Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:03, 09 Қараша 2022

Батырлар ерлігі бүгінгі жастарға рух береді

Бұланты шайқасы қазақ тарихындағы ең бір маңызды оқиғаның бірі. Бұланты мен Білеуті өзендерінің маңында, Ұлытау даласында өткен кескілескен ұрыс жоңғардан сан жылдар бойы қорлық көрген қазаққа үлкен серпін пен рух берді.

Кейбір тарихи деректерде бұл шайқаста отыз мың қазақ әскері қырық мыңнан тұратын жоңғардың жасағына төтеп берген екен. Талай тарихи оқиғаларды ішіне бүгіп тұрған Ұлытаудың сары даласы қазақ тарихы үшін де қастерлі. Осы тарихи өлкеде қазақ батырларының елін жаудан қорғаған өр рухын бүгінгі заманға паш етіп тұрған «Бұланты» стеласы бар.

Үш жүздің биі мен батырларының басын қосқан Бұланты шайқасында  Қарағанды облысының Ақтоғай өңірінен шыққан Жидебай, Жалаңтөс, Сеңкібай, Шой батыр тәрізді ерлердің ерлігі туралы айтылып жүрген ел ішіндегі әңгімелер мен тарихи деректер жетерлік. Дегенмен қол бастаған батырлардан өзге Бұланты шайқасында ерлік істерімен көзге түскен бітім болмысы бөлек ерлердің ісі мен есімі кейінде анықталып, зерттеле бастаған. Ұлты үшін жер жастанудан аянбаған батырлардың ерлігі бүгінде жиі айтылып жүрсе, патриоттық рухқа мән бере бермейтін жастардың санасына сәлде болса серпіліс берері сөзсіз. Ұлытау жеріндегі «Бұланты» стеласына  Оразқұлұлы Шой батыр ұрпақтары батыр бабаларының рухына арнап ескерткіш орнатты.

 –  «Бұланты» стеласын көріп, бабалардың рухына тағзым ету мақсатында – үш жүздің басын қосып, Алаштың бағы орнаған құтты мекен Ұлытау жеріне  Жидебай, Сеңкібай, Шой батыр ұрпақтары, белсенді азаматтар Е. Жұмабаев, Б. Әмірбековтермен барып қайттық. Аталмыш кешенде үлкен алып тас орнатылып, үш жүздің қолын бастаған сардардың, сондай-ақ Ақтоғай жерінен шыққан билері мен батырларына арнап ескерткіштер қойылған. Шайқас өткен орын, ханның шайқасты бақылап отырған төбесі, арнайы таспен өріліп жасалған, жау келгенде от қойып, белгі беретін орын мен батырлар жерленген қорым кім-кімге болмасын ерекше әсер қалдырады. Жауға жойқын соққы берген ұлы шайқас даласында орнатылған ескерткіште атақты қолбасшылардың қатарында тұрған батыр бабаларымыздың есімдерін көріп, қаһармандықтың ерен үлгісіндей болған бабалардан ерекше рух алғандай әсерде болдық, – деп мәлімдеді Қарашор Шой батырдың ұрпағы Қайыржан Шаймұраттегі.

Ұлт ұясына айналған Ұлытау қазақтың ел болып сақталып қалуына септігін тигізген талай тарихи оқиғалардың куәсі болды, оның қойнауы талай сырға толы. Ұлытаудың сары даласындағы әр тау-тасы мен ұлан-ғайыр мекенді ұрпағы үшін азапты күндерді басынан өткізіп алып қалған, бабалардың көзіндей болып тұр. Қайыржан Шаймұраттегі ескерткіш орнатудағы бір мақсат – бабалар ерлігін бүгінгі ұрпақ ұмытпай, олардың есімін шын ниетпен мақтан тұту дейді.

Тегтер: