Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:10, 09 Ақпан 2025

«Батпырауық қуған бала» – азапты өкініштен қашқан тағдыр иесі

Батпырауық қуған бала
Фото: Фолиант

Екі мыңыншы жылдардың бас кезінде әлем оқырманы Халед Хоссейни есімді ауған жазушысымен танысады.

Ең алғаш 2003 жылы «Батпырауық қуған бала» деп аталатын тұңғыш романы жарыққа шығады. Осыдан соң-ақ оның есімі әлемнің түкпір-түкпіріндегі әдебиет сүйер қауым арасында қызу талқылана бастайды. Негізі автор қай шығармасында да өзі туған мекеннің, шынында, Ауған елінің тарихын, қасіреті мен болмыс-бітімін, үміті мен күдігін арқау етеді. Сол үшін де қаламгер шығармашылығына тәнті болған әлем зерттеушілері мен әдебиеттанушылары «Халед Хоссейни шығармашылығы – ауған қасіретінің қағазға түскен нұсқасы, оның қаламы – бір ұлттың көз жасымен суарылған» деп жоғары баға берген болатын. Соғыс өрті салдарынан елінен айырылған қаламгер шығармашылығы өзі туған мекеннің қасіретін қозғап, ауған тарихының ақтаңдақ беттеріне тереңірек бойлайды. Қаламгердің тұңғыш жарық көрген «Батпырауық қуған бала» романы сол кездің өзінде-ақ күллі әлемнің назарын аударып, үздіксіз оқыла бастады. Тіпті айналдырған бес-он жыл ішінде бұл роман әлемнің елуден астам тіліне аударылған еді. 

Дебюттік кітабы миллиондаған тиражбен таралып, Америкада 101 апта бойы бестселлер тізімінен түспеген кітаптың жалғасы – «Жарқыраған мың күн» шыққанда алғашқы аптада-ақ 1 миллионнан астам данасы сатылып кетті. Бұдан соң жарық көрген үшінші кітабы – «Таудағы жаңғырық» романы шықпай тұрып-ақ бестселлерге айналды. Сондағы бұл романның құпиясы не дерсің? Құпиясы сол – алып мемлекеттер арасында тағдыры талан-таражға түскен Ауған еліндегі жағдайды осыған дейін әлем әдебиетінде осынша шынайы, осынша көркем жеткізе білуінде. Ауған соғысының адамзат тарихында алар орны бөлек. Мұнда ауғандық жазушы кейіпкерлердің тағдыры арқылы тұтас бір елдің тағдырын ашып көрсетеді. Құрсауда қалған тұтас бір ұлттың тағдыры, өткені мен болашағы образдар жүйесі мен кейіпкерлердің іс әрекеттері арқылы ашылады. Романның жарық көргеніне жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, тартысты пікірлердің толастамай тұрғаны жазушының қабілет-қарымынан хабар берсе керек. Бір сыдыртып оқып шыққаныңызда шығармада айтарлықтай жаңалық жоқ сияқты көрінеді. Автор бұрыннан қалыптасқан роман жанрымен сюжеттік желі түзеді де, оқиғаларды бір сарынмен баяндай бастайды. Ал шығарманың тереңіне бойлай кетсең, сол сюжетті түзу мен баяндаудағы жазушы шеберлігіне еріксіз тәнті боласың.

Романды аяқтап, кітап парағын жапқан соң екіұдай күй кешесің. Тіпті адам атаулының қолынан осынша озбыр, қатыгез болу келеді ме деп қайран қаласың. Қасірет атаулының өзі әу баста адаммен бірге жаратылып, адам дүниеден өткен соң да жасай беретіндей болып көрінеді. Адалдықтың өлгені адамзат үшін әрқашан елеусіз болғандай. Ақ пен қараның, ерлік пен ездіктің, ізгілік пен зұлымдықтың майданы адамның тағдырында ежелден біте қайнасып келеді. Соның ішінде қай ұлт пен ұлыстың тағдырында да ықылымнан өзімен бірге жасап келе жатқан тарихи шындығы бар. Шығарма кейіпкерлері Пуштун әулетінің ұлы Әмір мен оның бала досы, әкесінің хазар текті жалшысының ұлы Хасеннің тағдырын оқып отырып, осы ой санаңа одан сайын беки түседі. Роман Әмір мен Хасен арасындағы әңгіме ретінде бірінші жақта баяндалады. «Батпырауық қуған бала» романын соғыс өрті қаптаған шақтағы Ауған азаматының ішкі күрсінісі деуге болады. Бас кейіпкер Әмір – Пуштун әулетінен, әкесі Баба дәулетті, бақуатты, қоғамға ықпалды адам. Шешесінен ерте айырылған Әмір тумысынан әлсіз, шығармашылыққа, жазуға икемді, алайда қатал әкенің үнемі ұлына көңілі толмай отыруы – Әмірдің әлсіздігін одан сайын еске сала бергендей еді. Ал хазар текті Хасен досқа адал, мейірімді, батыл бала. Отбасы деңгейі мен нәсілдік парық олардың бала достық сезімдеріне сызат түсіре алмағанымен, бірақ ешкім де бұл ұлы сезімге құрмет еткісі келмеген сияқты. Романда тек осы екеуінің ғана емес, пуштун мен хазардың, үстем тап пен қараша халықтың, тәліптері бар, басқа да саяси-әскери төңкерістерді бастан кешкен Ауғанстанның қасіреті баяндалған. Әңгіме арқауы бірсыпыра тарихи оқиғалардың басын шалып өтеді, яғни Ауғандағы монархияның құлдырауы, Совет әскерінің басып кіруі, ауғандық босқындардың Палестина мен Америкаға бас сауғалап қашуы, талибандардың бас көтеруі сияқты маңызды оқиғалардың бәрі шығарманың өн бойында көрініс табады. Романның алғашқы бөлімдерінде баяндалатын шиеленісті оқиға роман кейіпкерінің ішкі әлемінде төңкеріс жасайды. Әмір ендігі жерде досымен алаңсыз батпырауық «қуған» бала емес, өзінің азапты өкінішінен «қашқан» адамға айналады. Хасенді Ассеп есімді озбырдың қатыгездігі мен зорлығынан қорғай алмаған Әмір ендігі жиырма жыл ғұмырында осы өкініштің жетегінде жүріп, аяулы кездердің қадірін ұқпағанына қапалана береді. Романның дәл осы тұсы шығармада көрсетілген күнәһарлық пен парыз тақырыбына оқырманды жетелеп әкетеді. Ақылыңды қорушы күш – ар ғана. Оған көнбесең, жаныңды жұлып та, жалмап та жейді екен. Өзінің опасыздығына жүрегі шыдамаған Әмір ендігі кезде Хасеннен өзін мейлінше алшақ ұстауға тырысады. Тіпті ұрлықты өзі ұйымдастырып, кейін үйінен қуып шыққан тұсы да Әмірдің шарасыздығы мен арын жұлмалаған өкінішінен құтылуға деген әрекеті ғана еді.

Кезінде батпырауық қуып жарысқан Әмір мен Хасеннің тағдыры ендігіде жел ұшырған батпырауықтай, заманның аласапыранымен әртарапта әрқилы жалғасып кете барады. Әмір саяси ахуал салдарынан әкесімен шекара асып, Америкаға аяқ басса, Хасеннің тағдыры оқырманға беймәлім күйде қала береді. Тек роман соңында ғана оқырман оның қаза тапқанын, соңынан қалған Сохраб есімді баласының да тағдыры тәлкекке түсіп кеткенін ұғынады. Ақырында, бас кейіпкер Әмір ойдағы ауыр салмақтан арылмақ болып, араға жиырма неше жыл салып, туған жеріне қайтып барып, бала досы алдында өз парызын өтемек болады. Бірақ бәрі ол күткендей емес, мүлде басқаша болады. Оның санасындағы Ауғанстан құрып бітуге шақ қалған күйде еді. Осы сәтте ол бала кездегі үрейлі де аянышты түсі қайталанғандай күй кешеді. Хоссейнидің қаламы шындықты сөз етіп қана қоймай, әр сөйлемі арқылы ауған тарихын қоса айтады. Автор адам табиғатын және оны арашалап қалуды мақсат ете отырып, кей шындықтарды нанымды түрде қағазға түсіреді. Бала күнгі досының баласы да өз әкесіндей зорлық пен зомбылықтың құрбанына айналып кете барған еді. Алайда талай мәрте күрес пен жанталастың арқасында Әмірдің Сохрабты құтқарып қалуға қайраты да, қарымы да жетеді. Ендігіде автордың «Ауғанстанда бала көп те, балалық аз» деген сөзі еріксіз ойға орала береді. Осы орайда шығарманың негізгі екі шиеленісті тұсы оқырманға айқындалып шыға келеді. Бірі – Әмірдің Хасенді озбыр топтың зорлығынан құтқаруға қауқары болмаған тұсы болса, екіншісі – Америкада ұзақ жылдар бойы өмір сүріп жатқан ересек Әмірге Пәкістаннан әкесінің досы Рахымханнан келген қоңырау еді. Бұл жол – Әмірдің тек қана Хасеннің жетім қалған ұлын құтқару үшін арпалысқа түсіп, қара басын қауіпке тіккен жай ғана жол емес, ары мазалаған ескі кінәсін өтеуге деген талпынысы – ар жолы болған да шығар. Ең қызығы, Әмір мен Хасен туған бауыр боп шығады. Жазушының шеберлігі де сонда – шығарманы оқып отырып, Әмірді даттай да, мақтай да алмайсың, кейіпкердің ішкі күйзелісін дөп басқан. Әмір – тек жеке тұлға ғана емес, оның образы Ауғанстанның өткені мен бүгініне автор көзқарасының метафорасы іспетті. Әмірдің әлсіздігі – ескі Ауғанстанның қайшылықтарын, ал кейінгі батылдығы – жаңа Ауғанстанның қайта жандануын білдірсе керек. Романдағы Әмір мен Сурияның сюжеттік желісі де ауған халқының қасіреті мен ескірген көзқарастан хабардар етеді. Әр тарау сайын оқиғалар күрт өзгеріп, шарықтап отырады. Шынайы достық, адалдық пен сатқындық, ақталу мен мойындау шынайы да, шебер берілген.

Кез келген жазушының кейіпкерлері әдетте өзіне ұқсап кететіні рас. Бәлкім, жазушы басқаға қарағанда өзін шебер жазатыны шығар. Әйтеуір, Әмір есімді бас кейіпкер тағдырынан Халелге ұқсас параллельдерді оңай табамыз. Ағылшын тілін білмейтін ауғандықтан америкалық бестселлер жаза алатын қаламгерге айналған Халед Хоссейни Ауғанстанның Кабул қаласында дүниеге келген. Бала күнінен-ақ адамзат әлемі мен әдебиетте есімі өшпейтін жазушыға айналуды армандаған Әмір қаламгердің өзі ме дерсің. Ал жазушы сұхбаттарында Баба есімді кейіпкердің образын жасарда өз әкесінің мінез-құлқы мен іс-әрекеттері айтарлықтай материал болғанын айтады. Дәуірлерді де, ғасырларды да өзінің кейіпкерлері жасайтыны анық. Әмірдің әкесі Баба ауған халқының салт-дәстүрі мен ұлттық танымын бәрінен биік қоятын тұлға. Романда атап айтарлықтай көркемдік, қаламгерлік шеберлік жоқ, бірақ одан да биік тұрған шындық пен адам тағдыры бар. Автор ро­ма­нының алғысөзінде: «2001 жылы осы кітапты жазуға отырдым. Жазып-сызу өзім үшін қызмет істеудің, өз-өзіме әң­гіме айтудың бір түрі еді. Бұл кітап­­ты басқалар ұнатып оқиды дегенді ойла­ған емеспін. Мен бұл романды жазып жатқан ша­ғымда, Дүниежүзілік сауда ұйы­мының бір зәулім сарайы құлады. Содан көп өтпей, әйелім Роя шы­ғар­маны баспаға ұсын деп кеңес берді. Шын­туайтына келсек, талап етті. Мен бір тарауын жазып бітірген соң, Роя сол та­рауды оқып бітіріп отырды. Ал мен кітапты баспаға беруге қарсы болдым. Бүкіл Амери­када қайдағы бір ауғандықтың дәтіне ешкім құлақ салмайды деп ойладым. Ол кез елдің ыза-кегі өр­шіп тұрған кез болатын. «Қазір ауғандықтар алаланды, кемсітуге ұшырады» деймін Рояға. Шы­ғармам бас­падан шықты де­ген күннің өзінде, басқалар оны не­ге са­тып алмақ? Америка то­пы­­­ра­ғында та­рих­та болмаған ең үл­кен сұмдық жаса­ған­дар бі­­реу­­дің Отанында лаң салса, өз­ге­лер сол халықтың өкілінің қал­та­­сы­на неліктен ақша салып бер­мек? Бірақ Роя құптамады. Неғұрлым көп оқыр­­ман табатын орай осы деп есептеді. Оның үстіне ол: «Сенің кітабың олар­ға ау­ғандықтардың басқа бір қырын көрсе­­теді» деді. 2002 жылы маусым айын­­да қолжазбамды Нью-Йорктегі бас­па саудагеріне жібердім» дейді.

Романды сондай бір шабытпен қанаттана оқып отырып, қалай ой мен мұңның тұңғиық тереңіне түсіп кеткеніңді өзің де байқамай қаласың. Күллі әлемге тым жабық, бейтаныс, елеусіз боп келген ауған халқының тұрмыс-тіршілігі мен өміріне тереңірек бойлап, қасіретін ұққандай боласың. Жазушының басты мақсаты да – сол, ауған халқының тәлкекке түскен тағдырын ашып, күллі әлемнің назарын аудару болған сыңайлы. Роман Хасеннің ұлы Сохрабтың Америкадағы өмірі, оның жаңа ортаға ұмтылысы мен қорқынышы, Әмірдің өткен күндерін есіне алып, қалқып ұшып жүрген батпырауықты көргенде бала сияқтанып қуа жөнелгенімен аяқталады. Болашағынан күдер үзген Сохрабты Әмір мен Сурия қанша қамқорлық танытқанымен, жүрегінен шер тамған жас баланың көңілін табу әу басында қиынға соғады. Тек шығарма соңында ғана батпырауық ұшырып көрген Сохраб алғаш рет жымия күлгені оқырманға үлкен үміт сыйлағандай болады. Әу баста батпырауықтың өзі романдағы үлкен мәнге ие символика дер едік. Сохраб ұшырған батпырауық – сан мың талас пен талай жылғы арпалыс салдарынан еркіндігінен айырылған халықтың болашағына деген үкілеген үміті мен аяулы сенімі еді.

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ