Батуттағы ойын. Путин бәрінен биік секіреді
Ресей Путинді тағы да «сайлады». «Сайлады» сөзін тырнақшаға алудың себебі айтпаса да түсінікті. Шынайы бәсеке болған жоқ.
Бас көтерері түрмеде өліп, тірі қалғаны қараңғы қапаста жатқан, ебін тапқаны шетелге қашып құтылған елде қайдан таңдау болсын?! «Қуыршақ кандидат» немесе «сәндидат» деп атасаңыз да өз еркіңіз, әйтеуір Леонид Слуцкий, Николай Харитонов, Владислав Даванков дегендерді дзюдошы Путиннің алып та, шалып та жығатыны әуелден-ақ анық еді. Жексенбі түн ортасында дауыстың жартысын санап бітіргенін хабарлаған Орталық сайлау комиссиясы Владимир Путиннің 87 пайыз дауыс алғанын мәлімдеді. Қорытынды есеп те осыдан көп ауытқи қоймайды. Бір-екі пайыздың ар жақ, бер жағындағы болмашы өзгеріспен ғана түйіні жасалмақ.
РЕСЕЙ ҚАЛАЙ ДАУЫС БЕРДІ?
Президент сайлауын Ресей бұл жолы үш күнге созды. Бұрын-соңды орыс халқы Путинді сайлау үшін осынша ұзақ уақыт жұмсамаған. Дауыс берудің онлайн және учаскеге келіп, бюллетень алу форматы қатар жұмыс істеді. Ресей Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, алғашқы екі күнде дауыс беруге құқылы азаматтардың үштен бірі таңдау жасап үлгерген. Ресми ақпаратта «Мәскеуде жұма күні екі миллион тұрғын онлайн тәсілге жүгінді» делінген. Олардың қатарында президент Владимир Путин де бар. Ол да «сайлаудың» бірінші күні, 15 наурызда онлайн дауыс берді. Оның жақын серіктері бұрынғы президент Дмитрий Медведев, қорғаныс министрі Сергей Шойгу, сыртқы істер министрі Сергей Лавровтар да сол күні учаскелерге кіріп-шыққан. Премьер-министр Михаил Мишустин мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров жұмада қатты қарбалас болып, қолы тимеді ме екен, дауыс беруді сенбіге қалдырыпты.
Алғашқы күннен-ақ Ресейдегі дауыс беру учаскелерінен оқыс оқиғалар туралы ақпарат көптеп тарады. Ондаған қалада жекелеген адамдардың дауыс парағы салынатын жәшікке сия немесе йод құйып жібергені хабарланды. Тағы біреулер жәшік ішіне сіріңке жағып, салып жіберген. Жәшікті қойып, сайлау учаскесін түгел өртеп жіберуге әрекеттенгендер де кездескен. Мұндай әрекетке барғандар соғысқа қарсы екендерін аңғартқан. Бірақ Ресей Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Николай Булаев бұл адамдарды «ақша үшін әлдебір алаяқтарға алданған құрбан» деп атады. Ұқсас жайттар сайлаудың екінші күнінде де қайталанды. Құзырлы органдар ондаған қылмыстық іс ашып, тергеу бастаған.
Дауыс берудің үшінші күні жұма мен сенбіден гөрі қызығырақ өткендей. Учаскелерге барып, қағаз бюллетень алып, шымылдық артында параққа әлдене жазып, онысын бүктеп, жәшікке әкеліп салатын қарапайым ғана іс-әрекет анығында саяси науқанның көркін ашатын көрініс. Қай елде де қандай саяси жүйеге де сайлау барысының қызық өткені керек. Әсіресе автократия һәм диктатура билеген мемлекеттерде кімді таңдау емес, дауыс беруге келген адамдардың көптігі маңызды. Бұл «көпке» билік пен оппозиция қатар таласады. Сайлау – биліктің де, оппозицияның да өз қажыр-қайратын, беделін, құдіретін сынап қалатын сәт. Осы тұрғыдан таңдаусыз сайлау болса да Ресейде билік пен оппозиция халықтың учаскелерге барынша көп келуіне мүдделі болды. Кремль Путиннің жеңетініне алдын ала барлық жағдайды жасап, қажет десеңіз, нақты пайызын шығарып та қойған. Бірақ оларға дауыс беру үшін адамдардың өз еркімен учаске алдында көп болып топырлап тұрғаны көрінетін картина керек. Ондай картинаны оппозиция істеп берді. Жексенбі күні Ресейдің барлық ірі қалаларындағы әрбір учаскеде жүздеген, мыңдаған адам дауыс беру үшін кезекке тұрды. Бұл – марқұм Алексей Навальныйдың өлер алдындағы өсиеті. Ол халықты сайлаудың үшінші күні сағат түскі 12-де «Путинге қарсы талтүс» акциясына келуге шақырған. Халық келді. Елдің шығысындағы Владивостоктан бастап, Новосібір, Иркутск, Омбы, Орынбор, Қазан, Уфа, Самара, Том қалалары қостап, Мәскеу мен Санкт-Петербург тұрғындары түс кезінде учаскелерге ағылған. «Дождь» телеарнасы Мәскеу жұрты жаңбырлы күнге қарамай, Навальный белгілеген уақытта учаскелердің алдынан табылғанын көрсеткен. Ешкім ашық түрде саяси ұран көтермесе де кімнің не үшін келгенін бәрі сөз шығындамай-ақ өзара түсінісіп тұрған. Оларды күзеткен арнайы жасақ та, сайлау учаскелеріндегі қызметкерлер де азаматтардың әрекеті саяси қарсылық акциясы екенін ұққан. Бірақ үнсіз кезек күткен, заңға сәйкес учаскеге кіріп, дауыс парағын алған адамдарды ұстап әкетуге ешбір себеп табылмаса керек. Бүкіл Ресейде «талтүс» акциясына байланысты ұсталғандар саусақпен санарлық.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, оппозицияның қарсылық акциясын пропаганда тонын айналдырып көрсетті. Қолында наразылық сөзі жазылған плакаты, аузында қарсылық ұраны жоқ, қойдан да жуас тұрған топ федералды арналардың «сайлауға қызығушылық айрықша болды» деген пропагандасына да ыңғайлы бола кетті. Теледидардан бас пропагандист Владимир Соловьев: «Талтүсте Путинді қолдаған жұрт кезекке тұрды» деп сөйлеп отырса, Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Памфилова азаматтардың кезегін жұма-сенбі күндері сайлау учаскелерін өртеу, бюллетень жәшіктерін бүлдіру оқиғаларымен «байланыстырады». Ол «мұндай бассыздықтан соң халықтың азаматтық ар-ұяты оянды. Алғашқы екі күнде сайлауға енжар қараған жұрт енді әдейі келіп дауыс беру үшін кезекке тұрып жатыр» деп соқты.
ДАУЫС БЕРУ ШЕТЕЛДЕ ҚАЛАЙ ӨТТІ?
Үш күндік сайлаудың жексенбі, соңғы күніне орыс оппозициясы барын салды. «Сайлаудың» үшінші күні шетелде тұратын ресейліктер сол мемлекеттегі елшіліктер мен консулдықтарға қарай ағылды. Meduza сайтының жазуынша, «Путинге қарсы талтүс» акциясының аясында сағат 12 кезінде Германия астанасы Берлиндегі Ресей елшілігі ғимаратына дауыс беруге келгендердің кезегі бірнеше кварталға жеткен. Жиналғандар түрлі плакат ұстап, науқанды нағыз демонстрацияға ұластырды. Саяси ұран айтып, дамыл таппады. Көше ортасында бір топ адам Украина туымен түстес шар қауызда «қып-қызыл қанға шомылып жатқан Путинді» сүйреп алыпты. Біраз адамның қолында «Путин біздің президентіміз емес!» деген жазуы бар картон қағаз жүр. Тағы біразы 16 ақпанда түрмеде қаза тапқан саясаткер Алексей Навальныйдың портретін көтеріп келіпті. Кенет тізілген топ «Юлия! Юлия!» деп жамырай айқайлай бастады. Бір шеттен гүл құшақтаған Навальныйдың жесірі көрінді. Юлия Навальнаяның жанында тірі кезінде күйеуінің баспасөз хатшысы болған Кира Ярмыш бар. Екеуі топ ортасына кіргені сол еді, сайлауға келгендер оларды қоршауға алып, ұран күшейе түсті. Кезек-кезек суретке түсіп жатты. Түсте келіп, көппен бірге кезекке тұрған Навальная кешкі сағат 6-да ғана учаскеге кіріп, дауыс берді. Meduza басылымының журналисі Навальнаяның учаскеге кірер алдында елшілік қызметкерлерінің өзара диалогын естіген. Басылымның жазуынша, екі адам Навальнаяны «кіргіземіз бе, жоқ па» деп ақылдасып, ақыры оның жолына бөгет болмауға тоқтаған. Дауыс беріп шыққан соң Навальная бюллетеньдегі төрт кандидаттың аты-жөнін шимайлап, ашықтау орынға «Алексей Навальный» деп жазып кеткенін мәлімдеді.
Қазақстанда ресейліктердің дауыс беруіне орайластырып, жексенбі күні жеті учаске жұмыс істеген. Көрші елдің азаматтары отандарындағы саяси науқанға Алматы мен Астана, Өскемен мен Орал және Байқоңыр қалаларындағы арнайы орындарда қатысты. «Sputnik Қазақстан» сайты учаскелерге көп адам келгенін, ұзын-сонар кезек пайда болғанын, дауыс бергендер арасында ұлты қазақ ресейліктердің де барын жазды. Ұзын-сонар кезекті «Азаттық радиосы» да растады. Астана мен Алматы қаласында учаскеге кіруді жұрт сағаттап күткен. «Алматыда кемі екі мың адам тұрды» дейді тілшілер. Бірақ «Азаттық» журналистерінің айтуынша, кезек «Путинге қарсы талтүс» акциясына байланысты. Журналистер сөйлескен ресейліктер «біздің дауыс ештеңені шешпейді, бұл сайлау Ресейдегі жағдайды өзгертпейді, бірақ дауысымыздың ұрланбасын, сол үшін келдік» деген.
Грузия астанасы Тбилиси қаласында ресейліктер көшеде «Путинге тойдық!» деп аталатын шеру ұйымдастырды. «Соғыс тоқтасын!», «Мен қорықпаймын. Сен де қорықпа!» деп ұрандатқан мыңға жуық адам акцияны «Бостандық» алаңынан бастап орыс ақыны Александр Пушкин ескерткішінің алдында Навальныйды еске алып аяқтады.
Армения астанасы Ереванда да мыңдаған адам талтүсте Ресей елшілігі алдына жинала қалған. Көбі 2022 жылы қыркүйекте әскери мобилизациядан қашқан жастар. Арасында Грузиядан келгендер де бар. Бұлар да Путиннен басқа адамға дауыс беруге келгенін айтқан.
Осыған ұқсас акциялар Лондон, Париж, Прага, Лиссабон, Рига, Вильнюс, Ыстамбұл мен Бішкекте де өтті. Алайда Meduza басылымының Кремльге жақын дереккөзі Ресейде және шетелде өткен бұл қарсылық акциясына «Кремльдің қылы да қисаймағанын» айтқан.
БАТЫС РЕАКЦИЯСЫ
«Ресейдегі сайлау әділ де, еркін де өткен жоқ» деп мәлімдеді Ақ үй. АҚШ президенті әкімшілігінің сөзін Германия сыртқы істер министрлігі іліп әкетіп, «Ресейдің жалған сайлауын әділ әрі еркін деп ешкім айтпайды және оның нәтижесі ешкімді де таңғалдырмайды» деді. Ұлыбритания сыртқы істер министрлігінің X (Twitter) парағында «Украина аумағында сайлау өткізу арқылы Ресей бейбітшілікті қажет етпейтінін көрсетті. Путиндікі авторитар билік. Ол цензураға, зорлық-зомбылыққа, қуғын-сүргінге сүйенген. Украинаның басып алынған аумақтарындағы «сайлаудың» заңдық күші жоқ әрі ол халықаралық нормаларды бұзу» дейтін қысқа ғана абзац жарияланды. Польша сыртқы дипломатиясының реакциясы да «Ресейдегі сайлау әділ емес» дегенге саяды. Украина президенті Владимир Зеленский Владимир Путинді «билікқұмар науқас» деп атады. Ол халыққа арнайтын кешкі дәстүрлі видео үндеуінде «мына имитацияда ешқандай сайлау жоқ және ол заңсыз. Бұл адам Гаага сотының алдына келуі керек, соған қол жеткізбей тынбаймыз» деді.
Путиннің жеңгені туралы алдын ала мәлімдемелерге Батыс елдерінің алғашқы реакциясы осындай. Осылай боларын Кремль де білген. АҚШ пен Еуропа қорытынды нәтижені қабылдап, Путинді президент ретінде мойындау-мойындамауы әлі күңгірт. Екі шешім де демократияны ту еткен биліктерге оңай тимейді. «Өгізді өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын» жол табыла қоюы да екіталай. Батыс үшін Ресей Беларусь емес, оп-оңай бас тарта салатын. 2020 жылғы Беларусьтегі президент сайлауы есіңізде шығар? Александр Лукашенкомен содан бері Еуропа тіке сөйлеспейді. Оны президент деп мойындамайтынын Батыс ашық айтқан. Ал Ресейдің жөні бөлек. Әлемдік экономикада рөлі де, орны да зор елмен қалай да қарым-қатынас, барыс-келіс үзілмеуге тиіс. Путинді де бұл мәселе қатты алаңдатады. Лондондағы халықаралық қатынастар жөніндегі корольдік институттың Ресейге жауапты сарапшысы Николай Петров «Америка даусы» басылымына берген сұхбатында Ресейдегі сайлауды Путин үшін сыртқы саясатқа емес, ішкі орда маңындағы тартысқа қажет деп санайды. Оның пікірінше, Путин Кремль төңірегіндегі жоғары билік элитасына өзін Ресей халқының басым бөлігі қолдайтынын демонстративті түрде көрсетуге мұқтаж. Ол Ресейдегі президент сайлауын биікке секіретін спорт ойынымен салыстырады. «Путин бесінші рет секіргелі тұр және ол бұрынғыдан да биік секіруге тиіс. Оның проблемасы да осында. Бұрынғы бәсекелестері салмақтырақ болатын және сыншыларының бәрі бостандықта жүрді. Қазір оның екеуі де жоқ. Мына соғыс жағдайында Кремль екеудің біреуіне де жол бере алмайды. Сондықтан өздері қалаған санды сызып береді» дейді Петров. Көзге өзінен қорқатын балаларды жинап алып, батутта ойнап жүрген «бірінші атаман» Путин елестейді. Өзгелер жуас қана секіреді, дауыстары да қатты шықпайды...
Владимир Путин президент сайлауына осымен бес рет қатысып отыр. 2000 жылдан 2024 жылға дейін өткен бес сайлаудың біреуіне ғана түспеген. Ол 2008 жылғы сайлауға конституцияға сәйкес үшінші рет түсуге рұқсаты болмағандықтан серігі Дмитрий Медведевке жол беріп, төрт жыл үзіліс жасаған. Кейін Кремльге бәрібір қайта кіріп алды. Содан бері шыққан жоқ және тағы алты жыл, 2030 жылға дейін шықпайды.
Айгүл Баба
Фото: Дмитрий Азаров / Коммерсантъ