай тұрып олардың ойланатын, есепке алатын факторы осы» деп, ескерту жасады. Әр сөзінің астын сызып, сөйлемдерінің үтіріне кідіріп, нүктесіне тоқтай сөйледі Путин.

Брюссельдегі кездесуде ортақ келісімге келе алмаған қорғаныс министрлері 30-31 мамырда Чехия астанасы Прага қаласында тағы бас қосқан. Бұл жолы Еуропа Одағының емес, НАТО ұйымының жиыны. Соңғы жиынға АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен қатысты. Кейбір БАҚ-тың жазуынша, АҚШ билігінде Украинаның Ресей жерін атқылауын табанды түрде қолдайтын құрылым осы мемлекеттік департамент. Блинкеннің келуі сенім ұялатты ма, әлде мемлекеттік хатшы Ақ үйден «жасыл дәліз» сигналын әкелді ме, Еуропадағы елдерден көп өтпей Украинаға жағатын жаңалықтар шыға бастады. Швеция мен Нидерланды үкіметінің «қарсы емеспіз» деген хабарламасы жылт етті. Storm Shadow қанатты зымыранын берген Ұлыбритания да «біз ешқашан Украинаға шектеу қойған емеспіз» деп мәлімдеді. Оны НАТО бас хатшысы да растады. 31 мамырда Германия үкіметі де «біздің қаруымызбен Ресей жерін атқылай беріңіздер» дейтін мағынада мәлімдеме жасады. Жергілікті Die Welt басылымы үкіметтің ресми өкілі Штеффен Хебештрайттың «Украина соңғы кезде Харьков аумағында жаудың жиі шабуылына ұшырап жатыр. Халықаралық заңдарға сәйкес, Украина одан қорғануға құқылы» деген сөзін басты. Мамырдың соңғы күні түстен кейін АҚШ жақтан да көңіл көншітер сыбыс шыға бастады. Президент Джо Байден ресми түрде мәлімдемесе де америкалық Politico, The Wall Street Journal басылымдары мен CNN телеарнасы Ақ үйдегі дереккөздеріне сүйеніп, өзара ұқсас хабар таратты. Хабарларда президент Байденнің Украинаға Ресей аумағындағы әскери нысандарға шабуылдауға жасырын түрде рұқсат еткені айтылған. Украина президентінің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров ұлыбританиялық The Guardian басылымы журналисіне бұл ақпаратты жанама түрде растаған. «Бізге дипломатиялық жолдар арқылы АҚШ-тан ұнамды сигналдар жетіп жатыр» деп қана жауап берген. Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Байденнің жасырын шешімі» туралы ақпараттан бейхабар екенін айтқан. Интерфакс агенттігіне Песков: «Бұл шешім жөнінде біз ештеңе білмейміз. Белгілісі – америкалық қарумен Ресей аумағын атқылауға тырысқан сәттер. Бұның өзі АҚШ-тың бұл қақтығысқа қаншалықты араласып отырғанын түсінуге жеткілікті» деген.

Voice of America (Америка даусы) порталының жазуына қарағанда, АҚШ Украинаға «шабуылдауға болатын және болмайтын» нысандарды атаған. Мәселен, Украина Ресей аумағында шекараға жақын ұшып жүрген әскери ұшақтарды атып түсіруге, жорыққа шығуға дайындалып жатқан техникалар мен сарбаздарға шабуылдауға, шекарадан алыс емес жерде орналасқан оқ-дәрі қоймаларын бомбалауға ерікті. Бірақ Ресейдің ішкері жағындағы әскери нысандарды америкалық зымырандармен атқылауға тыйым бар. Сондай-ақ қарапайым азаматтар пайдаланатын инфрақұрылымдар мен әуежайларға шабуылды қолдамайды.

Украина НАТО елдерінен қару-жарақ қана емес, алдағы уақытта адам сұрауы да ғажап емес. Әзірше Киев оқ-дәрі, зымырандар мен әуе қорғаныс жүйелерін қанағат тұтып отыр. Дегенмен саны басым жаумен алысып, оларды майдан даласында жеңу үшін сол қаруларды ұстайтын адам керек. Заман өзгерді, технология жетілді деген күннің өзінде де мына соғыста әлі де адам ресурсы маңызды екені көрінді. Бәлкім, болашақта, мүмкін келесі ғасырда роботтар соғысар. Алайда қазіргі соғыста шешуші фактор – қарапайым сарбаз болып тұр. Бұл жағынан Ресейдің бәсі жоғары. Украинаны бірнеше орайтын шамасы бар. Адамы азая бастаған соң украин билігі мобилизациялауға жарамды адамдардың жас мөлшерін төмендетті, жаңа заң қабылдап, бәрін майданға шақырып жатыр. Әйелдерден де батальон, рота жасақтауға көшті. Оларды оқытатын, жаттықтырып, соғысқа дайындайтын маман тапшылығы тағы бар. Бұны АҚШ та, Еуропа да көріп, біліп отырғанына дау жоқ. Франция президенті Макрон НАТО елдері Украинаға әскер жіберу жағын қарастыруды қыстан бері ашық айта бастады. Оның сөзінше, НАТО жауынгерлерін майданға емес, тылда жұмыс істеуге, атыс-шабысқа тікелей араластырмай өзге шаруаларға жұмсауға болады әрі бұл Украина сарбаздарының көп жұмысын жеңілдетер еді. Украина мен НАТО арасындағы ендігі келіссөздердің бір бағыты осы тақырыпта өрбуі әбден мүмкін.

Айгүл Баба

Тегтер: