Батыс Қазақстан облысында 800-ден астам киік суға батып қырылды

Батыс Қазақстан облысында тағы бір экологиялық трагедия тіркелді.
Казталов ауданы маңындағы Сарыөзен өзенінен өтпек болған 800-ден астам киік суға батып қырылып қалды. Бұл туралы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мәлімдеді. Алғашында 526 бас киік, кейін тағы 308 бас өлексесі судан шығарылған. Қазір барлық өлекселер санитарлық талаптарға сай өртеу әдісімен жойылып жатыр. Бұл жұмыстарға «Бөкей орда» резерваты мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері тартылған.
Инспекция өкілдерінің айтуынша, қырылған киіктердің барлығы биыл туған төлдер. Яғни, тәжірибесі жоқ, әлсіз киіктер өзеннен өте алмай, суға кеткен.

Инспекция басшысы Нұрлан Рақымжановтың айтуынша, киіктер өзен маңында жатқаны анықталып, арнайы алгоритмге сай жою шаралары жедел ұйымдастырылған.
— Мұндай жағдай осыдан 1-2 апта бұрын да тіркелген болатын. Ол кезде екі күн ішінде 526 бас киіктің өлексесі шығарылды, - деді ол.
Тұрғындар өзеннен мал су ішетінін айтып, судың ластануына алаңдаушылық білдіруде. Осыған байланысты мамандар су құрамынан сынама алып, зертханаға жіберді.
«Өлген ақбөкендердің өлекселері судан алынып, мал қорымына тасталды. Бұл — жас, биылғы ақбөкендер. Өтер кезде ересектер судан шығып, төлдері шыға алмады. Мұндай жағдайлар жыл сайын тіркеледі», - делінген БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының хабарламасында.
Әлеуметтік желі қолданушылары киіктердің қырылуын экожүйеге деген немқұрайдылықтың салдары деп бағалап отыр. Тиісті органдар киіктердің көшу жолдары мен табиғи кедергілерін болжау және алдын алу үшін не істеп жатыр деген сұрақ туындайды. Мамандардың айтуынша, өзен бойын толық бақылауға алу мүмкін емес, сондықтан мұндай табиғи шығындар кей жылдары қайталанып отырады.
Еске сала кетейік, жақында ғана экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев аналық киіктерді атуға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Бұл ұсыныс қоғам тарапынан үлкен қарсылыққа ұшыраған еді.