Бауыржан Байбек «Nur Otan» праймеризінің алғашқы күнгі қорытындысын айтты

18.08.2020, 17:35

4


Кеше елімізде «Nur Otan» праймеризі басталды. Кандидаттарды тіркеудің алғашқы күні 1000-нан астам адам өтініш берді. Олардың – 336-сы әйел, оның ішінде 20 көпбалалы ана, 35 жасқа дейінгі – 228 жас, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар – 8 азамат. Бастауыш партия ұйымдарынан 322 адам ұсынылса, 717 кандидат өзін-өзі ұсынды. Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен праймериз тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кешегі үндеуінде атап өткендей, партия өз ісінің шеберлерін, ел тағдырына алаңдайтын тұлғаларды, шешім қабылдай алатын және конструктивті ұсыныстар жасай алатын жаңа азаматтарды билікке ұсынатын қайнар көз болуы тиіс. 
Партияішілік сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне партия тарапынан қажетті жағдай жасалған. Бастысы – айқындық пен тазалықты, барлық қатысушыларға тең мүмкіндік пен бәсекелестікті қамтамасыз ету. 

Партия Лидері азаматтарды толғандырып жүрген көкейтесті мәселелердің өзара сенім мен сыйластық аясында көтерілетініне сенім білдірді. Көтерілген мәселелерді партия бақылауға алуы тиіс. Әрбір ауданның, қаланың, облыстың сайлауалды бағдарламасына енгізу үшін барлық шешімді бюджеттің мүмкіндіктерімен үйлестіре қарастыру қажет.


Еліміздің алдында пандемиядан кейін экономикалық өсімді қалпына келтіру, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнестің жұмысын жандандыру міндеттері тұр. Сонымен бірге пандемиямен күрес мәселелерін талдап, оның екінші толқыны орын алуы мүмкін жағдайға дайындалу қажет. Мұның барлығы партияның сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, нұротандықтардың алдағы 5 жылда атқаратын іс-әрекеттеріне бағыт-бағдар болады. 

Тағы да барлық партиялықтар мен «Nur Otan» жақтастарын елдегі аса маңызды саяси додаға белсенді қатысуға шақырамын!»,- деп жазды Бауыржан Байбек.

Праймеризге қатысу үшін өтінішті primaries.kz/ сайтында «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн жолдауға немесе аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өтініш беруге болады. Кандидаттарды ұсыну және тіркеу 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасады.

Партия құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат үміткер бола алады. Ол үшін праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін «Nur Otan»-ның қатарына қосылу керек

Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау.

Сонымен, кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамыздан басталып, 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасады. Үміткерлерге үгіт-насихат жұмыстарына дайындалу үшін 7 күн беріледі — 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін.

7 қыркүйектен 3 қазанға дейін аралықта кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын, оның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өтеді. Пікірсайыстар «Праймериз» арнайы ақпараттық жүйесі арқылы өтіп, партияның ресми аккаунттарында таратылады.

1 қазан (00-00) мен 3 қазан (14.00) аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс беруді өткізу жоспарланып отыр.

Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернет жоқ елді мекендерде осындай сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады.

Үміткерлердің рейтингі көрсетілген праймериз нәтижелері 5 қазанда жарияланады.

Праймериз өткізу, сондай-ақ кандидаттарға ұйымдастырушылық және құқықтық қолдау мәселелері бойынша «Nur Otan» партиясы 8 (800) 080 4441 арнайы жедел желіні іске қосты.
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43