Батпақта жатып, «Ақылды қаланы» қиялдап жүрміз
![None](/static/img/image.jpg)
Расы осы… Экономикамыз батпақта, мемлекеттік қарызымыз бастан асып жатса да біз қиялдауды қоя алмайтын елміз.
Бүгінде Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 млрд долларға жетті. Ал елдегі жекелеген адамдардың биылғы несие портфелі 10,76 трлн теңгені құраған. Бұл былтырмен салыстырғанда, 42,9 пайызға жоғары. Қарыз алушылар саны – 6,16 млн адамға жеткен. Бүгінде елде «бір несиені жабу үшін екінші несие алып, қарызға, тіптен батып кетеміз», деп жүрген қарашаның қарасы көп. Елдің әлеуметтік жағдайы қиындап барады. Қымбатшылық халықты «жеп» жатыр, ал үкімет «экономиканы құтқарамыз, жағдайды жақсартамыз», – деп жатыр.
Жақсы құтқарсын. Оны қос қолдап тұрып, қолдаймыз. Өркениет көшінен қалмағанымыз елге де жақсы. Бірақ қисынға келтіріп, қиуын келістіріп неге бір істі ұқсата алмаймыз осы?!
Мысалы, осы уақытқа дейін экономиканы құтқаратын қаншама жобалар болды. Соның бірі – елдің тұрмысын түзеуге мүмкіндік беретін «Smart Sity» – «Ақылды қала» жобасы болған. Аталмыш жобаны 2018 жылы экс-президент Назарбаев өз жолдауында айтып, артынша Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстандағы тұңғыш ақылды қаланың тұсауын да кесті. Сол кезде «елімізді әлем тамсанатындай, цифрландырамыз», деген цифрландыру министрлігін басқарған Асқар Жұмағалиевке біз шындап сендік. «Аталмыш жоба аясында өркениент көшінен қалмай, гүлденеміз», деген ойымыз болды. Бірақ өкінішке қарай, экс министр Жұмағалиевтың тұсында «Ақылды қалалардың» жұлдызы аса жана қоймады. Сол 2018 жылы «елдегі тұңғыш «ақылды қала» болады» деп, астанадан 100 шақырым жердегі Ақкөл қаласы таңдалып алынды. 2018 жылғы мамырда қолға алынған бұл жоба барысында «қала толығымен 4G және LoraWan желілермен қамтылды. 4 500 су есептеуіштері жаңартылды, олар енді есептеуіштің көрсеткіштерін және үй-жайдағы температураны қашықтан автоматты түрде береді. 6 мың электр қуатының есептеуіші ауыстырылды, олар да көрсеткіштерді автоматты түрде жолдайды. Көшеде 250 шам жаңғыртылды, олар қараңғылықтың түсу және түрілу сценарийлеріне қарай диммацияланады: жарықты реттеп, автоматты түрде қосылып, сөнеді», – деп есеп те берілді. Ал ақиқатында, Ақкөл қаласын қойып, мұндай «сиқырландыру» еліміздегі ірі мегаполис саналатын Нұр-Сұлтан мен Алматының өзінде жоқ. Цифрландырудың қызығын қаланың ішінде тұрса да кейбір ауданның тұрғындары әлі көре алмай жүр. Бұған қатысты қаржыгер Арман Мусин:
– «Ақылды қала» жобасы қолға алынғалы бері «Смарт Алматы», «Смарт Нұр-Сұлтан» қалаларының көрсеткіштері айтылып қалады. «Нұр-Сұлтан қаласы 2019 жылы «IDC Smart City» деп аталатын әлемдік ақылды қаланың жетілуін бағалайтын модельде 2.48 балды алды. Алматы ақылды қала категориясы бойынша әлемнің 165 қаласы қатысқан жаһандық рейтингте 118-ші орынға табан тіреді» деген есептер беріледі. Бірақ, шын мәнінде, Алматыдан бес шақырым жерде отырған елді-мекендерде жол, ауыз-су жоқ. Көшелері жарықтанбаған. Сонда бұл қиял емей не?! Қаланың ішіндегі Жетісу, Түркісіб тағы басқа аудандарда көшелердің жолы ойдым-ойдым. Қалаға тиіп тұрған елді-мекендерде интернет ұстамайды. 2018 жылдан бері «Қазақстанды ақпарат алмасу кеңістігіне айналдырамыз» деген «Цифрлы Қазақстан» жобасы оқушылар жаппай онлайнға кеткен сын сағатта істен шығып, халықтың табасына қалды. Жалпы, елді цифрландыру жүйесіне қаншама қаражат бөлінді, бірақ сол қаражаттарды ұқсата алмадық. Бұл олақтық емес, бұл – жемқорлық, – дейді.
Әдетте, ақылды қалалардың экономикасы жоғары, басқару жүйесі жүйеленген, инфрақұрылымы жетілген, барлық талаптарға сай болады. Тұрғындары да цифрлық тұрғыдан сауатты әрі жаңашылдыққа бейім келеді. Критерийлеріне келер болсақ, 4G мобильді байланысы, Wi-Fi-ға кіретін көп нүктелері, ақылды паркинг, жол қозғалысының оңтайландырылған жүйесі, автобустарда тегін интернет болуы қажет. Мемлекеттік қызметтердің онлайн форматта қолжетімділігі, азаматтардың азаматтық позициясының белсенділігі, қоқыс қалдықтарын өңдейтін аппараттары және басқа белгілері болады. Ойлап қарасақ, шын мәнінде, біз әлі бұл өркениетке толыққанды жеткен жоқпыз. Сонда бұл жобаның қызығын қашан көремекпіз? «Расында осы жоба бізге қажет пе?» деген сауал осындайда еріксіз туындайды. Мұндай сауалды қазірдің өзінде басқаларды былай қойғанда, оқушылардың өзі цифрлық даму министрлігіне төтесінен қоя бастады. Жуырда тап осы сұрақты Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Мейіржан Мандиев министр Бағдат Мусинге қойыпты. Артынша, «Ақылды қалаларға» қатысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек түсініктеме берді. Оның пайымдауынша, жаңа технологиялардың қарқынды дамуы және экономика мен мемлекеттік басқару салаларын цифрлық трансформациялау – өте өзекті. Тиісінше, министрлік сол бағыттағы жобалардан бас тартпайды.
«Жалпы, «Ақылды қаланы» құрудың мақсаты – қызмет көрсету тиімділігін арттыру және халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар көмегімен өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады. Қалалық қызметтер жұмысының тиімділігін арттыру, шығындарды оңтайландыру, уақытты үнемдеу, қауіпсіздікті арттыру және қала тұрғындарының өмірін жақсарту үшін кезінде «Smart city» тұжырымдамасы әзірленді. Оның негізінде адам және оның қажеттіліктері жатыр», – деді Асхат Оразбек.
Министрліктің мәліметінше, «Smart city» тұжырымдамасы 11 саланы қамтитын ақылды қалаларды құрудың стандартын қарастырыпты. Оның ішінде, басым бағыттар – денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік, әлеуметтік сала, экология, бизнесті дамыту және туризм, құрылыс, ауыл шаруашылығы да қамтылған. Осы бағыттарда жалпы алғанда, 100-ден астам бастама жүзеге асырылыпты. Бірақ министрлік осылай дегенімен, көкейде бұл салаға қатысты сұрақ тұнып тұр. Ақылды қалалар, ақылды ел болып даму үшін керектігін біз жақсы түсінеміз. Бірақ аталмыш бастаманың әлі де батпақта жатқанын мойындауға тура келеді. Егер шаруа дөңгеленіп көзге көрініп тұрғанда, көкейде күмән да туындамас еді...