Бату мен Берке хандарға арналған комикстер жарық көреді

Балалар мен жасөспірімдерге арналған тарихи-көркем жобалар легі жаңаша серпін алып жатыр. Жақында ғана «Айбоз» ұлттық әдеби байқауында жеңіске жеткен «Жошы хан» комиксі көпшіліктің ықыласына ие болды. Енді сол жобаның авторлары оның жалғасын – Жошының ұлдары Бату мен Берке хандарға арналған комикстер дайындап жатқанын мәлімдеді.
Комикстің сценарий авторы – жазушы Зауре Төреханова. Оның айтуынша, жобаның идеясы тарихшы Жақсылық Сабитовпен кездесуден кейін туындаған. Жоба тек тарихи деректерге негізделіп қоймай, сторителлинг әдісімен жасалған. Комикс XIII ғасырдағы маңызды оқиғаларды қызықты әрі қолжетімді етіп жеткізуге бағытталған.
«Жошы хан» комиксінің басты тақырыбы – тарихи тұлғаның қалыптасуы, әке үмітін ақтау мен өз жолын табу арасындағы таңдау. Жобада Жошының Шағатаймен қайшылығы, Хорезм билеушісінің қызына деген махаббаты және Тұқа-Темірмен достығы секілді қосалқы желілер де қамтылған. Бұл – жастарды тарихқа баулудың заманауи тәсілі.
Жобаның көркемдік жетекшісі Елнар Беймиш комиксте түркілік стильді сақтауға ерекше мән бергенін айтады. Тарихи дәлдік пен эмоционалдық әсер қатар үйлестірілген. Команда батыстық комикстердің стилін көшірмей, өзіміздің төл тәсілімізді қолдануға тырысқан.
Тарихшы Жақсылық Сабитов бұл жобаның басты мақсаты – Жошы ханның тарихи бейнесін заманауи оқырманға, әсіресе жастарға, жақын әрі түсінікті етіп ұсыну дейді. Оның айтуынша, комикс болашақта толықметражды фильмге де негіз бола алады.
Бүгінде авторлар «Жошы хан» жобасының жалғасы ретінде Бату мен Берке хандар жайлы комикстер әзірлеуде. Бұл – Алтын Орданың тарихын, қазақ мемлекеттілігінің бастауын жаңа буынға танытатын маңызды мәдени жоба.