Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:10

Бауыржан Момышұлының туыстарына Президент атынан мемлекеттік марапаттар табысталды

Қарин мен Ахметова
Фото: ашық дереккөз

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Алматыда Ұлы Отан соғысының даңқты батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова мен немересі Ержан Момышұлына Мемлекет басшысы атынан Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін тапсырды.

«Халқымыз Бауыржан Момышұлын әрдайым батыр деп біледі, қаһарман деп қастерлейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы шешімі халықтың оған деген ыстық ықыласын одан әрі арттыра түсті. Ең бастысы, көптен күткен тарихи әділдік қалпына келтірілді», – деді мемлекеттік кеңесші.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Тоқаев аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілгенін мәлімдеді. 

Мемлекет басшысы бұл шешімнің тарихи әділдікті қалпына келтіру екенін атап өтті:

«Халқымыз оның ерлігін қастерлейді. Алайда даңқты батырға ресми түрде “Халық қаһарманы” атағы берілмей келген еді. Бұл мәселені қоғам өкілдері, зиялы қауым мен жастар талай мәрте көтерді. Біз тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Бауыржан Момышұлының есімі отаншылдық пен жауынгерлік ерліктің символына айналды. Оның батылдығы туралы деректер құжат жүзінде дәлелденіп, Ұлы Отан соғысының тікелей қатысушылары тарапынан мойындалған.

«Бауыржан Момышұлының ерлігі – аңыз емес, бұлтартпас факт. Өзін-өзі аямай еңбек еткен, ерлік көрсеткен қаһармандарын құрметтейтін қоғам ешқашан жеңілмейді», - деді Тоқаев.