Батуми мұнай терминалының қазақстандық басшылары Грузияда ұсталды
Грузияның Қаржы министрлігіне қарасты Тергеу қызметі Батуми мұнай терминалының үш қазақстандық басшысын ұстады.
Бұл туралы жергілікті БАҚ құқық қорғау органдарының ресми мәлімдемесіне сүйеніп хабарлады.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер кедендік рәсімдеуден өтпеген, декларацияланбаған мұнайды заңсыз сату схемасын ұйымдастырған. Прокуратура дерегінше, заңсыз айналымға жіберілген мұнай көлемі 10 мың тоннадан асады.
Қылмыстық схема қалай жұмыс істеді?
Тергеу материалдарында көрсетілгендей, терминал басшылары қоймалардағы мұнайдың жетіспеушілігін жасырмас үшін резервуарларға мұнайдың орнына түрлі ластанған сұйықтықты құйып отырған. Бұл манипуляция нақты дефицитті жасырып, шикізатты заңсыз сатуды жалғастыруға мүмкіндік берген.
Грузия тарабы алдын ала келтірілген залалды 15 млн лариден (шамамен 5–6 млн доллар) асып түседі деп бағалап отыр. Құқықтық баға ретінде іс ірі көлемдегі контрабанда және заңсыз сауда бабы бойынша қарастырылуда. Мұндай айып 11-15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін.
Терминалдың маңызы
Batumi Oil Terminal – Қара теңіз арқылы өтетін мұнай логистикасындағы стратегиялық нысан. Компания 100% «ҚазТрансОйл» АҚ-ына, ал ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі.
Батумидегі жанжал аймақтағы транзиттік бағыттардың беделіне әсер етуі мүмкін. Қазіргі геосаяси жағдайда Грузияның тасымал дәліздері Ресей инфрақұрылымына балама бағыт ретінде қаралып отыр, әсіресе КТК құбырындағы шабуылдардан кейін.
Грузин тарабы мұнайдың нақты қай елден шыққаны туралы әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Қазақстандық тарап та ұсталған азаматтарға қатысты мәлімдеме жарияламады.
Ал «ҚазМұнайГаз» тарапынан бүгін таратылған ақпаратқа сәйкес, терминал штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр және барлық қызметкерлер өз орындарында. Компания Грузия заңнамасы толық сақталатынын және қызметкерлердің құқықтары қорғалғанын мәлімдеді.