Баум дауы. Сатыбалдының тұрғындар қаламайтын жақсылығы
Алматыдағы Баум тоғайы төңірегіндегі дау басылар емес. Қалалық билік «абаттандыру» деп атаған жұмыс басталғалы бері тоғай ішінен тұрғындар жүк көліктерін көрген. Осыған байланысты экоактивистер болашақта тоғай маңында тұрғын үй кешені салынуы мүмкін деп алаңдайды.
Қазіргі күнде белсенділер Баум тоғайын «абаттандыруға» қарсы петиция дайындап жатыр. Қала әкімдігі «жасыл аймақты жаңартамыз» десе, экологтар құрылыс табиғатты жояды дейді. Оның үстіне жақында тоғай ішінде заңсыз ағаш кескендер де анықталған.
Тоғайдағы дау қалай басталды?
Биыл шілде айында Алматы әкімдігі қаладағы ең ірі табиғи аймақтардың бірі – Баум тоғайын абаттандыру жобасын іске қосты. Жобаны BAZIS-A құрылыс компаниясы жүзеге асырады, компания бұл жобаға 4,7 млрд теңге көлемінде қаржы құймақ. Әкімдіктің хабарлауынша, тоғай аумағында серуендеуге арналған бірнеше маршрут, демалыс аймақтары және шағын сәулетті нысандар орнатылады. Алайда белсенділер тоғайда басталған құрылыс заңсыз, себебі бұл жер мемлекеттік табиғи ескерткіш мәртебесіне ие және онда құрылыс жүргізуге мүлде тыйым салынған деп жүр. Экологтар реконструкция кезінде жергілікті флора мен фауна жойылады деп қауіптенеді. Тұрғындар шағымы министрлікке жолданады, алайда министрлік арызды Алматы әкімдігіне қайтарады екен. Жолданған сауал, арыз-шағым осылайша бірнеше рет жауапсыз қалған.

Экобелсенді Салтанат Тәшімова аталған тоғайдағы заңсыздықтармен 3 жылдан бері күресіп келе жатыр. 2022 жылдары тұрғындар оған осындағы ағаштарды кесіп, жиһаз цехына әкетіп жатқаны туралы шағым айтқан. Белсенділердің арқасында қылмыстық іс қозғалғанымен соңы аяқсыз қалған. Тоғайдағы ағаштар биыл тағы да кесіліп жатқандықтан, Тәшімова өткен айдың 25-і күні белсенді Санжар Боқаевты Баумға алып келген.
«Сол кезде шамамен 20 ағаштың кесілгенін және кейбірінің түбінен араланғанын байқадық. Мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі тұрғындарды қынжылтады. Неліктен осындай заңбұзушыларды қорғап отырғанын түсінбеймін. Қазір болып жатқан жағдай – нағыз бассыздық, заңсыздықтың көрінісі. Экология бұзылып жатыр: құрылыс жұмыстарының дауысынан жануарлар қашып не жоғалып кетеді, қырылып жатыр. Бұрын өріп жүрген қырғауылдар мен тиіндердің жоғалғанын көрдік. Бұл, әрине, экожүйенің тепе-теңдігіне кері әсер етеді. Біз мұны қылмыс деп санаймыз», – дейді белсенді.
Қыркүйек айында аталған тоғайдың дуб аллеясында бордюр төсеу, ішкі жолдарға құрылыс материалдарының жеткізілуі қоғам наразылығын туғызды. Ал қазанның соңында түн ішінде екі ағаштың тұтастай құлатылғаны, тағы 11 ағаштың түбінен араланғаны белгілі болды. Оқиға орнынан бірнеше ара табылған. Полиция қылмыстық іс қозғағанымен, күдіктілер әзірге анықталмаған. Әкімдік бұған қатысты ешқандай ағаш кесілген жоқ, бұдан кейін де кесілмейді деп жауап берген.

Ал тұрғындардың Баум тоғайы маңында баспана салынады деген қаупі де негізсіз емес. Бұған дейін де тоғайға іргелес аумақта «ЖК Family» атты тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылған. Әкімдік ол нысанның мемлекеттік табиғи ескерткіш саналатын аймаққа тым жақын орналасқанын айтып, рұқсат құжаттарын кері қайтарып, жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдаған. Кейінгі айларда дәл осы өңірде «абаттандыру жұмыстары» жүргізіліп, жүк көліктерінің жүруі қоғам күдігін қайта күшейткен. Ал әкімдік пен жобаны қаржыландырып отырған BAZIS-A корпорациясы «ешқандай құрылыс салынбайды, тек санитарлық және абаттандыру шаралары жүргізіледі» деп сендірген және тоғайдағы жұмыстар бұған дейін тұрғындармен болған қоғамдық тыңдалымда мақұлданған деп мәлімдеген. Бірақ белсенділер қазіргі күнде барлық жұмысты тоқтатуды және толық тексеріс жүргізуді талап етіп отыр. Оның үстіне былтыр өткен қоғамдық тыңдалымға да тұрғындар сенбейді. Себебі барлық тұрғындардың атынан небәрі үш адам ғана қатысқан. Белсенділер мен тұрғындар олардың байланыс деректерін, сондай-ақ жиналыстың хаттамасын сұраған, алайда хаттама сақталмапты. Тіпті хаттаманың электронды нұсқасын да таба алмаған. Кейіннен белсенділер тыңдалымға қатысты делінген үш адамның өзін іздеп, оларды да таба алмаған.
«Қолымыздағы ақпаратқа сәйкес, Баум тоғайының бойымен, Сүйінбай мен Сейфуллин көшелерінің жағында реновация жобасы бойынша жеке үйлер сүрілмек. Сол арқылы тоғайдың бір бөлігін әлдекімдер иемденіп ала ма деп алаңдаймыз. Мүмкін, бұл біздің болжамымыз ғана шығар. Бірақ неге бұл табиғи ескерткіш, ерекше қорғалатын аймақты саябаққа айналдырмақ? Неліктен? Меніңше, бұл реновация жобасын жүзеге асыру үшін жасалып отыр. Ол үшін демалыс аймақтары, саябақтар мен скверлер қажет қой. Ал бұл маңда ондай аймақтар мүлде жоқ. Сол себепті, көпқабатты үйлер салу жоспары бар болса, Баум тоғайын саябаққа айналдыру сол мақсаттың бөлігі болып шығады», – дейді Салтанат Тәшімова.

«Жас Алаш» тоғай ішін аралап, кесілген ағаштарды көрді. Бірнеше ағаш түбінен араланған, тағы бірнешеуі құлап жатыр. Қызылмен белгіленген бірнеше ағашты да көзіміз шалды. Бәлкім, оларды да кесуге дайындап, кейіннен дау басталып кетіп, үлгермей қалған шығар деп ойладық. Жартылай кесіліп, жартысы сынып жатқан ағаштар да бар. Бір қызығы, соншама ағашты отап жатқанда жақын маңдағы тоғай күзетшілері араның даусын естімепті. Салтанат Тәшімова тоғайды аралап жүріп, футбол алаңын, балалар ойын алаңы болған жерлерді көрсетті. Қазір бәрін бұзып тастаған. Орнына шеңбер тәрізді бірнеше бетоннан құйылған іргетастарды байқадық. Олардың не үшін салынып жатқаны әзірге белгісіз.

Тұрғындардың пікірін елемеу – қылмыс
Баум тоғайы – Алматының ең құнды табиғи аймақтарының бірі. Оның тарихы ХІХ ғасырдың соңында, Жетісу өңірінде орман шаруашылығын жолға қою мақсатында неміс ғалымы-агроном Эдуард Баумның бастамасымен басталған. Эдуард Баум 1890 жылдары Алматыда орман өсіру тәжірибесін жүргізіп, Іле өзенінен соғатын аңызақ желдер мен құм көшкіндерінен қаланы қорғау үшін жасыл белдеу отырғызу идеясын ұсынған. Осылайша Сейфуллин мен Сүйінбай даңғылдарының аралығындағы кең аумақта жасанды тоғай қалыптаса бастаған.
XX ғасырдың басында Баум тоғайы Алматының микроклиматын қалыптастыратын, ауаны тазартып, көлеңке мен ылғалдылық беретін басты табиғи сүзгіге айналды. Мұнда емен, жөке, қарағаш, терек, үйеңкі және қарағаштың сирек түрлері өсіп, көптеген құс пен ұсақ жануарлар мекен етеді. Кеңес дәуірінде тоғай «Ботаникалық-экологиялық маңызы бар аймақ» ретінде ресми қорғалатын аумақ санатына енгізілді. 1990 жылдары қала өскен сайын тоғай тарыла бастады, бірақ табиғат жанашырларының арқасында ол «мемлекеттік табиғи ескерткіш» мәртебесін иеленді. Қазіргі таңда оның жалпы аумағы 137 гектардан асады. Тоғай ішін аралап келе жатып оның қандай үлкен екенін де сезесіз. Баум жабайы табиғатының арқасында қалаға көрік беріп тұр.
«Мұның бәрі кейін бұл жерге коммерциялық нысандар орнату үшін жасалып жатыр. Соның дәлелі ретінде қуатты электр кабельдерінің тартылып жатқанын байқадық. Біз мұндай «жақсылық жасау» тәсіліне түбегейлі қарсымыз! Бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі деген нәрсе бар ғой, ал Bazis-A корпорациясы миллиондаған теңге бөліп, тұрғындарға «жақсылық жасаймыз» деп отыр. Бірақ бұл – адамдар қаламайтын «жақсылық». Оған қала халқы түгел қарсы. Мұндағы жергілікті тұрғындар, бастамашы топ түгелдей қарсылық білдіріп отыр, алайда бізге күшпен «жақсылық» жасап жатыр. Бұл не нәрсе өзі?! Тұрғындардың пікірін елемеу – қылмыс», – дейді белсенділер.

Қоғам өкілдері жобаның қағаз нұсқасымен танысқысы келген, бірақ ол үшін оларға Шымкент қаласына, Добролюбов көшесі, 6А мекенжайына бару керек деп айтылған. Яғни, Алматы тұрғындары өз қаласындағы жобамен танысу үшін басқа қалаға баруға тиіс. Тәшімованың айтуынша, жобаны толық көлемде ешкім көрсетпеген – тек қысқаша үзінділерін ғана берген. Белсенділер мұны да заңбұзушылық деп санайды.
«Олар үнемі «біз бәрін көрсеттік» дейді, бірақ іс жүзінде бұл тек жобаның шағын бөлігі ғана болып шығады. Немесе сапасыз етіп береді, тіпті ештеңе көрінбейді. Бізге мұнда қанша балалар алаңы, қанша спорт алаңы салынатыны, олардың нақты саны туралы ешкім ештеңе айтпайды. Ал іс жүзінде құрылыс барысында жаңа алаңдар пайда болып жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз».
Әкімдік не дейді?
«Жас Алаш» Баумдағы дауға байланысты әкімдікке бірнеше сауал жолдады. Қалалық әкімдік бізді тоғайда құрылыс жүргізіп жатқан компания өкілдеріне сілтеді. «СК Барлас» компаниясының мердігері Ербол Тураисов Баумда ешқандай тұрғын үй салынбайтынын мәлімдеді. Тоғайдағы құрылыс жұмыстары тек қала тұрғындарының жайлы демалып, жақсы серуендеуі үшін қажет жұмыстар екенін айтады.

«Қазіргі сәтте біздің құрылыс жобамызда ол жерге үй салу жоспарда жоқ. Тұрғындарға қажетті балалар алаңдарын, спорт алаңдарын салу сияқты жұмыстар жүріп жатыр. Жаяу жүргіншілер жолын таспен қайта жөндеп жатырмыз. Ал «тұрғын-үй кешенін салу немесе соған дайындық жүріп жатыр» деген жалған. Ағаштардың кесілуіне келетін болсақ, жұмыс барысында кейбір ағаштарға байқаусызда зақым келтіргеніміз рас. Оған айыппұл салынды. Ал қазіргі ағаш кесу ісіне қатысты қылмыстық іс қозғалған, онымен полиция айналысып жатыр», – дейді компания өкілі.
Тоқаев «егіңдер» дейді...
Алматы көркімен ғана емес, лас ауасымен де әйгілі. Ауа сапасы ең нашар қалалар арасында ол төртінші орында. Кейінгі жылдары мегаполис атмосферасына жылына шамамен 240 мың тонна зиянды қалдық тарайды. Қала аспанын тұмшалап тұрған лас ауа тұрғындардың денсаулығына тікелей қауіп. Осындай жағдайда табиғи сүзгі қызметін атқарып, Алматының өкпесіне айналған тоғай ағаштарын әлдекімдердің кесуін тұрғындар түсінбей отыр. Әр ағаш қаладағы мыңдаған көліктің шығарған түтінін сіңіріп, шаң мен газды тежейді. Әрбір жапырақ – тіршілік кепілі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасыл Қазақстан» бастамасын жариялап, әкімдерге ағаш егу мен табиғатты қорғауды міндеттеді. Алматы осы ұлттық саясаттың «витринасы» ретінде «Жасыл Алматы» жол картасын қабылдады. Ал биыл әкімдік «Жасыл Алматы» атты коммуналдық мемлекеттік мекемесін құрды. Қала билігінің өз есебіне сүйенсек, биыл күзде мегаполисте 53 мың көшет отырғызылу жоспарланыпты. Былтыр Досаев қала әкімі кезінде қалаға «Бақ қала» мәртебесі қайтарылатынын мәлімдеді. Сол кезде де 2030 жылға дейін мегаполисте 2,5 миллионға жуық ағаш пен бұта отырғызу көзделген, жыл сайын орта есеппен 320 мың түп жасыл желек егу жоспарланған. Президентке 2021 жылы Алматыда үш жыл ішінде 1 млн көшет отырғызу жоспары баяндалған, бұл да «жасыл астана» идеясын күшейтіп көрсетті. 2022 жылдан бері қала әкімдігі «кейінгі үш жылда 1 млн-нан астам ағаш отырғыздық» деп есеп беріп келеді. Бірақ қаладағы кей жерлерде ағаш кесіліп жатқаны туралы айтып, тұрғындар наразылық білдіріп жатады. Мысалы, былтыр Момышұлы көшесінде ағаш кесіліп жатқанына қалалықтар наразылық білдірді, Сайран маңында да сол жағдай қайталанды. Биыл да емхана салу кезінде сирек кездесетін ағаштарды кесіп тастаған компанияға қатысты сот өтті. Мұндай бірнеше мысалды келтіре беруге болады. Бір сөзбен айтқанда, Тоқаев «егіңдер» дейді, ал Алматыда, керісінше, ағаш кесіліп жатыр.
Тұрсынбек БАШАР