Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілді
Президент Тоқаев аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілгенін мәлімдеді. Тиісті Жарлыққа қол қойылып, ол белгіленген тәртіппен жарияланатын болады.
Президент 24 желтоқсанда Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толғанын еске салды. Оның ерлігі мен әскери даңқы Қазақстанда ғана емес, шетелде де кеңінен танылған.
Мемлекет басшысы бұл шешімнің тарихи әділдікті қалпына келтіру екенін атап өтті:
«Халқымыз оның ерлігін қастерлейді. Алайда даңқты батырға ресми түрде “Халық қаһарманы” атағы берілмей келген еді. Бұл мәселені қоғам өкілдері, зиялы қауым мен жастар талай мәрте көтерді. Біз тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Бауыржан Момышұлының есімі отаншылдық пен жауынгерлік ерліктің символына айналды. Оның батылдығы туралы деректер құжат жүзінде дәлелденіп, Ұлы Отан соғысының тікелей қатысушылары тарапынан мойындалған.
«Бауыржан Момышұлының ерлігі – аңыз емес, бұлтартпас факт. Өзін-өзі аямай еңбек еткен, ерлік көрсеткен қаһармандарын құрметтейтін қоғам ешқашан жеңілмейді», - деді Тоқаев.