Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:40

Бауыржан Байбек қазір немен айналысып жүр?

Байбек
Фото: Жас Алаш

Алматының бұрынғы әкімі және «Нұр Отан» партиясы төрағасының экс-бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қазіргі қызметі туралы оның қарындасы Айгүл Байбек айтты.

Оның айтуынша, ағасы мемлекеттік және қоғамдық қызметтен кеткеннен кейін кейінгі жылдары шетелде еңбек етіп жүр.

"Мемлекеттік және қоғамдық қызметтен тыс адам ретінде ол екі жылдан астам уақыт Біріккен Араб Әмірліктерінде оқып, жұмыс істеді. Сол жерде Қазақстандағы жобаларға шетелдік инвестиция тартумен айналысты. Кейінгі бір жарым жылда Жапонияда тұрып, жергілікті капитал мен ноу-хауды Қазақстанда енгізу үшін инновациялық жобаларды дамытып жатыр.

2022 жылғы наурыздан бері ол онлайн форматта «Qazaq Kaolin» компаниясының кеңесшісі болып жұмыс істейді. Компания Ақмола облысында ең озық неміс технологиясымен өңдеуші өндіріс салуға инвестиция құйып отыр", — деді Айгүл Байбек.

Айта кетейік, 2025 жылғы наурызда әлеуметтік желілерде Бауыржан Байбектің Жапонияда гүлдеген сакура ағаштарының фонында түскен суреті жарияланған болатын.

Бауыржан Байбек Нұрсұлтан Назарбаев тұсында бірқатар маңызды қызметтер атқарды. 2015–2019 жылдары Алматы қаласының әкімі, кейін Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды. Жұрт арасында оның мансабы әкесінің – Назарбаевтың сыныптасы әрі жақын досы Қыдырғали Байбектің арқасы деген әңгіме де айтылды.

Әкім кезінде Байбек "тиін әкім", "еуропашыл шенеунік" атанып қалды. "Алматыны Еуропа қалаларына ұқсатамын" деп BRT жобасын қолдап, қоғамдық көлікті дамытуға кірісті. Сол жолда трамвайды тоқтатып, веложолдар салды. Алайда бұл шешімдер халықтың наразылығын тудырды. Қала тарихында ең даулы "мұрасы" – 23 миллион теңгеге жасалған сабан тиін болды.

Қаңтар оқиғаларынан кейін Байбек саясат сахнасынан кетті. 2022 жылы анасымен бірге Меккеде умра жасағаны, кейін Германияда жүріп, өнер жобаларына демеушілік көрсеткені туралы ақпарат тарады. Бұл әрекеті қоғамда түрлі пікір тудырды: бірі мәдениетке бет бұрды десе, енді бірі әкім кезіндегі "сабан мүсіндерді" еске алып сын айтты.

Әкімдігі кезінде ол Фурманов көшесін Назарбаевтың атына өзгертіп, "ұстазына" адалдығын көрсетті. Қаңтардан кейін көпшілік Байбектің де қамауға алынуын күткен, бірақ ол елеусіз ғана елден кетті. Әр жерде жүргені туралы ақпарат шыққанымен, елге оралмады. Әлеуметтік желілерде жемқорлық істеріне қатысы бар деген сөздер болғанымен, ресми органдар Байбекке қатысты қылмыстық іс қозғалмағанын мәлімдеді.