Батыс Қазақстан территориясына үшінші дрон құлады

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында пилотсыз аппараттың сынықтары табылды.
«Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірлесе отырып, Жәнібек ауданында пилотсыз аппараттың сынықтарына ұқсас заттардың табылуына қатысты тексеру шараларын жүргізуде», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
ДП бұл нысанның елді мекендерден шалғай жерде орналасқанын түсіндірді. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Бұған дейін Telegram арналанда 2025 жылдың 24 наурызында сағат 21:15-те пилотсыз ұшақтың фрагменттерінің табылғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына Жәнібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, аудандық ішкі істер бөлімінен жедел тергеу тобы, периметрлік топ, төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар мен прокуратура өкілдері жіберілгені хабарланды.

Бұған дейін, ақпан айында, Бөкейорда ауданы Ұялы ауылдық округі маңында белгісіз дрон табылған болатын. Жергілікті тұрғындар оқиға орнынан түсірілген суреттерді әлеуметтік желіде бөлісті. Кейінірек бұл ақпаратты аудан әкімі Нұрлыбек Даумов растады, бірақ түсініктеме беруден бас тартты. Ұзындығы шамамен 120 см болатын бұл аппараттың қандай мақсатта қолданылғаны белгісіз. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен құтқарушылар барып, тексеру жүргізді. Кейіннен дронның ресейлік "Орлан-10" екені айтылды. Бірақ бұл мәлімет ресми расталмады.

Тасқала ауданында екінші дрон анықталды
Кейінірек, 18 наурыз күні сағат 17:35-те, Тасқала ауданының Атамекен ауылы маңында тағы бір белгісіз нысан табылды. Ауыл тұрғындары бұл туралы полиция бөліміне хабар берген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бұл да құлаған пилотсыз ұшу аппараты. Ұзындығы шамамен 300 см-ге жететін нысанның нақты қай елге немесе ұйымға тиесілі екені әзірге белгісіз. Бірақ дронның сыртында "Герань 2" деген жазуды көруге болады. Бұл атаумен Ресейде арзан дрон шығатыны белгілі.
Қазіргі уақытта облыстық полиция департаменті барлық оқиғаларды жіті зерттеуде. Дрондардың қайдан ұшырылғаны, олардың мақсаты мен тиесілігі туралы нақты мәліметтер әзірге жарияланған жоқ. Мамандар оқиғалардың өзара байланысын да тексеріп жатыр.